• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Қазан, 2024

Тиімді жергілікті өзін-өзі басқару – ел табыстылығының негізі

433 рет
көрсетілді

Ел халқына Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне біртіндеп көшуі туралы пайым-көзқарасын мәлімдей отырып, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының функцияларын тиімді ажырату, ол жүйенің азаматтардың өз елді мекенінде өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей қатысуы үшін базалық негіз екенін атап өткен еді.

Мемлекет басшысы: «Өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қазақстандықтардың қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн» деді.

Статистикалық деректер бойынша соңғы 10 жылда елдегі қала халқының үлесі 56,1%-дан 62%-ға дейін өсті. Талдау көрсеткендей, республиканың 90 қаласында 12,3 млн. адам тұрады. Оның ішінде Астана қаласында – 1,4 млн, Алматы қаласында – 2,2 млн. және Шымкент қаласында – 1,2 млн адам.

Ауылдар бойынша кері үрдіс байқалады. Ауыл тұрғындары 43,9%-дан 38,8%-ға дейін азайды. Мысалы, қазіргі уақытта елде 549 ауыл бар, олардың басым бөлігінде кемінде 50-ге жуық адам тұрады.

Осы жылдар ішінде мемлекет ауылды қолдау мақсатында көптеген түрлі бағдарламалар, жобалар қабылдады: «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл Аманаты».

Тек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен 524 млрд. теңге бөлініп, 1500 елдімекенде 5000-нан астам жоба іске асырылды. Бірақ ауылдың заманауи инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша айтарлықтай жақсартулар болмады.

Халықтың ауылдан қалаға кетуінің басты себебі – ауыл инфрақұрылымын дамытудың болмауы және өзін-өзі жұмыспен қамтудың төмендігі, жұмыс орындарының жетіспеушілігі, кәсіби және мансаптық өсу мүмкіндіктерінің шектеулері.

Өңірлердегі сапарлар мен кездесулердің нәтижелері бойынша талдау ҚР Президентінің Қазақстан халқы жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізуге бұрыннан дайын екендігі туралы тұжырымдарын растайды.

Сонымен қатар қазақтар Ресей жаулағанға дейін де жергілікті өзін-өзі басқару жағдайында өмір сүрген, ал Ресей империясында әлі де крепостнойлық құқық болған. Ресей басқанға дейін де, одан кейін де қазақтың жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ықпалды болғаны соншалық, тіпті патша шенеуніктері де олардың басшыларымен (Ауылнай, болыс және Аға сұлтандармен) санасуға мәжбүр болды. Дала өзін-өзі басқару саяси мәдениетінің демократиялық түрін қалыптастырды, ол кейінірек «Алашорда» бағдарламалық құжаттарында айқын көрініс тапты.

Сондықтан қазақ менталитеті тарихи тұрғыдан жергілікті өзін-өзі басқаруға дайын деуге болады және оған тарихи алғышарттар бар.

Дегенмен түрлі себептерге байланысты 20 жылдан астам уақыт бойы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңы қабылданбады.

Нәтижесінде «мемлекеттік басқару» және «жергілікті басқару» ұғымдарының арасында нақты ұғыныс-ұйғарым жоқ. Іс жүзінде бұл жергілікті басқарудың әлеуетінің толық көлемде пайдаланылмауына әкеледі.

Осыған байланысты өкілді органдар (мәслихаттар) мен атқарушы билік құрылымдары (әкімдіктер) арасында спецификалық қарым-қатынас қалыптасты, соның салдарынан жергілікті өзін-өзі басқару проблемаларын шешу қиын. Өйткені ағымдағы уақытта әкімдіктердің мәслихаттарға үстемдігі байқалып, нақты билік биліктің атқарушы тармағына тиесілі болып тұр. Өкінішке қарай жергілікті өкілді органдардың қызметі көбінесе халықтың көп бөлігі үшін назардан тыс қалуда.

