Роза Мұқанова есімі әдебиетсүйер қауымға кеңінен таныс. Сезімтал, сырлы, дара шығармалар иесімен әңгімелесіп, сыр сандығын ашуға ұмтылған едік.
– Роза апай, алғашқы шығармаңыз баспасөзде жарық көрген сәт есіңізде ме? Қандай көңіл күйде болдыңыз?
– Ең алғашқы әңгімелер жинағым шыққан кезде түсініксіз сезім болды. Фотосуретімді бірінші бетіне табақтай етіп шығарыпты, қатты ұялдым. Әуелі айтудың өзі қиын. Ешкімге көрсеткім келмей, жасыра қойдым. Біреу-міреу кітабымды көрсе қайтем деп, фотосуретімнен ұялып тұрғаным есімде.
– Бір сұхбатыңызда: «Адам бәрінен безініп, ақиқат жолын іздейтін, өзіне-өзі тыйым салып, өзін-өзі тұтқындайтын, есейіп, бәрінен бас тартатын кезеңі болады» дегеніңіз бар. Сіз осы бір шым-шытырық халге түскен кезіңіз қай тұс?
– Білмеймін... Менің сыртым көңілді, мейірімді... Ішім – көңілсіз, қатал, бәлкім мейірімсіз де... Бұл сонау бала кезден бергі халім, бәлкім жаратылысым. Осындай қатаң ұстаным, талабым болмаса шашылып қалған болар ма едім.
– Бірнеше жыл бұрын Мұхтар Әуезов драма театрынан «Фаризаны» тамашаладым. Ақынның сыртқы өмірінен гөрі жан құзарына терең үңілген туынды екенін ұғынып, әсер алдым. Фариза ақынмен жақын сырласқан шағыңыз есіңізде ме?
– Ол кісіге мен аса қатты жақындауға тырыспайтынмын, алшақтау жүретінмін. Фариза апай «Мәңгілік бала бейнені» қатты ұнатты, ол кезде Парламент депутаты еді. Спектакльге арнайы келіп, сахнаға көтеріліп, гүл ұсынғаны әлі есімде. «Шығармаң ұнады, бірақ бізді оңдырмапсың!» деді құлағыма сыбырлап. Мұнан кейін «Тұмар» журналына ақын Оңайгүл Тұржан арқылы бір шығармамды сұратып алды. Ұлы суретші С.Калмыков туралы «Сен» деген әңгімемді ұсындым. «Розаның мына әңгімесі – классика. Осы нөмірге сал!» депті. Біздің байланысымыз осындай дәстүрде жалғасын тауып жүрді. Менің «Мысықтар патшалығы» деген трагикомедиям «Тәуелсіз драматургия» аталымы бойынша Гран-при алды. Бірақ барлық театр бұл шығарманы қоюға жүрексінді ғой деймін, ысырылып қала берді. Сол шығарманы Фариза апай сұратып алып, оқып шықты. Үндемеді. Тек қайтыс боларының алдында ғана: «Сенің «Мысықтар патшалығыңды» ешкім қоймады ма?» деп сұрады. Жазылғанына жиырма жыл болғанын, енді қойылмайтынын айттым. Ол кісі телефонның әр жағында біраз үнсіз қалды. Ауырып жүрген кезі болатын.
– Қояды! – деді жұлып алғандай. – Тек тақырыбын өзгертсең болар еді...
– «Мяу...у...», деп пе дедім. Фариза апай күлді.
Апай ойда-жоқта телефон шалды, кешкі мезгіл еді. Мен Парламенттегі мемлекеттік қызметтен өз еркіммен кетіп, жұмыссыз қалғам. «Сені елге алып барсам, Бекет атаның басына барып қайтайық, Әбіш пен Клара да болады» – деді. Сөйтіп, алғаш рет Маңғыстауға табаным тиген. Бес күн жанында болдым, өмірімде Фариза ақынды жақыннан көргенім, танығаным, жан дүниесін ұққаным, құсалығын сезінгенім, жалғыздығын баққаным сол күндер шығар. Біз Каспий теңізінің жағасында ұзақ жүрдік. Апай Германиядан емделіп келген беті. Үнсіз тұрмыз. Қарт Каспий тереңнен демін ішке тартып, тұңғиығына жібермей, толқындарын құлаштап кері лақтырып жатты. Сол жолы асау да емес, жұмсақ та емес, күрсінген толқындарды жағада бірге естіп тұрдық. Қазір ойлаймын, ақын Фаризаның Каспийімен де, менімен де қоштасқан сәті ме екен деп...
