Маңғыстауда Каспий теңізі жағалауынан итбалықтардың жаппай өлексесі табылды. Кейінгі жылдары Маңғыстауда итбалықтардың бірлі-жарым емес, топ-топ болып өлім құшуы тұрақты сипат алып барады.
Жасыратыны жоқ, Каспий теңізі – өз алдына ғылыми зерттеу институты, арнайы мамандары жоқ, флора, фаунасын сақтау үшін арнайы мамандар қызмет етпейтін теңіз. Су көзін жадағай-жалпы қолдану теңіздің болашағына қауіп төндіретінін түсінетін кез баяғыда келгенмен, жанашырлық қолдау жоқтың қасы. Тамыз айында аталып өтілетін «Каспий күні» – сурет салу мен тақпақ оқудың, жеңімпаздарды бір бет қатырма қағазбен марапаттау сынды алдаусыратқан шара деңгейіндегі «назар аудару».
Биыл солтүстік-батыс және батыс бағытта дауыл басталған кезде, Каспий теңізінің Маңғыстау облысы жағындағы жағалауында итбалық өлекселері жағаға шығып қалған. Нақты айтқанда, 24 қазанда Түпқараған ауданына қарасты Каспий теңізі жағалауынан 51 өлі итбалық табылса, бір-екі күннен соң осы аудан аумағынан 100 өлексе табылды.
Оқиға орнына келген «Гидробиология және экология» институтының мамандары итбалықтың 151 өлексесінен токсикологиялық, гистологиялық және вирусологиялық сынама алды. Өлген итбалықтар жергілікті атқарушы орган, Балық қорғау инспекция басқармасы, Түпқараған аудандық полиция бөлімі, Ветеринария инспекциясы, Гидробиология және экология институты және «Qazak balyk» республикалық балық шаруашылығы қауымдастығы филиалы қызметкерлерінің қатысуымен жинастырылып, көму жұмысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ Каспий теңізі жағалауында мониторинг жүргізілді.
«Табылған итбалықтардың өлекселері қатты ыдырап кеткен. Зертханалық зерттеу жүргізу үшін тістері, ішкі құрылысы мен тырнақтары алынды Зерттеу қорытындысы алдағы уақытта хабарланады», дейді Маңғыстау облыстық балық шаруашылы- ғы басқармасының басшысы Арман Молдашев.
Өз бетінше санау, анықтау жұмысын жүргізген тұрғындар, яғни Түпқараған аудандық қоғамдық кеңес мүшелері тек итбалықтар емес, құс пен балық түрлерінің қырылғаны, сондай-ақ жинап алынған итбалық өлекселері құзырлы орындар хабарлаған көрсеткіштен екі есеге жуық көптігін айтты.
Жыл сайын итбалықтардың топ-тобымен қырылуы теңіз денсаулығының хабаршысы деп қарауға не кедергі? Каспийге тірі ағзалар өмір сүретін жанды су деп емес, тек мұнай өндіретін қазыналы кен орны деп қарау түбі опық жегізері анық. Итбалықтар өлімін табиғи әсер немесе жекелеген адамдардың қуып жүріп сабап өлтіруі, әлде ау құрғанның салдары деп болмайтын сылтауға сүйенбей, теңіздегі кәсіпорындар зардабы деп ашық мойындап, нақты шешім қабылдайтын уақыт жетті. «Қызыл кітапқа» енген байлықты қорғай алмасақ, енбегеніне не жорық, енгенінен не пайда? Сондай-ақ Маңғыстау облысында Каспий теңізін, балық шаруашылығын дамытатын, қолдайтын-қорғайтын құзырлы орындар мен білімді, білікті мамандардың болмауы өңірде Каспий теңізі мәселесінің аса маңызды еместігін білдіре ме, қалай?
Маңғыстау облысы