Осы мәселені шешу үшін біз қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәслихаттарға берілген өкілеттіктерді неғұрлым белсенді пайдалануды ұсынамыз. Сонда олар облыстың, қаланың, ауданның және ауылдың дамуына, белгілі бір проблемаларды шешудің басымдылығын анықтауға, бюджетті қалыптастыруға және т.б. елеулі әсер ететін еді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар оның жүйесінде бүкіл әлемдік дамудың көпжылдық тәжірибесіне негізделген функционалдылықты сақтау маңызды.

Біздің талдау нәтижелеріміз көрсеткендей, мәслихаттың өкілеттік көлемі едәуір кең, депутаттар әкімдіктердің қызметіне ықпал етуге құқылы. Алайда олар бұл құқыққа сирек жүгінеді, ал дәлірек айтсақ, мүлдем жүгінбейді.

Сондықтан «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – РҚБ) жергілікті өзін-өзі басқару бойынша әкімдіктер мен мәслихаттар арасындағы әріптестіктің өзіндік үлгісін ұсынады.

Жергілікті өзін-өзі басқару бойынша әкімдіктер мен мәслихаттар арасындағы әріптестік моделі жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды ұсынады. Бұл модель жергілікті деңгейге, соның ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты мәселелерді шешуде бірлескен жауапкершілік пен өзара қолдау принципіне негізделген.

Мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару арасындағы серіктестік моделі жергілікті аумақтарды бірлесіп дамытуға және басқаруға ықпал етеді. Бұл ортақ мақсаттарға қол жеткізу және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқарудың күш-жігері мен ресурстарын біріктіруге мүмкіндік береді.

Жергілікті өзін-өзі басқару бойынша әкімдіктер мен мәслихаттар арасындағы әріптестік моделі мынадай қағидаттарға негізделуге тиіс:

- Өкілеттіктерді беру: мемлекет жергілікті мәселелерді шешу және жергілікті ресурстарды басқару үшін белгілі бір өкілеттіктер мен құзыреттерді жергілікті өзін-өзі басқаруға береді.

- Қаржылық қолдау: мемлекет өзінің функциялары мен міндеттерін орындау үшін жергілікті өзін-өзі басқаруға қаржылық қолдау көрсетеді.

- Кеңес беру және ынтымақтастық: мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару жергілікті дамуға қатысты шешімдер қабылдау және саясатты әзірлеу кезінде бір-бірімен өзара әрекеттеседі және өзара кеңесіп отырады.

- Ақпарат алмасу: мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару іс-шараларды тиімді жоспарлау және жүзеге асыру үшін жергілікті қажеттіліктер, проблемалар мен жетістіктер туралы ақпарат пен мәліметтермен алмасады.

- Бағалау және мониторинг: мемлекет және жергілікті өзін-өзі басқару тиімділігі мен мақсат-міндеттеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бағдарламалар мен жобалардың іске асырылуын бағалау мен мониторинг жүргізеді.

Бұл схемада біз атқарушы билік атынан барлық деңгейдегі әкімдіктер мен мәслихаттардың өзара іс-қимылын көреміз. Онда да мұнда Премьер-Министр Кеңсесінің бас инспекторлары жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі жергілікті биліктің екі тармағының үйлестірушісі болуға тиіс.

Бас инспекторлар өздерінің функционалдық міндеттері бойынша Үкіметке жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі жергілікті биліктің бірлескен қызметінің жай-күйі және жергілікті жерлердегі нақты ахуал туралы баяндауға тиіс.

Жергілікті атқарушы органдар көбінесе өз елдімекенінің немесе аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуының шынайы статистикасын бұрмалауға, деректерді асыра бағалауға және жасыруға бейім. Мемлекет басшысы атап өткендей, дұрыс емес деректер, басқаша айтқанда, бұрмалаулар жер-жердегі нақты жағдайды бағалауға мүмкіндік бермейді. Мысалы, арнайы комиссия қағаз жүзінде ғана бар 2 млн. ірі қара және 3 млн. астам ұсақ мал басын анықтады. Дәл осындай фактілер өсімдік шаруашылығында да анықталды. Бұл негізінен мемлекеттік субсидиялар бөлінген «тіркеулер». Президенттің айтқанын сөзбе-сөз қайталасақ, «Мұндай қылмыстық тәжірибені тоқтатып, онымен айналысқандарды жауапкершілікке тарту керек».