– «Мәңгілік бала бейне», «Сарра», «Ешкім де кінәлі емес», «Фариза» сынды туындыларыңыз көрермен көңілінен жоғары орын алды. Ең алғашқы жүрек отын берген, пәк жалыныңыз төгілген, өзіңізге ыстық тартып тұратын шығармаңыз бар ма?
– Барлық шығармамның артық-кемі өзіме ғана белгілі. Мықты, кесек тұстары да – мен, әлсіз, нәзік иірімдері де – мен. Олар менен жаралған, менен басқа ешбір жазушы дәл мендей жарата алмаған болар еді. Сондықтан бірін биіктетіп, бірінің қадірін түсірсем, өзіме сатқындық жасағаным да. Барлық шығармамда менің тынысымның, жүрек лүпілімнің қағысы естіліп тұрады.
– Егер ғайыптан сиқырлы құс келіп, бір тілегіңізді орындар болса, нені айтар едіңіз?
– Қарапайым ғана тілек бар, балаларымыз Алпамыстың үйленгенін, Арузаның тұрмысқа шыққан қызығын көру, ұрпақтар жалғастығын көру бақытын тілер едім.
– Көзге жиі жас аласыз ба?
– Кей сәтте...
– Тұтас өміріңізге әсер еткен немесе сабақ болған елеулі оқиға туралы айтып бересіз бе?
– Анаммен қоштасқан сәтім. Анамның есімі – Фарида еді, 61 жасында қайтыс болды. Анам нашарлап жатқанда көңілін сұрап елге бардым. Бұл соңғы кездесу екенін сездім, бұдан былай ол кісіні көре алмайтынымды да біліп тұрдым. Арыздасып, қоштастым. Екеуміз ұзақ жыладық. Мұңлы-шерлі жылау еді. Бала-шағама алаңдап кетіп бара жатқан мені қимады, мен анамды қимадым. Кешірім сұрадым. Сол сәтте әйел адамның тереңдігін, алып күшін, шыдамдылығын, қайрат-жігерін, рухын сезіндім. Ол жылап, жүресінен отырған қалпы артымда қала берді, мен жылап, алға оза бердім... Содан Үржардан Алматыға жеткенше жылап келдім. Жолда келе жатып, өзіме серт бердім, осы күнге дейін шығармаларымда әйел кейіпкерлерге өшім кеткендей шүйлігетін едім, әйел болмысына тым қатал, сыңаржақ қараған екенмін. Күнә да, күнәһар да тек әйел болыпты. Анаммен қоштасқан сәттен бастап, менің шығармаларымда үлкен бетбұрыс басталды. Әйел бейнесі басқа көрініс тапты. Әйел – ұлы жаратылыс, әйел – қаһарман, әйел – мейірім, әйел – серіктес, әйел – ұрпақ сабақтастығының үлгісі. Әйел – Ана. Менің 39 жастан кейінгі шығармаларымда «Сен», «Үркек керім», «Сарра», «Ешкімде кінәлі емес», «Фариза», «Бопай ханым» бәрі әйелді тәу етеді. Әйелдің тереңдігіне әлі де үңіле түсу керек.
– Толстой «Тәңірі тектес сезім шырағы алғаш рет көкірегіңде жарқ етіп тұтанған киелі шақтағы, әу бастағы, адал шақтағы мына өзіңе сен» дейді. Алғаш «Мәңгілік бала бейнені» жазып жарқ еткен Роза Мұқанованың арман-тілегі, сенімі қандай еді? Сол Роза Мұқанова мен қазіргі Роза Мұқанованың арасында қаншалықты айырмашылық бар?
– Айырмашылық бәлендей жоқ. Әдебиет жаны таза адамға ғана қонақтайды. Жазу алдында Құдай алдында отырғандай сезіну бар. Жазу күнәдан өзіңді де, өзгені де арылтуға міндеттейді. Осы қағидаға сай келмей қалған күні Әдебиет сенен көшеді, аулақтайды. Суреткер ғұмырының соңына дейін әдебиетпен некелескендей бірге өмір сүре алады, тек адалдық керек!
– Фолкнер «Нобельдік лекциясында» жазудың мұраты жөнінде «Адамзаттың өткен тарихтағы бар қазына – даңқ, сес-айбарын қайта оятып, адамның тізе бүкпеуіне қолұшын беру» дейді. Сізге қолға қалам ұстауға түрткі болған мұрат қандай?
