• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Қыркүйек, 2024

Деректер базасын интеграциялаумен іс біте ме?

114 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру медицинада кеше, бүгін айтылып, іске аса бастаған бағыт емес. Осыған дейін талай тәжірибе пысықталды, енгізілді. Мемлекеттік болсын, мейлі жеке болсын ақпараттық жүйелер жетіп-артылады. Бірақ соның өзі саланы дұрыс басқарып, бақылауға, медициналық көмектің сапасын арттыруға жеткіліксіз болып тұр. Пациенттер тиісті медициналық көмекті дер кезінде алмаса, дәрігерге қаралу үшін емханаға жүз барса, сапасына көңілі толмаса медицинаны тиімді деп айтуға келе ме?

Бөлінген қаржының тиімділігі байқалмайды

Денсаулық сақтау саласындағы цифр­ландыру әріден басталады. Осыдан ша­мамен 11 жыл бұрын «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдар­ламасының ережелерін назарға ала отырып, электронды денсаулық сақтауды дамытудың 2013-2020 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы бекітілген еді. Тұжырымдаманың ғұмыры баянды болып, «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дарламасында қолдау тапты. Беріде денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жалғасты. Медициналық ұйымдарды қағазбастылықтан арылтуға көңіл бөлінді. Цифрландыруға, салаға жасанды интеллектіні енгізуге Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де араласты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін цифр­ландыруды, деректер базасын интеграциялауды осыған дейін жауапты ми­нистрлікке ескертіп, тапсырма берген еді. Биылғы Жолдауда Президент тағы да ақпараттың бірыңғай дерекқорын құру, салаға бөлінген қаражаттың тиімділігін арттыру мәселесін атап өтті.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсау­лық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жекеменшік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақ­тау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ оның нәти­жесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медицина­лық сақтандыру жүйесіне қатысушы­лар арасында міндеттердің дұрыс бөлін­беуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепіл­дік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес», деді Президент.

Мемлекет басшысы біріне-бірі бай­ланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бір­ыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасауды ұсынды. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мем­лекеттік тапсырыс алатын медицина меке­мелерінің бәріне толық бақылау жа­салуын және мәліметтердің шынайы бо­луын қамтамасыз етуі қажет. Пре­зидент Үкіметке осы мәселені реттеуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұ­мыстың барысы жөнінде өзіне және депутаттық корпусқа есеп беруді тапсырды. Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев білікті медицина мамандарының тапшы­лығына, медицинадағы білім сапасына, мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктеріне қатысты түйткілдерді де атады. Бірақ ол – бөлек тақырып.

 

Үнемдеудің қандай жолы бар?

Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовке тақырыпқа қатысты сауал қойғанымызда, ол цифрлан­дыру ар­қылы саладағы барлық мәселе ше­шіл­­месе де, бірқатары реттелетінін алға тартты.

– Салаға цифрландыру керек деп ж­атырмыз. Бірыңғай мемлекеттік меди­циналық ақпарат жүйесі меди­цинадағы бүкіл кемшіліктің орнын толтырмайды. Бірақ сол арқылы қаражаттың нысана­лы, яғни дәл сол емшараға, дәл сол па­циентке жұмсалғанын көріп, біле ала­мыз. Бәрінің сұрауы болады. Қазір­ де меди­цинаға аз қаржы қаралып жат­қан жоқ. Келер жылы да бюджет қысқар­май­ды. Бірақ соның тиімділігі төмен болып тұр. Енді қаражатты тиімсіз қа­рас­тырылған бағыттардан алу керек. Дәрі-дәрмектің бағасы бойынша дұрыс саясат жүргізу қажет. Қажеті шамалы зерттеулерді азайтуға болады. Сондай-ақ министрліктегі керексіз өзге шығындар азайғаны жөн. Мысалы, бір медициналық талдаудың өзін бірнеше рет тапсыратын сәттер болады. Қарап отырсақ, ол да шығын. Дәрігерге барған уақыт­та бір, порталға тіркелгенде екі, кейін ауруханаға барып жатқанда үшінші мәрте анализ тапсырамыз. Бұл айналып келгенде шығын. Үнемдеу арқылы жарты триллионға дейін ақша табуға болады. Оның еш қиындығы жоқ. Егер ақша жетпейді десе, ақша табудың жолдары өте көп. Біз тиімділікті арттырудың орнына, ауыр дертке шалдыққан науқастардың емінен қаражатты жырып жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігі қаражат жетпейді десе, онда қаражат көзін басқа жолмен іздеуі керек. Бірінші кезекте өздерінің хаттамаларын қайта қарағаны жөн. Қазір салада қаражат кеміген жоқ. Алайда отандастардың 67 пайызы көр­сетіліп жатқан медициналық көмекке қанағаттанбайды. Салаға деп бөлінген қаражат өседі, бірақ сапаға көңіл толмайды. Егер жұмысты дұрыс жолға қойса, бір арнаға түсірсе, онда біраз мәселені рет­теуге болады, – дейді А.Аймағамбетов.