Қазақстан халқына келетін болсақ, ол бүгінде жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу мәселесі бойынша пассивті ұстанымға ие.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің дамуы мен әл-ауқаты көбінесе елдегі жергілікті өзін-өзі басқару институтының дамуына, оның жергілікті мәселелерді шешудегі дербестік дәрежесіне байланысты.

Ауыл тұрғындарының мекендерінен кетуі мен азаю үрдісі көптеген елдерге тән. Бұл проблеманы азайту үшін осы мемлекеттердің билігі тарапынан түрлі шаралар қабылдануда.

Егер посткеңестік елдерге қарайтын болсақ, онда көбінде жергілікті қоғамдастықтың әлеуетін жандандыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жолымен жүріп жатқанын көруге болады

Мысалы, көршілес Қырғызстанда бірінші кезеңде 1991 жылы 19 сәуірде «Қырғызстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заң қабылданды, халық депутаттарының Кеңестері құрылды. Заң жергілікті депутаттар Кеңесіне маңызды құқықтар мен бостандықтар берді. Екінші кезеңде 1996 жылы Қырғызстан Конституциясына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, оның ішінде республикадағы жергілікті басқарудың одан әрі дамуына қатысты өзгерістер орын алды. Мәселен, жергілікті басқару органдары коммуналдық меншікке иелік ету, пайдалану және билік ету құқығына ие болды.

Ресей Федерациясында 1995 жылы «Ресей Федерациясында жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастырудың жалпы принциптері туралы» Заң қабылданды. Федералдық заң Ресей Федерациясының Конституциясына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқарудың халықтық билікті жүзеге асырудағы рөлін, жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық, экономикалық және қаржылық негіздерін және оны жүзеге асырудың мемлекеттік кепілдіктерін анықтап, жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастырудың жалпы принциптерін белгіледі. Жергілікті қоғамдастық федералды заңмен кепілдендірілген бюджеттік тәуелсіздікке ие болды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті бюджетті қалыптастырып бекітеді және орындайды. Жоғары және төмен тұрған аумақтық құрылымдармен бюджетаралық және салықтық қатынастар заңнамамен айқын белгіленіп, қатаң қорғала бастады.

Өзбекстан Республикасы Президентінің 2023 жылы «Махалла институтының қоғамдағы рөлін түбегейлі арттыру және оның халық проблемаларын шешудің бастапқы буыны ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен азаматтардың өзін-өзі басқару органдарының жұмыс істеуі, олардың заңда белгіленген өкілеттіктерді іске асыруына жәрдемдесу үшін қажетті жағдайлар жасалған көрші Өзбекстанның тәжірибесі назар аударарлық.

Осы Жарлықпен Өзбекстанның махаллалар қауымдастығы құрылды, оның төрағасы министрлер кабинетінің вице-премьері деңгейіне теңестірілді және қауымдастықтың міндеттері Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін анықтады.

Жергілікті өзін-өзі басқару институтын тиімді енгізу мақсатында жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді моделін таңдау мәселесін шешуден бастау өз-өзінен сұранып тұр. Өзін-өзі басқару мен өзін-өзі ұйымдастырудың одан әрі реттеуші принциптері жергілікті өзін-өзі басқарудың біртұтас жүйесін дамытуға байланысты болады. Конституцияда бекітілген жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға кепілдіктер неғұрлым егжей-тегжейлі реттеуді, сондай-ақ жергілікті мәселелерді шешуде жергілікті қоғамдастыққа үлкен дербестік беруді талап етеді. Бүгінгі күні бекітілген өкілеттіктер жергілікті қоғамдастық тұрғындарына өз әлеуетін ашуға мүмкіндік бермейді.

