• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 10 Қазан, 2024

Суды заңсыз пайдаланған шаруа қожалықтары анықталды

90 рет
көрсетілді

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша ведомство су ресурстарын басқарудағы заң  бұзушылықтармен, судың «көлеңкелі» нарығымен және су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы күресті жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нәтижесінде, су ресурстарын заңсыз және тиімсіз пайдалану, мемлекеттік сатып алуға байланысты заң бұзушылықтар анықталған.

Алматы облысының Күрті ауданында шаруа қожалықтарының суармалы суды жергілікті «Қазсушар» филиалымен келісімшартқа отырмай пайдаланғандары анықталған. Атап айтқанда, 100 га егіс алқабын суару үшін суды заңсыз алған.

Сондай-ақ кейбір гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты каналда қосымша су шығыны белігілі болған. Яғни филиал басшылығының нысандардың техникалық жай-күйіне жеткіліксіз бақылау жүргізуіне байланысты су ресурстарын тиімсіз пайдалану және есебін жүргізу оқиғалары тіркелген.

Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуда заң бұзу фактілері де анықталған. Филиал заңды және ішкі нормативтік құжаттарды бұза отырып, бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы 7 келісімшарт жасасқан. Осыған дейін, 2023 жылғы шілдеде жалпы сомасы 17,5 млн теңгеге Сол жағалау магистральды каналының жер бөлігін механикалық тазалау қызметін көрсетуге осындай тәсілмен шарт жасалған. Демек заң бұзушылық жүйелі түрде қайталанған.

Сонымен қатар филиал директорының міндетін атқарушы жақын туыстарымен бірге жұмыс істеуге жол бермеу туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада белгіленген талапты сақтамаған.

Тексеріс қорытындысы бойынша анықталған құқық бұзушылықтардың жалпы сомасы шамамен 20 млн теңгені құраған.

«Анықталған заң бұзушылықтар бойынша материалдар тиісті уәкілетті органдарға жіберілді. 3 құқық бұзушылық фактісі бойынша филиал директорының міндетін атқарушы тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Айта кету керек, директордың м.а. осыған дейін де бірнеше мәрте ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылған», делінген хабарламада.

Облыстық филиалға кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілген.

Сонымен қатар «Қазсушардың» басқа да облыстардағы филиалдары тексерістен өтеді. Айта кетейік, судың «көлеңкелі» нарығымен тиімді күресу үшін министрлік жанынан су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөнінде жаңа Комитет құрылған.

Еске сала кетейік, осыған дейін Жоғары аудиторлық палата мен Су ресурстары және ирригация министрлігі бірлесіп жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша «Қазсушар» кәсіпорынының басшы лауазымындағы 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған еді. Ал Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті Жамбыл облысында суды заңсыз пайдаланудың 10 фактісін анықтаған. Бүгінгі таңда филиал басшысы қызметінен босатылған.