                                        

Медициналық көмектің пакетіне өзгеріс енеді

Мемлекет басшысы айтқандай, са­лаға бюджеттен, МӘМС-тен, яғни тұрғын­дардың жарнасынан түскен қаражат тиім­ділігін көрсетіп отырған жоқ. Еміне шипа іздеген науқастардың арасында мемлекет кепілдік берген қызметті ақылы негізде алу фактілері анықталып тұрады. Содан соң пациенттер апталап күтетін кезек, бір маманнан екінші маманға сабылу сынды кедергілермен бетпе-бет келіп жүр. Дәрігерлердің біліктілігіне, медицина мамандарының артық жүктеме­сіне қатысты да түйткілдер бар. Сайып келгенде, медициналық көмек сапасы көңіл көншітпей тұр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі телеарналардың біріне берген сұхбатында медициналық көмектің сапасына қатысты түйткілдерге тоқталған еді.

«Денсаулық сақтау саласына МӘМС жүйесінің енгізілгеніне 4 жыл болды. Бұл қадам салаға қосымша қаражат алып келді. Кейінгі үш жылда қаржыландыру көлемі 2,5 есе өсті. Сәйкесінше, көрсетілген медициналық қызметтердің де саны артты. Небір емі күрделі ауруларға жоғары технологиялық операциялар тегін жасалды. Медициналық көмектің сапасына, қолжетімдігіне қатысты мәселелер барын білеміз. Медицинада қаражат та бар. Бірақ оның тиімділігі біз күткендей болмады. Тұрғындар қазір осыны сезініп отыр. Президент 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында медициналық көмек пакетін қайта қарау бойынша тапсырма жүктеген еді. Соның негізінде министрлік медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қоса, МӘМС пакетінде көрсетілетін қызметтер тізімін әзірледі. Мұның ішінде әлеуметтік ма­ңызы бар ауруға шалдыққандар анық­талса, оған сақтандыру пакетіне қара­мастан, медициналық көмек көрсе­тіле береді. Сондай-ақ қазір біз онкология­лық ауруларға скринингтерді МӘМС паке­­тінен алып, мемлекет кепілдік берген ме­­ди­циналық көмектің тізімі­не қосу­­ды ойластырып жатырмыз. Басты мақса­тымыз – бюджеттен қаралған және сақтан­дырылған азаматтардың есебінен түскен қаражаттың тиімділігін арттыру болып тұр», деді А. Әлназарова.

 

Жалған құжат толтыратындарға жаза қатал

Бүгінде медициналық көмектің сапасына, көрсетілген қызметтің растығына қатысты мониторинг жүргізіледі. Өкі­нішке қарай, сол мониторинг жалпы көр­сетіліп жатқан медцициналық кө­мек­тің 10 пайыздан астамын ғана қам­ти­тын көрінеді. Демек емшаралар бойынша жалған құжат толтыру фактісі ресми ұсынылған статистикадан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бүгінде дәл осындай жал­ған құжат толтыру бойынша 46 мың­ға жуық заң бұзушылық анықталыпты. Алайда осы күнге дейін жалған жазба ар­қылы шығын келтірген медициналық мекемелер жазадан оңай құтылып келген. Енді министрлік мұндай берекесіздікке жол бермеуді көздеп отыр.