Конституция бойынша жергілікті өзін-өзі басқару халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қауымдастықтарда танылады. Бұл ретте жергілікті өзін-өзі басқару халықтың жергілікті маңызы бар мәселелерді дербес шешуін қамтамасыз ететіні және оны халық тікелей, сондай-ақ мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асыратыны анықталды. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік функцияларды орындау тапсырылуы мүмкін екендігі анықталды.

Болашақ жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң екі негізгі және өзара байланысты ұғымдардың мазмұнын ашуы керек. Олар «халық топтары компактілі тұратын аумақтар» және «жергілікті маңызы бар мәселелер».

Жергілікті өзін-өзі басқаруды іс жүзінде енгізу мәселелері әбден пісті, алайда сапалы заң жобасы жоқ. Ендеше, жергілікті өзін-өзі басқару негіздерін құру бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы мәселені қарастыруды ұсынамыз

Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары барлық елдімекендерді толығымен қамтитындықтан, әрбір округте мәселелерді шешу үшін жергілікті тұрғындар арасынан сайланған мүшелерді (соның ішінде жастар, ардагерлер, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі адамдар, кәсіпкерлер және т. б. өкілдері) қамтитын осы округтің мәслихат депутаты басқаратын Кеңес құру орынды болар еді.

Кеңес басшылығының сайланған мәслихат депутатына жүктелуі жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қалыптастырудың пилоттық жобасын өткізу негізінің қисынды қадамы болар еді. Өйткені «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 20-бабына сәйкес дәл осы мәслихат депутаты жалпы мемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 86-бабына сәйкес жергілікті өкілді органдар – жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын бақылайды. Мәслихаттардың қарауына жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылым мәселелерін шешу жатады.

Барлық деңгейдегі мәслихаттар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасында жүйелі өзара іс-қимылды қалыптастыру, әдістемелік және консультациялық көмек көрсету, өзін-өзі басқару институттарын енгізудің пилоттық режимін жүргізу кезінде олардың қызметін үйлестіру үшін жергілікті өкілді органдардың вертикаль жүйесі болмағаны себепті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл кеңесі, «Өңір» депутаттық тобы, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ және жобаны жүйелі сүйемелдеу бойынша Үкіметтің рөлі зор.

Әрине, ең маңызды шарт – халық қалаулысы құзыреттілігінің жоғары деңгейінің болуы. «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ құрылғалы бері мәслихаттар депутаттарының құзыреттілік деңгейін арттыру, жергілікті өкілді органдардың тиімді қызметін жетілдіру және мәслихатшылар жұмысы үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша сындарлы іс-шараларды жүргізуде. Алайда мұның бұдан да қарқындауы керектігі даусыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында: «Мәслихаттар депутаттарының құзыреттілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажет. Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты» деген болатын.

Барлық деңгейдегі мәслихаттар арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды қалыптастыру, әдістемелік және консультациялық көмек көрсету үшін еліміздің барлық өңірлерінде филиалдары бар «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ жанынынан Әдістемелік орталық құруды ұсынамыз. Бұл 2005 жылдан бастап ұйымдық Жарғысына сәйкес елдің жергілікті өкілді органдарының тиімді дамуына жәрдемдесу, нормативтік құқықтық негізді жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару, мемлекет жүргізіп жатқан реформаларды түсіндіру басымдықтарын жүзеге асырып келе жатқан бірегей бірлестіктің жаңа даму деңгейі болар еді.

