• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 23 Қазан, 2024

Экономиканы тежейтін факторлар

70 рет
көрсетілді

Экономика тұрақты дамып, инфляция біртіндеп төмендеп келеді. Ішкі жалпы өнім өсімі келер жылы 5%-ға жетпек. Бұған мұнай өндіру көлемінің өсуі тікелей әсер етпек. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) еліміздегі миссиясы мәлімдеді.

ХВҚ сарапшыларының айтуынша, биыл тамызда елдегі инфляция біршама төмендеген. Баға өсімі жыл соңына қарай 8,3%-ға, 2027–2028 жылдарға қарай 5%-ға дейін түседі деген болжам бар. Сонымен қатар валюта бағамының икемділігі аясында ақша-кредит саясатының тиімділігі артқан. Халықаралық сарапшылар былтыр ақпаннан бастап ішкі бағаларды тұрақтандырған базалық мөлшерлемеге қатысты Ұлттық банктің ұстанымын – қолайлы фактор деп танып отыр. Миссия қаржы секторындағы тұрақтылықты арттыру шараларын оң бағалайды.

– Инфляция төмендеп жатыр. Болжамға сай, биыл экономикалық өсім 3,9% болады. 2025 жылы өсу қарқыны жоғарылап, 5%-ға жетпек. Бұған мұнай өндіру көлемінің артуы оң ықпал етеді. Ортамерзімді перспективада эко­но­микалық өсу қарқыны 3,5% дең­гейінде тұрақталады, – дейді ХВҚ Қазақ­стандағы миссиясының басшысы Николя Бланше.

Дегенмен ХВҚ ел бюджетінің Ұлттық қор ресурстарына шамадан тыс тәуелді екеніне сыни көзбен қарап, алаң білдірді. Себебі сарапшылар фискалдық шоғырландыру, ашық­тық, бюджеттік қағидаларға негізделген фискалдық жүйенің негіздерін нығайту маңыздылығына жіті назар аудара­ды. Бұдан бөлек, миссия «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Президент Жарлығында көзделген құрылымдық реформаларды жүргізу маңыздылығына да тоқталды.

– 2025 жылы экономиканы қолдау­ға арналған бюджеттік шығыстар мен Теңіз мұнай кен орнын кеңейту аясында экономикалық өсім жеделдейді деп күтіліп отыр. Ал Қазақстанмен сауда-серіктес елдердің экономикасын­дағы өсу көрсеткішінің ықтимал баяу­лауы, геосаяси жағдайдың шие­ле­нісуі, сондай-ақ шикізат тауарлары бағасының құбыла түсуі – тәуекел факторлары қатарында айтылды, – деді ведомство.

Оған қоса, миссия ресми орган­­дардың қаржы секторы­ның тұрақ­тылығын арттыру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалаған. Былтыр жүзеге асырылған қаржы секторын бағалау бағдарламасының ұсы­ным­дары негізінде 2023 жылғы жел­тоқсанда жол картасы бекітілді. Өткен кезеңде реттеуші органның инс­титуционалдық тәуелсіздігі ны­ғай­тылды. Макропруденциалдық саясаттың жаңа құралдары енгізіліп, бас банк өкілеттіктері нығайтылды.

– Бюджеттің мақсатты көрсет­кіштерінің мезгілімен орындалмауы Ұлттық қор ресурстарын шамадан тыс пайдалануға әкеліп соқтырады. Қажетсіз бюджеттік жоспарлау мен кейінгі жылдардағы күтілгеннен төмен салық түсімдері Үкіметтің бюджеттік шоғырландыруды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелеріне теріс әсер етті. Жаңа Салық кодексі­нің енгізілуі мұнайға жатпайтын кіріс­терді ұлғайтуға, соның ішінде бұрмаланған салық жеңілдіктерін алып тастауға, қосылған құн салығы­ның мөлшерлемесін көтеруге кең мүмкіндіктер ашады, – дейді ХВҚ.

Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, ел экономикасын дамытамыз десек, салық-бюджет саясатының негіздерін нығайту маңызды. Макро­фискалдық болжауды жетілдіру – бюджеттік шоғырландырудың ортамерзімді жоспарына енуге тиіс. Дискрециялық шығыстарды шектеуде тәуелсіз фискалдық кеңес құру туралы қатаң ережелер қабыл­дау­ға ден қойған абзал. Сондай-ақ тиімді фискалдық саясатты қолдау мақсатында мемлекеттік сектор­дың статистикасын халықаралық стан­дарттарға сәйкестендіру керек. Атап айтқанда, мемлекеттік шығыстар бағдарламаларына мониторинг жасап, олардың тиімділігін арттыру жолында көптеген құрылымның квази-фискалдық бюджеттен тыс қызметін шектеу қажет.