Солтүстіктегі Венеция
Швед астанасы сырттан келген жандардың назарын готикалық стильдегі сарайлар мен храмдардың үшкір шпильдері және төбесін көк тіреген алып ғимарат шатырларындағы желдің қай бағыттан соғып тұрғанын анықтайтын құбылнама рөліндегі көгершін, әтеш, шағала кейіптес зырылдауықтарымен бірден баурап алады. Стокгольм сансыз аралдар мен түбектерге орналасқан қала. Мұнда қай бағытқа қарай жүрсеңіз де барлық жерден теңізге шығасыз. Бұл қаладағы су атаулының бәрі, мейлі ол үлкенді-кішілі болсын, құдды шаһардың айнасы іспетті. Олай дейтініміз, швед астанасының ескі бөлігі деп аталып кеткен тұстағы архитектуралық ансамбльдердің бәрі жағалаулардағы су бетінен мүлде өзгеше кейіпте мөлдіреп, жарқырай көрінеді. Король резиденциясы, Ратуша, Ғылым академиясы мен Парламент үйі секілді ғажап ғимараттар тұрған осы жердегі кез келген арал, түбек, өзен жағалауларының бәрі бір-бірімен келісті де көркем көпірлер арқылы жалғасқан. Олардың түбінде күні бойы орыс ертегісіндегі Хоттабыч қарт секілді қамыс қалпақ киіп, қармақ салып отырған әуесқой балықшыларды көресіз.
Теңіз – Стокгольмнің жаны. Ол оны түрлі әуенге бөлеп, шаһар өмірін сан түрлі қимыл-қозғалысқа келтіріп тұрады. Теңіз сондай-ақ қаланы толқындармен тербеп аялайды, еркелетеді. Ал ақ шағалалы айлақтардан аңқылдай соққан ақсаумал самал ше? Қысқасы көк теңіз – Стокгольмнің символы. Сондықтан оған көрсетілетін құрметте шек жоқ. Тіпті, мұнда ең ұсақ-түйек, елеусіз деген нәрселердің өзі теңізбен байланыстырылады. Мысалы, сәби аузындағы емізіктердің балық бейнелі боп келуі, балалар басындағы телпектерге шағала суреттерінің салынуы, дүкендердегі таяқ, стол, орындық, сағат секілді тұрмыстық заттардың теңіз түстес болып, олардың зәкір, кеме, қайық, маяк, компас кейпінде жасалуы жоғарыдағы сөзімізге анық дәлел.
Аралдар мен түбектер және жағалаудағы биік төбелерге салынған Стокгольм бейнебір толқында қалқыған қала сияқты. Сондықтан да оны туристер Солтүстіктегі Венеция деп орынды атаған. Құрылыстар мен көше, тротуарлардың дені тастан салынып тұрғызылған ол көне замандағы қайыспас, қайтпас сұп-сұр қарт викинг секілді өте сұсты да сесті болып көрінеді. Екінші жағынан бүгінгі нәзік те әсем дизайн өнері құдіретімен ол жүзінен нұры төгілген арудай өте сәнді. Шаһар сонымен қатар қонақжай, ойлы, ұстамды және ептеп маңғаз да... Оған мұндай қасиет дарытып тұрған сансыз көп көне ескерткіштердің құдіреті мен атақты адамдардың іздері қалған тарихи орындардың ерекшелігі сияқты.
Алдымен ежелгі ескерткіштер туралы бір-екі ауыз сөз айтайық. Швед астанасының ең керемет ғимараты Король сарайы болып табылады. Оның ерекшелігі айрықша архитектуралық шешімдерінде десек, құндылығы барлық монархтардың өз кезінде ұстап, тұтынған заттарының осында шып-шырғасы шықпай жинаулы тұрғандығында дер едік. Бұл сарайдан онша алыс емес жерде еңселі Стурчюрка – әулие Николайдың соборы тұр. Онда швед корольдері тәж кию рәсімін өткізіп тұрған. Бұл сәулет үлгісі Стокгольмнің ең алғашқы тастан қаланған үлкен ғимараты дейді гид. Содан кейінгі назар аударатын нысан ол Ратуша үйі. Оны сәулетші Р.Эстберг 1920 жылы салған. Соған қарап бұл құрылыс толықтай күні кешегі ХХ ғасыр рухын білдірер деп ойлағанбыз. Жоқ, олай емес екен. Ратушаның кейбір бөліктерінен басқа дәуір үлгілерін де молынан көруге болады. Мәселен, орта ғасырдағы рыцарьлар залы солай. Онда әйнекті терезе де, жабылған төбе де жоқ. Сол ХV ғасырдағыдай жасалған да қойған. Сондықтан да Ратушаның бұл залынан “ала бұлтты аспан” анық көрініп тұр. Жә... Біздің айтайық дегеніміз бұл емес. Оқырманды хабардар етейік деген басты ойымыз ол Стокгольмдегі атақты Нобель сыйлығына арналған банкеттің жыл сайынғы 10 желтоқсанда нақ осы Ратушадағы көгілдір залда берілетіндігі.