– Өзімді іздеу, өзімді есту үшін қалам ұстаймын. Жаным не дейді, не қалайды менен... Оқырман да, көрермен менен алған жауабына қанағаттана алуы шарт. Мен де өзіме дейінгілермен үндесе алдым, оларды естідім, солардың қатарынан табылдым, сөйтіп өзімді, жан қалауымды тауып алдым. Қалам менен қалған кезде дүниенің қызығы аяқталатын болар. Қалам қалған күн – қабығынан шығып, ұясынан адасып қалған ұлу тәрізді – табанның астында жаншылатын болады.
– «Әуезовті жақсы көргенім соншалық, басылымдарға шыққан суреттерін, фотосуреттерін жинайтынмын, оқулықтардағы суреттерін қиып алып, сақтап қоятынмын» дейсіз бір сөзіңізде. Сізді ерекше баураған Әуезов прозасының қандай қыры?
– Бала кезімнен М.Әуезов туралы әкемнен көп еститінмін. Әкем әдебиетші адам, сол кісінің әсері болса керек. Бала кезімізден Абайды, Әуезовті пір тұттық. Жасөспірім кезден-ақ Әуезов прозасын түсіну қиын болмады. М.Әуезовті оқыған оқырман өзге жазушыларға аса талғампаздықпен қарайды. Әуезов әдебиетке талғаммен қарауды үйреткен болар.
– Көрнекті жазушы Әкім Тарази турасында сізге көптеген сұрақ қойылды. Мен сұрақты өзгеше қойғым келеді. Әкім Таразиге ренжіген, сол ренішіңіз үшін өкінген кезіңіз болды ма?
– Ренжіген кезім болған жоқ, ол кісі мені ренжіткен емес. Бірақ қатал адам, көңілі қаламағанды жасамайды, көңілжықпастыққа бармайды, бір беткей. Көндіру қиын. Біз сондықтан да әдемі ғұмыр кешкен болармыз. Бір-бірімізге міндет жүктемедік, тең өмір сүрдік.
– Сіз туған жер, Үржар ауданында болғанымда, қазақылықтың қайнарын көргендей болдым. Ұлттық тәрбиеге қанып өскен жазушы ретінде, бүгінгі қазақ мінезі, әдеп-ибасы өзінің табиғи болмысынан қаншалықты өзгергенін бағамдап айта аласыз ба? Қазіргі қазақтың ұлттық қалыбына көңіліңіз тола ма?
– Үржар ғажап өлке. Үржарда менің сағынышым жатыр, бейкүнә балалық шағым жатыр. Үржарға соны көруге, сол кезеңмен қауышуға барамын. Құмға сіңген ізді адам таба ала ма?.. Таба алмайды, мен де сол... Біз алған тәрбиені ендігі ата-ана бере алмайды. Қазіргі қазақ бұдан 60 жыл бұрынғы қазақ емес, басқа қазақ! Бізден кейінгі ұрпақ, бізге – бөтен. Біз де оларға бөтенбіз. Сондықтан жаңа толқын ескінің бәрін тоғытып жұта салмайды, өзіне керегін, қажеттісін ғана таңдайды, жаңалыққа, жасампаздыққа бой ұрады. Сол сияқты салт-дәстүріміз де таңдауға түседі.
– Сіз адам бойындағы ең жоғары бағалайтын және төмен бағалайтын қасиеттер қандай?
– Жоғары қасиет – адамгершілік! Ең төменгі дәреже – қызғаныш пен іштарлық.
– Толстой «төзе алмайтын», Гёте оны оқығанда «анадан соқыр боп туып көзі ашылғандай» болған, Пушкин «тұңғиыққа қарап тұрғандай» күй кешкен алып Шекспир мұхитына алғаш сүңгіген кезіңіз есіңізде ме? Қандай әсерде болдыңыз?
– Прозада – Толстойды, драматургияда – Шекспирді ұстаз тұтпаған суреткер некен-саяқ болар. Шекспир сюжеттерді негізінен фольклордан, мифтен, антикалық әдебиеттен, тарихи-шежірелік деректерден ала отырып, асылды жасықтан тазалағандай қайта қорытып, өнер туындысы етіп, қайта жаратып ұсынып отырды. Маған ерекше әсер ете беретін теңдессіз шығармасы – «Макбет» пен «Кориолан».
