• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жоба 05 Қараша, 2024

Жұрт сенімін арттырған жоба

92 рет
көрсетілді

Былтыр өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасының бірінші кезеңі елдегі кәсіп бастауға тал­пын­­ған талай жанның жолын ашты. Аймақта жобаның ал­ғаш­қы жылында 3 млрд теңге бөлініп, негізінен өн­ді­рістік жо­ба­ларға басымдық бе­ріл­ді. Өзге де саладағы бастамалар қол­дау­сыз қалған жоқ.

Шиелі ауданы Бидайкөл ауылындағы «Barly Bai & K» кооперативінің қызанақ пастасын өндіретін цехы – былтырғы бас­тама жемісі. Өндіріс орнын ашқандар 27,6 млн теңге несие алып, Ресейден томат пастасы мен консервіленген өнімдерді өндіру желісін сатып алған. Тәулігіне 2 тонна өнім өндіретін цех сапа сертификатын да иеленіпті. Жобаны іске асыру барысында кооператив мүшелері ретінде ауыл тұрғындары да тұқым, көшет және минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді.

Осы аудандағы жеке кәсіпкер Бибінұр Мүтәліпованың бронхит, жүрек ауру­лары, демікпе мен аллергияны емдеп, алдын алуға көмектесетін тұзды бөлме ашуы­на да жобаның септігі тиді. Бастаманы жүзеге асыруға кәсіпкер 8,6 млн теңге көлемінде шағын несие алыпты.

Шиелідегі «honeymood» нан-тоқаш және кондитерлік цехының өнімдері қазір көпке танымал. Кәсіпкер Жансая Имантаева 2019 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасымен осы өндірісті бастап, былтыр «Ауыл аманаты» бағ­дарламасына қатысып, несиеге 7 млн теңге алған. Кәсіпкер «Мансап» орта­лы­ғын­да оқуды бітірген жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз етеді.

«Ауыл аманаты» жобасымен 1 томат пастасы цехы, 34 жылыжай ашылып, 671 асыл тұқымды мал алынған. Сонымен бірге 21 сүт және ет өнімдері өндірісі іске қосылып, 66 ауыл шаруашылығы техникасы әкелінді. 14 балық, 18 құс шаруашылығы да – осы жобаның жемісі. Жоба қа­ты­су­шы­ларының арасынан 38 адам кондитер және нан өнімдерін пісірумен айналысады, 3 гидропоника, 7 жиhаз, 34 пластикалық өнімдер мен құрылыс материалдары өндірісі, 98 қызмет көрсету орны ашылды. Осылайша, былтыр жүздеген жобаға несие беріліп, 713 жұмыс орны ашылған.

Жуырда ғана қала іргесіндегі Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» шеңберінде 4 өндіріс орны жұмысын бастап кетті.

Жұртқа үміт пен сенім сыйлаған жобаның екінші кезеңі аясында биыл 4 млрд 600 млн теңге қаржы бөлінеді. Енді әкімдер бағдарламаның артықшылығын тиімді пайдаланып, ауыл халқының табысын өсіруге ұмтылуға тиіс.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Мадали Әлішерұлы тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген бастама шеңберінде осы жылы 575 жоба қаржыландырылып, 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отырғанын жеткізді. Өңір ерекшелігіне қарай басымдық өндірістік жобаларға беріліп отыр. Ал мал шаруашылығына қатысты жобалармен қатысқандарға асыл тұқымды мал сатып алу талабы қойылады. Бұл төрт түлік тұқымын түрлендірумен қатар мониторинг ке­зінде жақындарының малын тіркеп қойып, қаржыны қалағанынша жаратып жүргендерге тосқауыл болмақ.

Жауаптылар несие қаржысы 4 бағытқа бағдарланатынын айтып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша 108 жоба қаржыландырылса, егіншілік саласында 81 жобаға қолдау көрсетіледі. Мал шаруашылығы бойынша 123, басқа да түрлі бағыттағы 263 жоба мақұлданады деп жоспарланған.

 

Қызылорда