Қаланың барлық алаңдары дерлік швед корольдері мен осы ұлттың ұлы адамдарының мүсіндеріне толы. Солардың ішінде ат үстінде отырған батыр король Густав Адольфқа арналған ескерткіш ерекше көрінеді. Енді бір жерде король Карл ХІІ бейнесі де көзге шалынбай қалған жоқ. Бұл баяғы Петр І патшамен шайқасып шайнасқан, Полтава түбінде балтасы тасқа тигеннен кейін Еуропадағы беделіне оңбай нұқсан келген бейбақ билеуші ғой. Сонда да ол өмір бойы: “Алған бағытымнан қайтпаймын”, – деп ұрандап өткен сияқты. Оны ескерткіштегі оның Шығыс жақты шошайта нұсқап, Мәскеуді көрсетіп тұрған сол қолынан байқауға болады.
Осы жерде мына жәйтті де атап айта кеткен жөн. Швеция астанасы Стокгольм жоғарыда біз өзіміз сөз еткен айшықты архитектуралық ансамбльдерімен және құдіретті корольдерімен ғана әйгілі қала емес. Ол сонымен қатар өзінің ақыл-ойымен әлемдік өркениетке үлкен үлес қосқан дана перзенттерімен де дараланған шаһар. Олай дейтініміз, мұнда бір кездері өсімдіктер дүниесін тұңғыш рет 24 класқа бөліп жүйелеген атақты ботаник Карл Линней, қопарғыш зат – динамитті ойлап тапқан ғалым Альфред Нобель, Голливуд тәңірісі атанған киноактриса Грета Гарбо өмір сүрген. Бұл жерде сондай-ақ температуралық шкаланы, яғни градусты ойлап тапқан Андерс Цельсий мен бейбітшілік жолындағы беделді тұлға, сегіз жыл бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы міндетін атқарған Дак Хаммаршельд еңбек еткен. Ал әскери қызметін осындағы Король сарайының құрметті қарауыл ұланынан бастап, кейін Ресей армиясы құрамында Порт-Артур шайқасына қатысқан, одан соң ақылдылығы мен парасаттылығы арқасында Финляндияның президенті болған Карл Густав Маннергейм ше? Сондай-ақ атақты дипломат, екінші дүниежүзілік соғыста өзінің жанкештілігімен мыңдаған еврей ұлтын Венгриядағы қырғыннан аман алып қалған Рауль Валленберг пен “Ұзын шұлықты Пеппи” және “Балақай мен Карлсон” кітаптары арқылы әлем ұл-қыздарының сүйіспеншілігіне бөленген жазушы Астрид Лингренді қайда қоямыз?!
Міне, бұлар Швеция атты шағын елдің атағы алысқа кеткен перзенттері. Ғажабы сол, қайда, қандай жағдайда болса да Стокгольм оларды ұмытпаған. Оны қаладағы алаң, парк, көше мүйістеріндегі сол тұлғалардың оқып білім алған немесе жұмыс істеген, әйтпесе осы ел астанасынан алыс сапарға аттанған жерлерінің бәріне орнатылған шағын мыс тақталардағы шекіме жазулардан анық байқауға болады. Мәселен, өз заманында “екінші Дарвин” атанған Карл Линнейді алып қарайық. Швед Ғылым академиясының жанындағы кәдімгі табиғи қойтасқа оның әлемдік деңгейдегі ашқан жаңалығы мен осы ғылым ордасының тұңғыш президенті болғандығы қысқаша жазылған да қойған. Болды. Басқа ештеңе жоқ. Ал Альфред Нобель ше? “Оған қатысты мұнда не бар?” – дейсіз ғой. Айтайық. Дүние жүзіндегі өте беделді халықаралық сыйлықтың құрылтайшысы оны Стокгольмде еске салатын бір табиғи белгі бар екен. Ол ғалымның 1862 жылы динамитті жасап жатқан кезіндегі қопарылыстан қабырғасы жарылып кеткен үйі. Сол оқиға көрінісі күні бүгінге дейін сақталынып қалған. Әрине, ғимаратқа жел кіріп, жаңбыр өтпес үшін қабырғадағы ойылып қалған тесік кейін балкон есігі сияқты ұзынша әйнекпен бекітіліп қойылған ғой. Ал қалған жерінің бәрі оқиға қалай болды, солай тұр. Бұл мекен-жайға да жоғарыдағы Карл Линнейді еске салатын анықтама секілді шағын мыс тақта ілінген. Басқа ештеңе жоқ. “Мәдениеттілік деген осы-ау”, – дейсің мына белгілерді көргенде. “Өркениет талабына жауап берудің жоғары деңгейдегі үлгісі де шығар бұл”, – дейсің тағы да іштей өзіңе-өзің тіл қатып. Сөйтесің де біздегі: “Ауылдың аты – атама, көкемнің аты – көшеге”, – деген даңғазалықты ойлап ұяласың. Ұққанымыз – мына өмірде атаққұмарлық пен кеудемсоқтық емес, қарапайымдылық пен табиғилық қалатын сияқты. Бәлкім, ұлылықтың екінші аты да осылар ма екен деп ойладық былай шыға бере. Әйтпесе шведтер Грета Гарбоға бір көшенің қабырғасын, Андерс Цельсийге ғылыми-зерттеу орталығының маңдайшасын, Астрит Лингринге қуыршақ театры атын қимай отырған жоқ. Мәселе басқада; ұлттың ұстамды мінезі мен тұнық, таза тәрбиесінде болып тұр.
