• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Банк 03 Қазан, 2024

«Таңдаулылар банкі» талапқа мойынсұнбай тұр

160 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына ел экономикасының көлемін 2029 жылға қарай екі есе ұлғайту міндетін қойып, әсіресе өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруді тапсырғаны мәлім. Президенттің айтуынша, нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатыр. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Экономикаға несие беруді белсенді жүзеге асыруға тиіс болған «Қазақстанның Даму банкі» үркердей топтың үлесін басым етіп отырған секілді.

Әрине, мұндай ахуалдың іскерлік орта бел­сенділігіне, экономикалық тұрақтылыққа ке­дергі келтіретіні белгілі. Бізде өңдеу өнер­кәсібін қаржыландыратын негізгі қаржы ұйымдары – «Қазақстанның Даму банкі» (ҚДБ) мен оның еншілес ұйымы – «Өнеркәсіпті дамыту қоры». Мемлекет басшысы 2022 жылы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отыры­­сын­да сөйлеген сөзінде аталған банк хақында: «Қазақстанның Даму банкі» қаржы-өнер­кәсіп­тік және құрылыс топтарынан өкіл­дік ететін таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне айналды. Бәрінің аты-жөнін білеміз. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдала­нып, олар өз жобаларын іске асыруда артық­шы­лық алып отыр. Бұл жобаларға кеткен мем­лекеттің қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болатын еді. Үкіметке «Қазақ­стан­ның Даму банкінің» қызметін қайта құру­ды тап­сырамын. Мемлекеттік қолдау шара­­­ла­рын ұсыну үдерістері ашық емес әрі тиімсіз бо­лып отыр. 

Бұл тәсілдерді түбегейлі қайта қарау керек. Бұл түсінікті әрі ашық тетіктер болуы қажет. Өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн», деген болатын.

Президент сынынан кейін ҚДБ басшылығы ауысты. Бірақ жалғыз акционері «Бәйтерек» ұлттық бас­қа­рушы холдингі болып отырған мем­ле­кеттік қаржы ұйымының қызме­тін­де түбегейлі өзгеріс жасалды деу қиын. Бұған Жоғары аудиторлық пала­таның (ЖАП) биыл ҚДБ-ның өңдеу өнеркәсібінің жобаларын қаржыландыруына жүргізген ауди­тінің қорытындысы айғақ. ЖАП мәліметіне қарағанда, ҚДБ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2019-2023 жылдары 2,4 трлн теңгеге, негізінен, металлургия мен тамақ өнеркәсібіне, машина жасауға, резеңке мен пластмасса бұйымдарын өндіруге арналған салалық жобаларды қаржыландырған. Алайда экологиялық, иннова­ция­лық жүктемесі бар жобаларды қар­жыландыру үлесі төмен. Сондай-ақ дайын өнімдер, жеңіл және фар­ма­цевтикалық өнеркәсіп сияқты басым­дық­қа ие бағыттар қаржылық қолдау алмаған.

Оның үстіне, жеңілдікті несиенің түпкі алушыларға жетуі ұзаққа созылған. Тіпті Үкімет резервінен шұғыл іс-шараға бөлінген қара­жатты да кешіктіріп пайдалануға жол берілген. ЖАП төрағасы Әлихан Смайыловтың пікірінше, жобаларды жеңілдікті қаржыландыру сапалы дайындық жұмысы есебінен бірнеше есе жылдам жүзеге асырылуға тиіс. Ол үшін жобаларды қаражат бөлінгенге дейін алдын ала қарау қажет. Өкініш­ке қарай, квазимемлекеттік компаниялардың басшылары ел қазынасынан экономикаға инвестиция салуға, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға бөлінген қыруар қаржыны жедел үлестірудің орнына, депозиттік шоттарда сақтап пайда табуды жөн көреді екен. Бұған қоса, ҚДБ экспорттаушылардың ұқсас бағдарламаларын әртүрлі сыйақы мөлшерлемесімен қаржыландырған. Жекелеген қарыз алушыларға несие белгіленген шектен 1-2,5 пайыз төмен мөлшерлемемен берілген. Мемлекеттік бюджет есебінен жасалған мұндай күмәнді «қайырымдылықты» мүлдем тыятын кез жеткен болар.

Мемлекеттік аудиторларды ерек­ше қайран қалдырған жайт – Мемлекет басшысы айтқан өткір сынға қара­мастан, ҚДБ «контрагенттердің айрықша тобы» деп аталатын ірі бизнес өкілдерін басымдықпен қаржылай қолдауды одан әрі жалғастырып отыр­ғандығы. Осы қаржы ұйымының кейінгі бес жылдағы несие, лизинг және инвестициялық портфельдерінің жартысы сол, айрықша артықшылық берілген топқа тиесілі болып шықты. Бұл ҚДБ-ның әлі күнге «таңдаулы тұлғалар тобының жеке банкі» іспетті екендігін көрсетеді әрі жеңілдікті несиеге тең қолжетімділік және оны әділ бөлу қағидатын көрінеу бұзу болып саналады дейді мемлекеттік аудиторлар.

«Апама жездем сай» демекші, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» да мем­ле­кеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз етуді ойлап онша «бас қатырмайтын» тәрізді. Шынтуайтында, бұл қордағы қаржыландырудың басым бағыты – айқын әлеуметтік-экономикалық әсері бар лизингтік келісімдер болуға тиіс. Соған қарамастан, жобаларды іріктеу барысында олардан күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерге бағалау жүргізілмейтіні анықталды. Тіпті мұндай бағалаудың әдістемесі де жасалмапты.

Сондай-ақ жеңілдікті несие өнімнің белгілі бір түрінің ғана экс­портын арттыру мақсатында беріл­се де, кез келген компанияның атқар­ған жұмысын бағалау кезінде оның барлық өнімі негізінде сыртқы экономикалық қызметінен түсетін жалпы табысы есепке алынады екен. Мұның өзі көзделген экспорттық тауарды өндірудің қажеті шамалы болатын жағдайды туындатады. Компаниялардың қарсы міндеттемелері олардың өздеріне ыңғайлы етіп жасалғаны соншалық, қарыз алушылардың экспортты ұлғайтуға ынтасы да жоқ. Салдарынан мемлекеттік қолдау көрсетілген кәсіпорындар экспортының үлесі 2020 жылдан бастап екі есе, яғни 9,1 па­йыздан 4,5 пайызға дейін төмендеген.

Тағы бір түйткіл – тәуекел деңгейі жоғары жобаларды қаржыландыруға жол берілгені. Осындай жобаларға қатысты өнім экспортының жос­парлары орындалмаған, төлемдер де кешіктірілген. Тіпті екеуіне эко­номикалық дефолт мәртебесін беруге тура келген. Тұтастай алғанда, мемлекеттік аудит нәтижесінде 1,2 млрд теңгенің қаржылық бұзу­шы­лығы тіркеліп, 25,9 млрд теңге тиімсіз жос­парланып, жұмсалғаны әшке­ре­лен­ген.

Жоғары аудиторлық палата «Қазақ­станның Даму банкінің» қыз­ме­­тіне жүргізген аудит барысында анықталған елеулі кемшілік Мемлекет басшы­сының осы мемлекеттік қаржы ұйымының қызметін қайта құру жөніндегі тапсырмасының орындалуы сын көтермейтінін айғақтап берді. Әлде «таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне» экономика саласындағы уәкі­летті орган – Ұлттық экономика министрлігінің талабы жүрмей ме?