Елдегі жалпыұлттық референдумның өту барысын халықаралық 4 ұйымның өкілдері де бақылады. Атап айтсақ, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес. Олар арнайы баспасөз мәслихатында референдум учаскелерінде ешқандай құқықбұзушылық тіркелмегенін мәлімдеді.
Байқаушылар миссиясына Шанхай ынтымақтастық ұйымының 13 байқаушысы аккредиттелген. Референдум қарсаңында шетелдік делегат дайындықты бағалау үшін Астана мен Ақмола облысында орналасқан бірқатар учаскелік референдум комиссияларына барған.
– Біз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Астанаға келдік және Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізуге дайындық барысына мониторинг жүргіздік. Халықаралық байқаушылардың шақырылуын Астананың референдумның барынша ашықтығын, демократиялығын қамтамасыз етуге ұмтылысы ретінде бағалаймыз. Жалпы құрамда сайлау, заң шығарушы органдардың өкілдері, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық қызметкерлері, сондай-ақ ШЫҰ хатшылығының лауазымды тұлғалары бар. ШЫҰ миссиясы – президенттік және парламенттік сайлауда, референдумдарда ШЫҰ байқаушылар миссиясы туралы ережені басшылыққа алып, Қазақстанның ұлттық заңнамаларына сәйкес, мемлекет ісін жаңартуда саяси бейтараптық, объективтілік және араласпау қағидатын сақтай отырып, өз функцияларын орындайды, – деді ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Олег Копылов.
Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында спикер дауыс беру үдерісін мониторингтеу, дауыс беруге дайындық пен өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
– Толыққанды ақпарат берілген. Жалпы, ешқандай шағым жоқ. Референдум азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысуымен және саналы таңдау жасауына барынша қолайлы жағдай жасауымен ашық атмосферада өтті. Республикалық референдум қолданыстағы заңнамаға, Қазақстанда қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкес болды, – деді миссия басшысы.
Өз кезегінде Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Антон Лопатин референдумға қатысқан дауыс берушілердің белсенділігін жоғары бағалады.
– 35 күнге созылған науқан кезінде барлық аумақтық сайлау комиссия мүшелері арнайы дайындықтан өтті. Референдумды өткізу бойынша заңнама толық орындалды. Таңертеңнен учаскелердегі дауыс берушілердің белсенділігін көрдік. Тіпті бір отбасы мүшелері келіп дауыс берді. Байқаушылардың да саны жеткілікті. Әр дауыс беру учаскесінде байқаушылардың көп болуы саяси маңызды іс-шараның ашықтығы мен заңдылығын байқатады. Орталық референдум комиссиясы кеше 14.00-ге дейін референдумға қатыса алатын дауыс берушілердің 50%-дан көбі дауыс берді деп отыр, – деді байқаушы.
Түркі мемлекеттерінің ұйымы байқаушылар миссиясы референдум күні кездейсоқ таңдалған 17 учаскеге барған. Бұл туралы миссия басшысы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров баспасөз мәслихатында айтып берді.
– Біз 17 учаскенің барлығында қажетті ақпарат, референдумға қатысты материалдар берілгенін көрдік. Сондай-ақ комиссия қатысушылары барлық іс-шараның ашықтығын қамтамасыз етуге жәрдемдесті. Біз мониторингке толық қол жеткізе алдық, осы уақытқа дейін референдум комиссияларының қызметіне әкімшілік немесе құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз араласу жағдайларын байқамадық. Миссия өз жұмысын күн соңына дейін жалғастырды. Сонымен қатар референдум учаскелерінің бірінде дауыстарды санау үдерісіне қатысты, – деді С.Джафаров.
Баспасөз мәслихатында АӨСШК бас хатшысының орынбасары Чжан Лин де миссия референдумның өткізілу барысына жіті бақылау жүргізіп, бірқатар учаскеде болғанын жеткізді. Халықаралық байқаушы ешқандай кедергілер болмағанын мәлімдеді.
– Азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысқанын, референдум комиссиясы қызметкерлерінің жоғары кәсібилігін атап өткіміз келеді. Біз дауыс беруге келушілердің саны көп екенін, әсіресе жастар қауымы басым болғанын аңғардық. Көпшілігі отбасымен, балаларымен бірге таңдау жасауға келген. Дауыс беруге барлық мүмкіндік қарастырылған. Әсіресе референдум учаскесінде туындаған сұрақтар бойынша түсіндірме жұмыстары жақсы ұйымдастырылғанын байқадық. Құжаттар, ақпараттық-түсіндіру тақталары, дауыс беру тәртібі жайлы мәліметтер ілінген. Ғимараттарда дауыс беру жәшігі, дауыс беру кабиналары орналасқан. Кіріп-шыққандарды бақылауға да жағдай жасалған. Яғни ашықтықты қамтамасыз ету үшін бейнекамералар орнатылған. Баса айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көру қабілеті нашар жандар үшін арнайы брайль шрифті бар, – деді Чжан Лин.
Миссия мүшесі референдум учаскелерінде аға буынның дауыс беруіне ерекше жағдай жасалғанын тілге тиек етті.
– Біз бір референдум учаскесінде дауыс беруге келген аға буынға естелікке кәдесыйлар бергенін көрдік. Дауыс беру жергілікті және халықаралық байқаушылар, сондай-ақ БАҚ-тың қатысуымен белгіленген тәртіпке сай еркін жүргізілді. Біздің бақылау жұмысымыз кезінде қандай да бір арыз-шағым, ескерту болған жоқ. Қазақстандағы АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум елдің алдын ала бекіткен талаптарына сай өткізілді деп санаймыз, – деді АӨСШК өкілі.
Жалпы, референдумды әлемнің 30 елінен 177 байқаушы қадағалады. Олар – Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігі, Франция, Ресей, Испания, Қытай, Беларусь, Грузия, Жапония сынды мемлекеттердің өкілдері. Сондай-ақ 14 елден келген 38 ақпарат агенттігінің 162 журналисі шараға тіркелген.