Швеция!.. Міне, 200 жылдан бері соғыстың не екенін білмеген ел бұл. Тағдыр оған оң көзбен қарап келе жатқандай. Бұл ондағы билік иелерінің берік ұстанымына да байланысты шығар бәлкім. Бір кезде жарты Еуропаны жаулап алған шведтерге төңіректегі көршілері өшпенділікпен, жеккөрінішпен қарағаны белгілі. Содан олар әлсіреді де бейбіт, бейтарап бағыт ұстануды жөн көрді. Сөйтіп ХVІІІ-ХІХ ғасырларды былай қойғанда кешегі ХХ ғасырдағы ең сұмдық сойқан – бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарға араласқан жоқ. Сөйтіп, мәселен 1939-1945 жылдарда бүкіл Еуропа отқа оранып жатқанда Швеция өндірісін дүрілдетіп, ауыл шаруашылығын гүрілдетіп жатты. Ал 50-ші жылдардың басында оның соғысқа қатысқан көршілері сансырап, қираған қалаларын қайта қалпына келтіру жұмыстарына кіріскенде бұл ел адам құқықтарын қорғау, еңбекті жаңа үлгіде ұйымдастыру және отандастарының әл-ауқатын жақсарту мәселелерімен айналысты. Сөйтіп, бұл құқықтық және азаматтық қоғам әр адамның өмірде ойлаған арманына жету үшін әркімге бірдей мүмкіндіктер берілуіне көп күш жұмсады. Сондықтан да Отанында бомбалар жарылмаған, астанасында үйлер қирамаған елдің жағдайы қазір өте жақсы. Оны мына мысалдардан анық байқауға болады.
Халықтың мұндағы өмір сүру жасының ұзақтығы – 80 жыл. Осы көрсеткішпен Швеция әлемдегі 222 мемлекеттің ішінде 9-шы орында келеді. Орташа жалақы бұл елде 20 мың крон, яғни, 2222 долларды құрайды. Рас, әлемді қамтыған дағдарыс жағдайындағы жұмыссыздық мұнда да жоқ емес, бар. Оның деңгейі биылғы бірінші тоқсанда 9,1 пайызды құраған. Бірақ.., иә, бірақ қашан жаңа еңбек орнына орналасқанша үкімет оларды бұрынғы айлық жалақасының 80 пайызы көлеміндегі қаржымен қамтамасыз етіп тұрады. Сондай-ақ, білім алу мұнда тегін. Оған кететін шығын ішкі жалпы өнімнің 7,1 пайызын құрайды. Өткен жылдың төртінші тоқсанында ІЖӨ Швецияда 819,7 млн. кронды құраған. Бұл мұндай шағын мемлекет үшін аз ба, көп пе? Әрине, көп! Медицина да осындай. Тұрғындар үшін дәрігерге қаралып, емделу тегін. Халыққа жасалған осындай озық әлеуметтік жағдайларды көзбен көргенде 1989 жылғы КСРО халықтарының І съезіндегі пікірталас ойға оралады. Сонда атақты экономист Леонид Абалкин: “Ақ тер, көк тер болып 70 жыл тырбанғанымызда еңбегі еш, тұзы сор халқымызға шведтер құрлы жақсылық жасай алмадық”, деп өкінсе, көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматов: “Қазір әлемге үлгі етіп айтыла бастаған “экономиканың шведтік моделі” деген не? Ол социализм мен капитализмнің жақсы, оңтайлы әрі икемді жақтарын еркін таңдап алу. Сөйтіп, оларды халық игілігі жолына батыл бейімдеу. Басқа ештеңе де емес. Бізге неге осылай етпеске”, – деген еді. Сол опыну мен таңданудың сырын біз ол кезде ұқпағанбыз. Үлгі етіп айтудың да қадіріне жетпегенбіз. Арада 20 жыл өткен соң осы елге келіп мұндағы жағдайды өз көзімізбен көргенде оны сонда ғана барып түсінгендей болдық. Расында да солай екен.
Суреттерде: Құс ұшатын биіктіктен қарағандағы Стокгольм міне, осындай; Швед астанасындағы жаңа үлгімен салынған “Глобен” спорт кешені;
Стокгольм, Швеция.
Жанболат ӘЛИХАНҰЛЫ (Аупбаев).