• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қараша, 2024

ТikTok контенті қатаң қадағалануы керек

114 рет
көрсетілді

Қытайдың «ByteDance» компаниясына тиесілі TikTok әлеу­мет­тік желісі бүгінде әлемге кеңінен танымал болып, ай са­йынғы аудиториясы 1 млрд адамнан асып жығылып отыр. Уики­пе­дияның мәліметіне қарағанда, Қытай елінде атал­ған платформаны пайдаланушылардың 60 пайы­зы 25–44 жас аралағындағы адамдар болса, өзге мемлекеттерде оны көбінесе 24 жастан асқан азаматтар пай­даланады екен.

«Wunder Digital» халықара­лық агенттігі жүргізген әлеумет­тік зерттеу қазірде TikTok Қазақ­стандағы ең танымал әлеумет­тік желіге айналып отырғанын көрсетті. Оның еліміздегі аудиториясы былтыр бұрнағы жылғы­мен салыстырғанда 35,4 пайызға ұлғайып, 14,1 млн адамға жеткен. TikTok-ты пайдаланушылардың 41 пайызы – 16–24 жас аралы­ғындағы жасөспірімдер мен жас­тар. Олардың 90 пайызы осы қо­сы­м­шаны күнде қарайды.

TikTok-қа әлем елдерінің көз­қарасы – әрқилы. Оған ішінара шектеу енгізген немесе толық ты­йым салған мемлекеттер де бар. Мысалы, Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің «TikTok-тағы кейбір контент жеткіншектердің мінез-құлқына теріс әсер етеді» деген уәжімен айыр қалпақты ағайын одан мүлдем бас тартты. Бұл әлеуметтік желіні Өзбекстан мен Түрікменстан да бұғаттап тас­тапты. Ал Ресейде екі жылдан бері белгілі себеппен TikTok-қа жаңа бейнежазба салуға рұқсат етілмейді. Киберқауіпсіздік мақсатында оған Канада мен Францияда да шектеу енгізілген.

TikTok-қа шектеу енгізу немесе толық тыйым салу мәселесін біздің Парламент депутаттары да бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Бұл жөнінде өткен қазан айының басында Геннадий Шиповских бастаған бір топ сенатор Үкіметке депутаттық са­уал жолдады. Олар TikTok желісі адам денсаулығына физикалық әрі моральдық тұрғыда елеулі зиян келтіретінін алға тартып, экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді енгізбеген жағдайда бұл платформаны бұғаттауды ұсынды.

Үкіметтің депутаттарға қай­тар­ған ресми жауабында уәкі­летті орган – Мәдениет және ақпа­рат министрлігі мораль­дық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау мен шектеу бойынша TikTok өкілдігімен ұдайы жұмыс жүргізіп отырғанын мәлімдеген. Атап айтқанда, осы платформа жасы кіші пайдаланушыларды зиянды контенттен қорғау мақсатында тиісті стандарттарға сәйкес тіркелу нысанын әзірлеген. Онда кез келген пайдаланушы туған жылы мен күнін көрсетуге тиіс. Өйткені TikTok 13 жасқа толмаған пай­да­ланушыларға арналмаған. Сондай-ақ аталған әлеуметтік желі автоматты түрде және қолмен модерациялау арқылы заңнама мен моральдық құн­дылықтарға қайшы әрі қауіпті контенттерді анықтау, шектеу алгоритмін де жасапты. Автоматты модерация бекітілген бірыңғай ережені бұзатын контенттің кейбір түр­лерін айнытпай таниды және жедел шара қолдануға мүмкіндік береді. Контентті қолмен модерациялау TikTok-ты пайдаланушылардан «Шағымдану» функциясы арқылы түсетін талап-шағымдарға орай жүргізі­леді. Модератор командалары даулы контентті тексеріп, егер ол пайдаланушыға қауіп төндірсе, бірден жойып отырады.

TikTok-тың ресми ұста­нымы бойынша жергілікті қоғам­дастықтың қауіпсіздігі осы платформаның абсолютті басымдығы болып саналады. Сол себепті TikTok – 13 жасқа толмаған балалардың аккаунттарын жойып, олардың санын жұртқа жариялаған алғашқы ірі платформа. Ол осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстан бойынша 13 жасқа тол­маған пайдаланушылар ашқан 1 239 635 аккаунтты жойған. Ал 13 жасқа толмаған балалар ата-аналарының мобильді телефондарын пайдалануға тырысқан жағдайда TikTok олардағы «Ата-ана бақылауы» құралы арқылы осы қосымшаны жүктеп алуға жол бермейді. Өйткені бұл әлеуметтік желіге 12+ рейтингі берілген. Бұған қоса TikTok 13 жасқа толған жасөспірімдер­дің әке-шешесі үшін де «Ата-ана бақылауы» функциясын ұсынып отыр. Нақты айтсақ, «Отбасылық баптау» құралы арқылы ата-ана өз аккаунтын баласының аккаунтымен байланыстыру арқылы оны ұдайы бақылай алады.

Пайымдап қарасақ, қазіргі уақытта өскелең ұрпақ тәрбие­сін­дегі көкейкесті мәселелер тек әлеуметтік желілердің зиян­ды әсерінен ғана туындамайтыны анық. Шынтуайтында, TikTok сияқты платформалар оларды пайдаланушылар, қоғам және мемлекет ара­сын­дағы қарым-қатынаста маңыз­ды рөл атқарады. Оларда таным­дық әрі дамытушылық контент те бар. Мәселен, еліміздің Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері TikTok әкімшілігімен бірлесе отырып, бірқатар білім беру жобасын іске асырып келеді. Соның ішінде былтырғы қазан-қараша айларында қысқа бейнероликтерді орналас­тыруға арналған «Қазақстан­Мұғалімдері» байқауы өткізілген. Еліміздің ұстаздары математика, қазақ тілі, информатика және басқа пәндер бойынша дайындап, TikTok-та орналастырған бейнероликтер 190 млн рет қаралған. «Ең креативті ұстаз» аталымында күрделі есептерді қарапайым мысалдармен түсіндіре білген жас математик Хасен Мұхамади жеңіске жеткен. «Жаңашыл ұстаз» атанған Бекболат Комоловтың математика пәні бойынша мектеп бағдарламасын талдаған бейнеролигі бір ай ішінде 800 мың қаралым жинаған. Ал қазақ тілінде күнделікті қолданылатын сөздерді жазуда жиі жіберілетін қателіктерді түзетіп көрсеткен, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жансая Мейірбекқызының бейнежазбасы 550 мың рет қаралып, авторы «Үздік бейнеролик» аталымында алдына жан салмапты.

Сонымен, TikTok-тің ұлты­мыз­­ға, оның ішінде жас ұрпақ тәр­­биесіне тигізетін пайдасы көп пе әлде зияны көп пе? Бұл сауал­ға нақты да әділ жауап беру үшін аталған әлеуметтік желінің бала­лар­дың мінез-құлқына және қо­ғам­­дық санаға әсері хақында жан-жақ­ты әлеуметтік зерттеу жүр­гізу қажет.