Кітап – ақыл мен білімнің қайнар көзі. Қоғамды осынау асыл қазынаның тереңіне шақыратын кітапханашы дейтін мамандықтың бәсі қашанда биік тұруға тиіс. 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен 24 қазан Кітапханашы күні ретінде бекітіліп, кітапханалар мен кітапханашылардың қоғам өміріндегі рөлін нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атаулы мереке аясында Алматыдағы Ұлттық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кітапхана – парасат ордасы» атты салтанатты іс-шара өтіп, саладағы үздік мамандар марапатталды.
Бас кітапхананың кіреберісіне қызыл кілем төселіп, ел аймақтарынан келген жүздеген кітапханашыны ұйымдастырушылар айрықша құрметпен қарсы алды. Олардың арасында бүкіл ғұмырын кітапхана ісімен ұштастырған сала ардагерлері де бар. Салтанатты іс-шара Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бейне-құттықтауымен ашылды.
«Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, кітапхана – өнер мен мәдениеттің, шығармашылық пен руханияттың қасиетті ордасы. Ғалымдардың, ойшылдар мен жазушылардың көл-көсір білімі, жанқиярлық жұмыстары кітаптарда сақталған. Ал бұл баға жетпес қазынаны сақтаушы – кітапханалар мен онда қызмет ететін адамдар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керектігін айтқан еді. Еліміздің кітапхана қорында 73 млн шамасында кітап бар. Сондай-ақ цифрлы қордың электронды көшірмесі 77 мыңнан асты. 2020-2024 жылдары аралығында кітапхана оқырмандарының саны 3 млн-нан 5 млн-ға дейін көбейіп отыр. Бұл жұмыстарда кітапханашылардың еңбегі өлшеусіз. Ақпараттық технология жетістіктері кітапханалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл бағытта қарқынды дамып келе жатқан жобалардың бірі ретінде Қазақстан ұлттық электронды кітапханасы порталын атауға болады.
Кітапханалар заманауи құрылғылармен жарақталып, оқырмандар мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Министрлік тарапынан әлеуметтік маңызы бар кітаптарды басып шығару мен таратуда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Кейінгі жылдары ел кітапханалары 4,5 млн дана кітаппен толықты. Биылдың өзінде 200-ге жуық әдеби кітап 506 мың данамен тұтас ел аймақтарына таратылды. Министрлік кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру, кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыру бағытындағы мәселелерді де назарға алып отыр. Мемлекет тарапынан кітапханашылардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. 2024-2025 оқу жылдары кітапхана мамандарына арналған оқу гранттарының саны да 5 есеге дейін ұлғаймақ. Қазіргі кезде кітапханаларды қоғам мүддесіне сай дамытып, олардың қорын көбейту, жұмыстарының жаңа түрлерін енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану өте маңызды. Кәсіби мереке қарсаңында кітапхана қызметкерлеріне күнделікті қажырлы қызметі, ұлттық және әлемдік мұраны сақтай отырып, оқырмандарды ақпаратпен қамтамасыз етуде атқарып жатқан еселі еңбегі үшін алғыс айтамын», деді министр өз құттықтауында.
Сондай-ақ іс шарада ИФЛА – Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясының президенті Викки Макдональд кәсіби мамандарға бейне-құттықтау жолдап, кітапхана ісін өрістету өркениетті елдердің игілікті қадамы екенін, әлемді ізгіліке шақыруда кітапханашылардың рөлі үлкен маңызға ие екенін айтты.
Мерекеде өңірлерден келген үздік қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, ерен еңбегімен еленген мамандарға төсбелгілер мен Алғысхаттар табысталды. Мәдениет және Ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли қастерлі мамандықтың қадірі мен беделін арттыру маңызды міндет екеніне тоқталып, мәдени мұраны сақтау, кітап оқитын білімді ұлт қалыптастыру бағытындағы жұмыс жалғаса беретінін жеткізді.
Айтулы мерекеде Анар Әбдірахманова, Гүлжан Қалиева, Сәуле Есенқұлова, Ольга Мальцева, Махамбет Хармысов, Жеміс Жанғылышева, Гүлжауһар Есентаева, Айтбала Жолмаханова, Гүлшат Тұрсынқызы, Баян Уатаева, Ләйлә Сыздықова, Мейрамкүл Өтегенова, Пернекүл Налтаева, Риза Ибраимова қатарлы үздік мамандар «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ал Гүлмира Маханбетова, Онай Мырзағалиева, Сайлаугүл Дәулетшина, Айгүл Жұмабекова, Айгүл Оразқұлова сынды кітапхана ісіне еңбегі сіңген азаматтарға «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.
Сонымен бірге Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен және Алғысхатымен Мәдина Абдуллаева, Елена Мусина, Гүлсімхан Қожағұлова, Айгүл Рахметжанова, Күлия Саурықова, Даража Жолымбетова, Бибігүл Қозбекова, Жанар Адаялова, Ақмарал Құрманова, Меруерт Маусымбекова, Қарлығаш Оразалинова, Әсемгүл Төленовалар марапатталды.
Кәсіби мерекеде құшағы гүлге толып, марапат алғандар – еліміздің әр өңіріндегі түрлі деңгейдегі кітапханаларда қызмет ететін үздік мамандар.
«Кітап – дүниедегі барлық ізгіліктің бастау бұлағы. Барлық рухани қазына, байлық осы кітапханада. Кітапханашылар күнделікті түрлі кітаптармен танысады, оқырманның мың сан сауалына жауап береді. Қазіргі күні оқырман талабы да күшейген. Қоғамда кітапханашының рөлі өте маңызды және мәртебесі де асып келеді. Бұл тек кітапханашылардың ғана емес, кітапты жақсы көретін оқырмандардың, кітапханашының қоғамдағы орасан зор рөлін бағалайтын адамдардың да мерекесі», – дейді Ұлттық кітапхананың кітап қорын толықтыру қызметінің жетекшісі Ханшайым Мұсақызы.
АЛМАТЫ