– Ерекше әсерленіп оқыған соңғы кітабыңыз қандай? Сізді әсерге бөлейтін шығармалар көп пе?
– Кейде мақталып жатқан шығармаларды тапсырыспен алғызып оқимын, біраз оқығаннан кейін тартпайды, аяқталмаған күйде қалған біршама кітап бар. Сондықтан әркім мақтаған кітапты оқуға ынтызар болған жөн емес екен. Бірде Л.Толстой сөз арасында А.Чеховқа «Душечка» деген әңгімесін ұнатқанын айтады. Бұл әңгімені оқымаған екем, аталған әңгімені оқып шыққаннан кейін оқырман Толстойдың жаны қандай нәзік болған деген ойға қалдым. «Отец Сергийді» ерекше әсермен оқимын. Күнделігінде: «Начал Отца Сергия и вдумался в него. Весь интерес – психологические стадии, которые он проходит» деп жазыпты. Осы повесін жазу барысында көп қиналған сыңайлы, он жылға жуық жазған. 1898 жылы 12 маусымда «Сергийді аяқтадым» дейді. Шығарманың мазмұнын М. Горькийге айтып береді. Екі жылдан кейін Толстой да Ясная Полянадан қашып, Отец Сергий сияқты бас сауғалауға ұмтылады. Екі жылдан соң қайтыс болған.
– Толстой мен Достоевскийдің бірін атау керек болса, таңдауыңыз кімге түсер еді?
– Лев Николаевичке!
– Жалпы, сіз туралы жоғары баға берген пікірлер аз емес. Осының бәрі жеке өміріңізге қалай әсер етті? Ең алғаш сіз туралы мақала жазып, бағаңызды берген автор жөнінде айта аласыз ба?
– Әдебиет табалдырығын аттағанда үлкен ағаларым Әзілхан Нұршайықов пен Дулат Исабеков «Аида» әңгімемді мақтады. Әзілхан аға «Қазақ әдебиетіне» мақала жазды. Фариза Оңғарсынова «Дружба» (Мәскеу) журналында сұхбат беріп, шығармаларымды атап бағасын берді. Мұрат Әуезов, Дидахмет Әшімханов, Әшірбек Сығай тағы басқаларды айтуға болар. Менің жанымды ерекше толқытқан Ильфа Ілиясқызы Жансүгірованың жолдаған хаты. Ол ерекше хат болды, әсері де ерекше деп бағалар едім. Әдебиет зерттеушілері Бақытжан Майтанов, Рафғат Әбдіғұлов екеуінің шығармаларымды терең зерттеген мақалаларына құрметпен қараймын.
– Бейтаныс аралға өзіңізбен үш кітап ала кетуге рұқсат берсе, қандай кітаптар ала кетер едіңіз?
– Әкім Таразидің «Болашаққа шегінісі», соғыс жылдарындағы балалық шағын, сол кездегі қазақ халқының ахуалын тағы бір қайтара оқыған болар едім. Алғаш рет 2007 жылы оқығанымда жылап қала беретінмін. Содан соң Юрий Казаковтың «Никишкины тайны» деген әңгімесі. Осы әңгіменің астына Әкім Тарази: «Бұл әңгімені екінің бірі оқи алмас. Оқыса да түсіне алмас. Түсінетін, ұғатын мен ғана, Әкім Тарази ғана (орыста да, қазақта да.) 08.01.2015, 12 сағат, 19 минут» депті. Таразиді тану үшін «Никишкины тайны» әңгімесін ала кетер едім. Үшінші, Таразидің күнделіктерін алып барар едім. Бұларды оқу өте қиын. Мойныңа тас салып, өз еркіңмен теңіздің тереңіне батып кетуге бел байлаумен тең.
– Өмірден түйген үлкен тұжырымдарыңыздың бірін айтасыз ба?
– Адамды сүйе алмаған Алланы сүйе алмайды.
– Қазір қандай іспен шұғылданып жүрсіз? Жоспаларыңыз жөнінде айта кетсеңіз?
– Жазуға тиіс тақырыптарым көп, өте көп. Кейінгі кезде драматургияға ғана әуестендім. Жақында ғана бір әңгіме жазып бітірген жайым бар. Ол сюжеттің жадымда жүргеніне жеті-сегіз жылдай болған еді. Оқырманмен ойнап көргім келді, ойнап отырып жылатып алғым келді.
Әңгімелескен –
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»