Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасына қарасты Президенттік орталықта қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «VІІI Абай оқулары» жыл сайынғы әдеби байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ҒЗИ гуманитарлық ғылымдарды зерттеу бөлімінің басшысы Алтынай Асқарова, «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Шакен, ҚР Президенттік орталықтың қызметкерлері, байқауда бақ сынаған қатысушылар, мектеп мұғалімдері мен оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Серік Сыдықов қазақ классикалық жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының асыл мұрасына тоқталып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Абайдың шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады. Жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналған Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Міне сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», – деп ұлылардың артында қалдырған мұрасын қадірлеп, қастерлеуге шақырып отыр», деді С.Сыдықов.
Абайдың әдеби мұрасын насихаттау, Қазақстан жастарының оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыруды көздейтін байқауға биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық қатысушы өз жұмысын жолдаған. Солардың ішінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздіктер іріктелді.
Байқау қорытындысы бойынша төмендегідей номинация иегерлері анықталды: «Ең кішкентай қатысушы» – Жәнібек Тоқаев, «Көрермен көзайымы» – Абдурахман Иманғали, «Үздік арнау» – Нұрдос Игамбаев, «Қара сөзді қадірлеген» – Тоғжан Қуаныш, «Абай әні әлемде» – Сағыныш Назар, «Ұстаз өнегесі» – Қанат Садуақасова.
Дәстүрлі сайыста айналасынан ат оздырған жеңімпаздар:
ІІІ орын – Диана Бижанова
ІІІ орын – Алина Абзалова
ІІ орын – Альфинур Ермуратова
ІІ орын – Сымбат Сатыбалды
І орын – Айғаным Өміржан
Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.