Әдістемелік орталық базасында өткізуді ұсынамыз:

- депутаттардың біліктілігін арттыру;

- заңдарды жетілдіру бойынша ұсыныстарды жинақтау, ұсынылатын түзетулерді бірлесіп талқылау;

- ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауының, сайлауалды бағдарламасының, Президенттің тапсырмаларының, өңірді дамыту бойынша қабылданған мемлекеттік және жергілікті бағдарламалардың орындалуына мониторинг пен талдау;

Үкімет әрбір жергілікті өзін-өзі басқару органымен жеке диалог жүргізе алмайды. Бұл көп шығын талап етіп қана қоймай, сонымен қатар алыстан пайымдалатындықтан, белгілі бір аймақтарға қатысты бұрыс шешімдер қабылдауға әкелуі мүмкін. Мұнда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының еркімен құрылған Жергілікті өзін-өзі басқару кеңесі жұмыс істеуі керек. Ол жергілікті басқару органдарының шоғырландырылған талап пен пікірін білдіруі керек. Бұл пікір міндетті түрде Кеңестің барлық мүшелерінің жалпыланған пікірі болуы керек. Кеңестің басқару органдары тек жеке өзін-өзі басқару органы пікірін немесе одан да жаманы, басшылардың жеке пікірлерін білдіруіне жол бермеуі керек. Аталмыш Кеңес Үкіметтің серіктесі болу үшін, осы шарт ескерілуге тиіс. Сонда ғана мемлекет Жергілікті  өзін-өзі басқару кеңесін диалог бойынша серіктес, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жергілікті Кеңестердің ұстанымын білдіруші ретінде қабылдайды.

Азаматтардың әлеуметтік белсенділігі төмендігінің түп себебі қазіргі ұрпақтың әлеуметтік-психологиялық көзқарасынан. Сондықтан олардың тарапынан қоғамдық мәселелерге, тіпті сайлау мен референдумға немқұрайдылық орын алады.

Азаматтардың пассивтілігін олардың экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартатын нәрселерге қызығушылық таныту арқылы еңсеруге болады.

Мысалы, триггерлердің бірі – жеке қосалқы шаруашылық (бұдан әрі –ЖҚШ). Егер ауылдық жерлердегі жергілікті басқарудағы негізгі мәселе халықтың мүдделерін және ең алдымен жеке кәсіпкерлікті дамытуды бірінші орынға қоятын болса, онда оның негізінде жергілікті басқарудың басқа да мәселелері шешілетін болады.

Ауыл тұрғыны қалалықтарға қарағанда қосарланған еңбек тұрмысын жүргізеді. Өйткені ол тек өндірісте ғана емес, сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылықпен де айналысады. Ауыл отбасын бау-бақшасыз, жануарлары мен құстарсыз елестету қиын. Бірақ бүгінде мұндай отбасылар әр ауылда бар. Жеке қосалқы шаруашылықты жүргізу үшін белгілі бір қаражат қажет.

Жеке аула – бұл ауылда тірлік кешетін отбасылар өмір салтының маңызды бөлігі. Онда адам не егіп, не өсірем десе де еркі өзінде болып, өзін толыққанды қожайын сезіне алады. Жеке ауланы ұстауға отбасының барлық мүшелері қатысады. Осы уақытқа дейін жеке қосалқы шаруашылықтың арқасында ауыл отбасылары талай нәубеттен аман қалды. Шаруашылық арқылы өндірген өнімі артылып жатса нарыққа шығарып пайда табуға да жол ашық.

Сонымен қатар ауылдық отбасылардағы балалар еңбекке ерте үйренеді. Өз кезегінде бұл жеке тұлғаны дамыту үшін аса маңызды. Сондай-ақ ауылдық отбасының ұлттық рухани, мәдени және тұрмыстық дәстүрлердің ұясы екенін ұмытпаған жөн.

Тәжірибе көрсеткендей, әзелден ЖҚШ дағдарыс жағдайларында өз тиімділігін көрсетіп, миллиондаған адамның нәпақа айыруына жол ашып келеді. Ол мынадай жағдайларда құтқарушы рөл ойнайды:

- ауыл тұрғындары табысының төмен деңгейі;

- азық-түлік бағасы ауыл тұрғындары жалақысынан жоғары болса;

- ауылда жұмыссыздықтың өсуі салдарынан ЖҚШ өмір сүрудің және әлеуметтік қорғаудың жалғыз көзіне айналады.

