• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Форум 05 Қараша, 2024

Париж форумында Президент архиві ерекшеленді

316 рет
көрсетілді

Өткеннен сыр шертетін әрбір құжат – терең қатпарлы көне тарихымыздың бір бөлшегі, әрбір архив – тұтас ұлттың жады, ал оны сақтау – бүкіл адамзатқа жүктелген үлкен жауапкершілік. Осынау қастерлі міндетті абыроймен атқарып келе жатқан еліміздегі ар­хивтердің ауқымды желісі қазіргі таңда 223 мемлекеттік архив­тен, сондай-ақ жеке және ведомстволық архивтерден тұра­ды. Ұлттық архив қорының жалпы көлемі 25 миллион сақтау бірлігін құрайды.

Жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Париждегі Штаб-пәтерінде өткен «Халықаралық түсіністік пен ынты­мақтастық тоғысын­да» тақырыбындағы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халық­аралық кон­­­фе­ренциясында, «Сая­саттан тә­жірибеге» деп аталатын IY жа­һандық саяси форумында архив сала­сының қызметкерлері, тарихшылар мен саясаткерлер бас қосып, өзекті мәселелерді ортаға салды.

Екі күнге созылған басқосу дағда­рыс­ кезінде әлеуметтік байланыс ор­натып, өзара іс-қимылды рет­теу, халықаралық түсіністік пен ынтымақ­тастықты жақсартудың құралы ретінде құжаттық мұраны тиімді пайдалану үшін қолданылатын әдіс-тәсілдер, ресурстар және идеялар жөніндегі ой-пікірлермен өзара алмасу алаңына айналды.

Тарихтың тереңіне бойлап, өткенді зерделеп, адамзаттың құжаттық мұрасын сақтау мәселелері талқыланған маңыз­ды форум барысында жаңа технологияларды белсенді түрде енгізіп келе жатқан Президент Архивінің рөлі ерекше атап өтілді.

Конференцияның «Мәде­ниет­аралық байланыстың құ­жаттық мұрасы: саяси қа­рым-қатынас жолында» арнайы үкіметтік панелінде ЮНЕСКО-ның коммуникация және ақ­парат секторының құжат­тық мұра бөлімінің басшысы доктор Факсон Банданың ұсы­­нысы бойынша Қазақстан Рес­публикасы Президенті Ар­хивінің директоры Әлия Мұс­тафина баяндама жасады. Сөзінің басында ол биыл Алматы қаласында архившілердің ІІ конгресін өт­кізу бастамасын қолдағаны үшін  ЮНЕСКО Бас директоры­ның байланыс және ақпарат мәселелері жөніндегі орынбасары Тофик Джелласи мырзаға алғыс білдірді.

Баяндамашының айтуынша, конгресс алғаш рет 2022 жылы Халықаралық Архивтер Кеңесінің, ЮНЕСКО-ның және БҰҰ-ның Алматыдағы өңірлік кеңсе­сінің қолдауымен ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу және архив саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін архившілердің, құжат айналымы жөніндегі мамандардың және ғалымдардың сұхбат алаңына айналды.

II конгреске әлемнің 20 елі­нен 200-ден астам сала мамандары, ғалымдар мен архив әкім­шіліктерінің басшылары  қа­тысып, құжаттық мұраны сақтаудың өзекті мәселелері бойынша өзара пікір алмас­ты, цифрлық трансформация­ның инновациялық идеялары ұсынылды, үздік архивтік тәжі­рибелер қаралды.

Үкіметтік панельде пікір­талас тудыр­ған маңызды тақы­рыптардың бірі ретінде жас­тарды құжаттық мұраны сақ­тау мәселелеріне ынталандыру бойынша өзге елдің тәжі­рибесі қарастырылды. Пре­зидент Архивінің директоры таныстырған студенттер мен оқушылардың архив ісі­не қы­зығушылығын арттыру және зерттеу дағдыларын қалып­тастыруға бағытталған «Жас архившілердің жазғы мектебі», оқушыларға арналған «Менің отбасымның тарихы архив құ­жат­тарында» атты оқу-зерттеу жұмыстарының байқауы, архивтану олимпиадалары мен «Archive Hack: Ақылды архив» хакатоны сияқты жастар жобаларын іске асыру тәжірибесі қатысушылардың ерекше қызы­ғушылығын тудырды.

Конференция сессиялары аясында техногендік және табиғи апаттардың құжаттық мұраға әсері, білім беру және мәдениетаралық диалог үшін құжаттық мұраны пайдалану­ға ықпал етудегі рөлі сияқты мәселелер қаралды. Биылғы кон­фе­ренцияның арнайы сессиясында Араб аймағының және оның құжаттық мұрасының мәдениетаралық диалогке жа­һандық ықпалының рөлі туралы әңгіме болды. Сондай-ақ халық­аралық қоғамдастыққа заманауи технологияларды қол­данудың мысалы ретінде «Жі­бек жолы­ның ортақ мұрасы» виртуалды көрмесін келтірген технологиялар мен цифрлық платформаларға арналған сессияны айрықша атап өткен жөн. Көрмені ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсе­сі, Орталық Азияның ұлттық музейлері мен «Google Arts & Culture» платформасы бірлесе ұйымдастырды.

Осындай беделді форумдарға қатысу әлемдік қоғамдастық­қа Қазақстан­ды қайталанбас бай тарихы туралы үлкен мін­­берден айтуға мүмкіндік бере­ді. Архившілердің II кон­гре­сінде осындай мақсатпен прак­тикалық семинар өткізілген еді, ол жерде ЮНЕСКО мамандары қазақстандық архивтердің, музейлердің, кітапханалардың қызметкерлеріне «Әлем жады» бағдарламасының халықаралық тізілімдеріне бірегей құжаттық артефактілерді ұсыну жолдарын түсіндірді. Тарих және мәдениет ескерткіштері, біздің құжаттық мұрамыз халықаралық деңгейде танылған кезде ғана өзгелердің біздің еліміз туралы түсінігі кеңейе түспек.