Демократия жолындағы еліміз азаматтық құндылықтарды қайта қарастырып, жандандырып жатыр. Басты мақсат – отандастарымыздың жауапкершілігін күшейтіп, күнделікті өмірдегі мәселелерден бастап мемлекеттік деңгейге дейінгі шешімдерді қабылдауда азаматтық-құқықтық белсенділік көрсетуге шақыру.
Азаматтық қоғам ұстанымдары демократиялық институттарды нығайтуда, адам құқықтарын қамтамасыз етуде, мемлекеттің тұрақты дамуында шешуші рөл атқарады. Азаматтық қоғам құрамында халық мүддесін білдіретін және қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), кәсіптік бірлестіктер, кәсіподақтар, діни топтар, құқық қорғау бастамалары, экологиялық қозғалыстар бар. Олар мемлекеттік билік жүйесіне тәуелді емес, дегенмен билікпен бірлесіп елдің әлеуметтік, мәдени, саяси әрі экономикалық үдерістеріне әсер етеді. Бұл – азаматтардың мүдделерін білдіру; әлеуметтік қолдау және көмек көрсету; Үкімет қызметін қадағалау; қоғам өмірінің әр саласында сауаттылықты қамтамасыз ету; адам құқығын қорғау; азаматтарды жұмылдыру және қоғамдық бастамаларды қалыптастыру; демократиялық институттар жүйесін дамыту; табиғатты қорғау және орнықты даму жүйесі.
Әр елдегі азаматтық қоғамның даму тәжірибесі оның тұрақтылықты, әлеуметтік әділетті және демократияны қамтамасыз етудегі шешуші рөлін көрсетеді, әлеуметтік үдеріс пен құқық қорғау қызметіне ықпал етеді. Экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрақтылық даму үрдісіндегі бірқатар мемлекеттің азаматтық қоғамы халықтың әл-ауқатын жақсарту, білім деңгейін көтеру, жұмыссыздық көрсеткішін төмендету және тағы да басқа мәселелерді шешуде үлкен үлес қосады.
CIVICUS (civicus.org) халықаралық ұйымы әлем бойынша азаматтық қоғам жағдайына мониторинг жүргізіп отырады. Ұйым ақпаратына сүйенсек, әлемдік тәжірибеде АҚШ, Скандинавия елдері, Батыс Еуропа мемлекеттері – азаматтық мәселелерді шешуде көшбасшылық орындарда.
АҚШ-та азаматтық құқықтарды қорғау, экологиялық қозғалыстар, діни ұйымдар міндеттері әлеуметтік, құқықтық, мәдени, ішкі саясат, макроэкономикалық мәселелерді жеңілдетеді:
Азаматтық құқықтарды қорғау. Мәселен, Америкалық азаматтық еркіндіктер одағы (American Civil Liberties Union) АҚШ азаматтарының әлеуметтік-құқықтық, білім беру және мәдениет салаларындағы құқықтарын қорғайды, ал Афро-америкалық азаматтар дамыту қауымдастығы (National Association for the Advancement of Colored People) нәсілдік қысымшылдықты жоюға атсалысады. Экологиялық қозғалыстар. Қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, орнықты даму мәселелерін шешу әрекеттері мен мұнай саласындағы компанияларды қадағалайды. Greenpeace, Sierra Club және өзге де экологиялық ұйымдар көбіне парниктік газдар шығарындыларын азайту сияқты АҚШ-тың экологиялық саясатындағы негізгі өзгерістердің қозғаушы күшіне жатады. Діни ұйымдар. Бұл ұйымдардың қайырымдылық, еріктілер және әлеуметтік қолдау сияқты әлеуметтік үдерістерге әсерін бағаламау мүмкін емес. Шіркеулер мен өзге де діни мекемелер қоғамдық өмірде, әсіресе аймақтық деңгейде маңызды рөл атқарады.Енді Скандинавия елдерінде мынандай ұстындар бар:
Әлеуметтік әл-ауқат және әділет. Азаматтық ұйымдар әлеуметтік әділетті қамтамасыз етуде, халықтың осал топтарын қолдауда және өмір сүру деңгейін жақсарту бағдарламаларын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады; Экологиялық және орнықты даму қозғалыстары. Азаматтық ұйымдардың мемлекетпен бірігуі нәтижесінде Скандинавия – жаңартылған энергия көздері мен климаттың өзгеруі бойынша көшбасшы. Гендерлік теңдік пен әйелдер құқығы. Бұл ел гендерлік теңдік жөнінен әлемде алдыңғы қатарда тұр. Мысалы, Исландияда әйел депутаттар шамамен 48%-ды, ал Швецияда шамамен 46%-ды құрайды. Сонымен қатар экономикалық тәуелсіздік, декреттік демалыс, әлеуметтік саясат бойынша әйелдер қауымының мүдделері қарастырылады.Ал Еуропа елдеріндегі азаматтық қоғам мына салаларға назар аударады:
Қоғамдық қозғалыстар. Мысалы, феминизм қозғалысы әйелдер теңдігін барлық салада сақталуын талап етуі нәтижесінде жұмыссыздық пен жалақы теңсіздігі мәселелері ашық қарастырылып отыр. Кәсіподақтар жұмысшылардың құқығын қорғауы барысында бірқатар әлеуметтік, экономикалық тақырып төңірегінде ішкі саяси шешімдер қабылданады. Адам құқықтарын қорғау ұйымдары. Human Rights Watch, Amnesty International ұйымдары тек Еуропа мемлекеттері ішінде ғана емес, шетелдерде де өз міндеттерін атқарады. Әлемдік деңгейде босқындар мен мигранттар құқықтарының қарастырылуымен жаһандық деңгейдегі құқықтық нормалар жанданып жатыр. Экологиялық бастамалар. Friends of the Earth және Extinction Rebellion ұйымдары ресми билік жүйесімен бірігіп экожүйені сақтау шараларын іске асыруының нәтижесінде өндіріс кешендерінен атмосфераға залалды заттарды шығару ауқымының төмендеуіне септігін тигізді.Қорыта келгенде, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, азаматтық қоғамның дамуы әрбір елдегі саяси және әлеуметтік жағдайлармен тығыз байланысты. Дамыған демократияларда азаматтық қоғам саясат пен қоғамдық өмірге белсенді әсер етеді.
Индира КҮНТУОВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшы-менеджері