• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қазан, 2024

Қосарланған құрылымдар қысқартылмай ма?

89 рет
көрсетілді

Жақында Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) отырысында мемлекеттік аудит жүйесінде реформа жүргізу мәселесі қаралды. Негізгі өзгеріс – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап өңірлік тексеру комиссиялары таратылып, ЖАП-тың аумақтық департаменттері құрылатыны.

«Бұл мүдделер қақтығысын болдырмауға мүмкіндік береді. Себебі бүгінде тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады. Ал бұл жүргізілетін аудиттердің объективтілігіне әсер етуі мүм­кін. Бұл ретте жергілікті өзін-өзі басқарудың маңызды рөлі сақталып қалады. Мәселен, мәс­л­ихат депутаттары Жоғары ауди­торлық палатаның тиісті аумақ­тық департаменті басшы­лығының екі өкілін тағайындай алады. Олар жергілікті бюд­жет­тің атқарылуы жөніндегі қоры­тын­дыны және өңірдің өзекті проб­лемалары бойынша аудит­ қорытындыларын тыңдауға, аудит­ жүргізудің жыл сайын­ғы жоспарына өз ұсыныстарын енгізуге құқылы. Жалпы, Жо­ғары аудиторлық палатаның өңірлік департаменттері­нің мәслихаттармен өзара іс-қимылын «Жоғары аудиторлық палата – Парламент» моделі арқылы құру жоспарланды. Сондай-ақ мемлекеттік аудитор біліктілігін алуға үміткер кандидаттарды бірыңғай емтиханнан өткізуді ЖАП құзыре­тіне беру көзделіп отыр. Бұл мемлекеттік аудит органдары­ның кадрлық әлеуетін артты­руға мүмкіндік береді», делінген ЖАП порталындағы баспасөз баянында.

ЖАП төрағасы Әлихан Смайы­лов Мемлекет басшысы мем­­лекеттік аудит жүйесін ре­фор­­малау туралы бастамаға қол­дау білдіргенін, бұл оның тиім­­ділігін едәуір арттыруға мүм­кін­дік беретінін мәлімдеді. Қазір мемлекеттік аудит реформасын іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленіп, туындаған заңнамалық, ұйымдастырушылық мәселелерді шешу қолға алынған.

Әділі керек, осы проблеманы бұдан бірнеше жыл бұрын алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары көтер­ген еді. Мәжілісмендер өңірлік мәсли­хаттардың жанындағы Тек­се­ру комиссиялары мен Қар­жы министрлігіне қарасты аумақ­­­тық Ішкі мемлекеттік аудит депар­таменттері бір-бірі­нің қыз­ме­тін қайталайтын қосар­лан­ған құрылымдар екенін сынап, олар­ды оңтайландыруды ұсынған еді.

ЖАП-тың өңірлік Тексеру комиссияларын өз қарамағына алуы оларға қойылып отырған талапты күшейтіп, қаржы саласында тәртіп орнатуға ықпалын тигізетіні. Ал бұдан мемлекет қазынасы ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Сондықтан мемлекет­тік аудит жүйесінің реформасы – Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жетілдіріп, тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес екені сөзсіз. Әйтсе де алдағы уақытта екі орталық мемлекеттік органның өңірлердің қаржы саласында заңнаманың сақта­луын бақылайтын құры­лым­дары – ЖАП-тың аумақтық департаменті және Қаржы министр­лігінің аумақтық ішкі мемле­кеттік аудит департаменті қатар қызмет атқаратыны ойландырмай қоймайды.

Президенттің 2019 жылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қыз­метшілер саны 2021 жылы 15 па­йызға қысқартылғаны мәлім. Бірақ «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, бірқатар салада министрліктер мен өңірлік әкімдіктердің қызмет бабында бір-бірімен жағаласып жүре­тін шенеуніктері әлі де аз емес. Осы орайда қоғамда орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік биліктің бір тармағы, яғни біртұтас атқарушы билік болып саналатынына қарамастан, министрліктердің көпшілігі өздерінің аумақтық департаменттерін құрып, оларға бақылау-қадағалау функцияла­рын бергені, ал олар өңірлік бас­қармалардың қызметін қайта­лайтыны сыналып жүр. Мысалы, облыстық әкімдіктердің Ауыл шаруашылығы, Ветери­нария, Жер қатынастары және Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармалары бар бол­ғандықтан, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің аумақтық инспекцияларының қаншалықты қажеті бар? Егер аталған аумақ­тық инспек­ция­лардың қызметі тиімді болса, онда олар осыған дейін шаруалардың жанайқайын шығарып келген субсидия бөлу ісінде неге тәртіп орнатпаған?

Облыстық әкімдіктердің Табиғи ресурстар және табиғат­ты пай­далануды реттеу басқар­ма­лары мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары да бірін-бірі қайталайтын қызметтерді атқарады деген сын айтылып жүр.

Облыстық әкімдіктердің Білім бас­қармалары барда Оқу-ағар­ту министрлігінің өңір­лердегі Білім саласындағы бақылау департаменттерінің қандай қажеттілігі бар? Олар еліміздегі білім беру деңгейін көтеруге үлес қосып жарытты ма? Айталық, жергілікті мектептерді аттестаттау олар беретін білім сапасын арттыра алды ма? Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы Білім саласындағы бақылау депар­таменттерінің бұрынғы директорлары білім беру ұйымдарының басшыларынан пара алу кезінде ұсталып, сотталғандығынан сабақ алынды ма? Шынтуайтында, кейінгі жылдары білім саласында болып жатқан оң өзгеріс­тер­ге мектептерді аттестаттау мен әртүрлі тексеру арқылы емес, «Педагог мәртебесі тура­лы» заңды қабылдау және педа­гогтердің жалақысын кө­бейту сияқты жүйелік шараларды қол­дану арқылы ғана жол ашылғаны сөзсіз.

Облыстық әкімдіктердің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармалары аздай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық департаменттерін құру қандай қажеттіліктен туындаған?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеуге басымдық беріп отырған Үкімет мемлекеттік органдарды одан әрі оңтайландыру мәселесіне тағы бір назар аударып, тиісті талдау жүргізіп көрсе, артық болмас еді.