- ауылдық жерлерде сауда мен қоғамдық тамақтандырудың дамымауы.

Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша ірі қара малдың 47,6% -ы халық шаруашылықтарында, 42,2%-ы шаруа немесе фермер қожалықтарында және жеке кәсіпкерлерде, 10,2%-ы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында болған .

Осылайша ЖҚШ ауыл халқын әлеуметтік қорғау құралы, қоғамдағы экономикалық жағдайдың тұрақтандырушысы бола алады. Ең бастысы Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізудің триггері болып табылады.

Сондықтан мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар –ұйымдастырушылық, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық жағдайлар жасау талап етіледі. Осыған байланысты біз мыналарды назар аударғымыз келеді: 

Экономиканың аграрлық секторын қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтар шаруашылықтың дербес нысаны ретінде назардан тыс қалады. Ел азаматтарының жеке қосалқы шаруашылық жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастарды құқықтық реттеу және «ҚР азаматтарының жеке қосалқы шаруашылықтары туралы» Заңды қабылдау талап етіледі. Бұл заңда Жеке кәсіпкерлікті ҚР Жер кодексінде заңнамалық белгіленген нормалар шегінде жер учаскесіндегі жеке қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында қызмет ететін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі кәсіпкерлік емес қызметтің нысаны ретінде қарастыру қажет. ЖҚШ-ға қатысты мемлекеттік және өзге де қолдау жүргізілуі тиіс, ол олардың құқықтық қорғалуына, мал басына жағдай жасайтын инфрақұрылымын құруға, өткізу (сауда), қайта өңдеу кооперативтерін ұйымдастыруға жәрдемдесуге, ЖҚШ иелері мен олардың жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс Ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықпен айналысқан тиімді. Бірақ ол үшін еңбекқор және шаруақорлық мақсатта болу керек.

Еліміздің жекелеген өңірлерінде, мысалы, Жетісу облысы Көксу ауданының Жарлыөзек ауылдық округінде жергілікті билік органдарының қолдауымен белсенді азаматтардың бастамашыл бастамаларының жақсы мысалдары бар. Аталған елді мекенде бесінші жыл бойы «Ошақ» тұрақты даму орталығы ҚБ бастамасымен эксперимент тәртібімен жергілікті өзін-өзі басқару органы жұмыс істейді. Ол үшін жергілікті қоғамдастық өз күштерімен және құралдарымен ауданы 840 шаршы метрді құрайтын өз ғимаратын салды. Онда ересектер мен балаларға арналған түрлі іс-шараларды өткізуге арналған жабдықталған аудиториялар бар.

«Ошақ» жергілікті өзін-өзі басқару органы ретінде 2021 жылдың қазан айынан бастап түрлі іс-шаралар өткізеді: консультациялар, оқыту, ауылдық округ тұрғындарымен кездесулер және бірлескен іс-шаралар (сенбілік, «Наурыз» мерекесі, «Мұғалімдер күні» және т.б.).

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жергілікті қауымдастықтар арнайы дайындалған адамдардың, қауымдастық ұйымдастырушыларының немесе қауымдастық менеджерлерінің көмегінсіз дами алмайды. Олар жергілікті мәселелерді өз бетінше шешу үшін адамдармен қарым-қатынас орната алады.

Елімізде пилоттық режимде жергілікті өзін-өзі басқару негіздерін енгізу ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларына сәйкес жүргізіп жатқан демократиялық реформалардың қисынды жалғасы болмақ. Оның нәтижелері бойынша қоғамда жан-жақты талдау мен талқылаудан кейін «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» сапалы заң қабылдауға болады.

 Төлеубек Мұқашев, 

«Қазақстан мәслихаттары

депутаттарының бірлестігі» РҚБ

төрағасы