Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай, шаһарда Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі басталды.
Екі жылда бір өтетін бұл фестиваль еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің рухани, мәдени өміріндегі елеулі оқиға. 6-11 қараша аралығында, яғни 5 күн бойы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан мен еліміздің таңдаулы театрлары Шымқалада өнер көрсетіп, шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасады.
Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Ал фестивальды ұйымдастыруға тікелей атсалысқан – М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры. Осы тоқсан бес жылдық торқалы тойдың аясында мегаполистің өнерсүйер қауымы Әзербайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Өзбекстан «Дийдор» мемлекеттік жастар экспериментальды театр-студиясы, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театры, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Түркияның Алания қалалық театры, Самарқанд облыстық музыкалық драма театры мен Ғабдолла Тоқай атындағы «Әтнә» мемлекеттік татар драма театры сахналаған қойылымдарды тамашалай алады.
Жоғарыда айтқанымыздай, бауырлас, түркітілдес елдерден келген өнер ұжымдары 6-11 қараша күндері Ж.Шанин атындағы академиялық Қазақ драма театры мен Шымкент қалалық орыс драма театрының сахналарында С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр», Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет», Х.Ниязидің «Сайқымазақтар ойыны», П.Сейидлидің «Киллерден телеграм», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ш.Айтматовтың «Лувр үйрегі», Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», Ә.Науаидің «Ләйлі-Мәжнүн», сондай-ақ А.Гильязованың «Қар астындағы қайнар бұлақ» туындылары көрермен назарына ұсынылады.
Фестивальға шақырылған қонақтар арасында театр, кино өнерінің майталмандары Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұловтар қызыл кілемнің үстімен жүріп, ұлт театрының негізін салушы арыстардың бірі Жұмат Шаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, айтулы іс-шараның маңыздылығы мен театрдың адамзат руханиятындағы алатын орны туралы тебірене сөз қозғады. Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөзінде түркітілдес халықтар арасындағы мәдени байланыстың нығаюына фестивальдың берер пайдасы мол екенін жеткізді.
«Құрметті өнерсүйер қауым, баршаңызды Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығымен құттықтаймын. Тоқсан бес жылда түрлі кезеңдерді бастан өткерген қалалық театр бүгінде мегаполистің ең асыл қазыналы мәдени ошақтарының біріне айналып отыр. Театр жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіру, тарихи сананы жаңғырту бағытында өте маңызды қызмет атқарып келеді. Біз Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының осы шаһарда қызмет етіп, қалалық театрдың іргесін қалаған алғашқы тұлғалардың бірі болғанын мақтанышпен айтамыз», деді әкім.
Салтанатты жиында сөз сөйлегендер қатарында Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Күміс Сейітова жылы лебізін арнап, министр Аида Балаеваның Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығы мен осыған орай ұйымдастырылған халықаралық фестивальдың ашылуына байланысты жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Айтулы мерекелік кеште Ж.Шанин атындағы театр ұжымы жергілікті атқарушы билік пен мәдениетке жауапты салалық министрлік тарапынан тағайындалған түрлі марапатқа ие болды.
Сонымен қатар фестиваль күндері театр мамандарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін жақсарту мақсатында «Шеберлік сабақтары» өткізіледі. Онда бекзат өнердің кәсіби шеберлері, Е.Б.Вахтангов атындағы театрдың режиссері, «Алтын масканың» бірнеше дүркін иегері Юрий Бутусовтың, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Айгүл Наремгенованың, театртанушы, Өзбекстан мемлекеттік музыкалық комедия театрының (оперетта) директоры Бури Ганиевтің шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Тарқатып айтқанда, Ю.Бутусов «Режиссура», А.Наремгенова «Актердің сахналық үні», Б.Ганиев «Театр ісін ұйымдастыру (менеджмент)» тақырыптарында дәріс оқып, актерлер шеберлігін шыңдайды.
Фестивальдың қорытындысы мен жабылу салтанаты 11 қараша күні Шымкенттегі «Tulip Hall» мәдениет сарайында өтеді деп жоспарланып отыр. Кеш барысында үздік өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдарға арнайы сыйлықтар табысталады.