«Жалған құжат толтырумен айналыс­қан медициналық ұйымдар осы күнге дейін қатаң жазаланбады. Тек біррет­тік айыппұлмен құтылатын. Енді біз қыр­күйектен жалған жазбаларға қатысы бар деген медициналық ұйымдарды тың­ғылықты тексере бастадық. Ол ұйым­дардың тізімі бар. Біз енді қатаң шара қабылдауға көшіп, өрескел заң бұзған ұйымдардың лицензиясын кері қайырып, істі құқық қорғау органдарына тапсыру жағын да қарастырамыз. Тек айыппұл­мен шектелмейміз. 2025 жылдан бас­тап мұндай мекемелердің қызмет көрсетуі­не рұқсат берілмеуі керек деген мәсе­лені де ойластырып жатырмыз. Жыл соңына дейін қатаң тексеру жүргіземіз. Талапты қатаңдатамыз. Жалған құжат толтырудың жолын кесуге цифрлық технологиялар септеседі. Бүгінде Астана қаласындағы республикалық емхана базасында науқастарға медициналық қыз­меттерді көрсету фактісін растайтын Face-ID бойынша қанатқақты жобаны бастадық. Жоба аясында науқастар Face-ID және веб-камера көмегімен жеке басының сәйкестігін нақтылайды. Жыл соңына дейін біз қанатқақты жобаны Астана қаласы бойынша іске асырсақ, қаңтардан бастап ауқымын кеңейтіп, оны бүкіл республика бойынша таратуды жоспарлап отырмыз. Жалған құжат толтыру фактісін осылай жоямыз», дейді министр.

 

Бірыңғай жүйе біраз шаруаны реттейді

Бүгінде Денсаулық сақтау саласында министрліктің өзінде 17-ден астам ақ­параттық жүйе бар болса, осыған жеке­мен­шік ақпараттық жүйелерді қос­сақ, тіпті көп. Олардың басым бөлігі инте­­­гра­цияланбаған. Деректер базасы ин­те­г­рацияланса, медициналық қызметтер­­ді көрсету фактісін растайтын Face-ID бар­­ша медициналық ұйымға енгізілсе, жал­­ған құжат толтыру фактілерін анықтауға ­болатынын айттық. Осылайша, медици­на­лық көмекке қарастырылған қаражат ныса­на­­лы, мақсатты жұмсалады. Қаржы үнемде­­леді. Ол қаражат саланың басқа да ақсап тұр­­ған бағыттарына жетіп жатса, құба-құп. Медициналық көмек­тің қолжетімдігі артады. Цифрлан­дыру арқылы дәрігерлер­дің де уақы­тын үнемдеуге мүмкіндік туады. Өйт­кені қазір кейбір жағдайлар­да дәр­ігер бір ғана пациентке медицина­лық көмек көрсету үшін шамамен жарты сағат уақыт жұмсауға мәжбүр. Мұн­да дәрі­гердің уақыты түрлі ақпарат­тық жүйелерде деректерді толтырумен-ақ өтіп кететін сәттер кездеседі. Министр­лік осы туралы да қаперге алып, жағдай­ды реттеу үшін мемлекеттік органдармен қатар, жекеменшік ұйымдар­мен жұмыс істеуге кіріскен. Яғни Денсау­лық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін коммерциялық медицина­лық ұйымдардың ақпараттық жүйелері­мен интеграциялау ісі жолға қойылды. Одан бөлек, министрліктің ішкі ақпарат­­тық жүйелері де интеграцияланады. Есе­сіне, пациенттерге көрсетілетін меди­ци­на­лық көмектің ашықтығы сақталады. ­Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру­­дың ­шарапаты тұралаған бір ғана емес, бір­неше бағытты ілгерілетуі керек. Меди­­ци­налық көмектің қолжетімдігін арт­ты­рып, сапасын жақсартуға серпін беруге тиіс. Деректер базасын интеграциялау­­­­мен саладағы мәселелер түбегейлі ­ш­е­шіл­месе де, ширайтын тәрізді. Ендігі кез­­де электронды үкіметті дамыту бойын­­­ша әлемдік рейтингте 24-орын алып отыр­­­ған елге бірыңғай мемлекеттік медици­на­­­лық ақпарат жүйесін кейінге қалдыра ­­беру жарамайды.