Төрткүл дүниедегі түрлі қақтығыстар отандық Қарулы күштер жасағының сақадай сай болуын талап етеді. Бірақ ел қауіпсіздігінде енжарлық танытып, әскерден қашып, шақыру қағазын елемей жүрген азаматтар бар. БАҚ беттеріндегі мына бір дерекке сүйенсек, биылғы көктемгі науқанның өзінде 20 мыңға жуық жас әскерге барудан бас тартқан. Әсте бұған себеп те жоқ емес.
Қазақстанның 18 бен 27 жас аралығындағы кез келген азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті. Бастысы – жігіттердің денсаулығы жақсы болуға тиіс. Осы қағидаға сәйкес республика бойынша 700 мыңнан аса адам есепке алынған. Десек те, биыл тек 40 мың жаспен Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар және Мемлекеттік күзет қызметі құрылымдары қатарын толықтыру міндеті тұр.
Қазір елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Президент Жарлығына сәйкес, бұл желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады. Екі айға жетпейтін уақыт қалды. Жоспарланған жасақ құрамына жеткізе алмайтын сыңайлы. Жастар да әскери билетке ие болуға асықпай тұр. Басым бөлігі сол жердегі жағдайдан үрейленеді. Оқтын-оқтын медиаға жарияланатын сарбаздар туралы жайсыз хабарлар ата-аналарды да әбден үркітіп қойды.
Енді ше, бейбіт заманда әскердегі баласының даусынан үрейді сезіп, сұрағанын берген олардың артынша табытын құшақтап қалуы кімді болмасын бейжай қалдырмайды. Интернетті кезген мына бір статистика да көңілге біткен жараның аузын тырнап тұр. Қазақстанда кейінгі үш жылда 270 әскери қызметкер қаза болған. Ал Бас әскери прокуратура кейінгі төрт жыл ішінде әскерде 90-ға жуық суицид фактісі тіркелгенін мәлімдеген.
Әскерде әлімжеттік бары да белгілі. 29 қазанда ғана Жетісу облысы Сарыөзек аулындағы 29108 әскери бөлімінде 19 жастағы сарбазды ұрып-соғып, өліміне себеп болған лейтенант «Билікті асыра пайдалану» бабымен 7 жылға сотталған-ды. Қонаев қаласындағы 5571 әскери бөлімінде ажал құшқан Алмас Шахимов пен Арсен Ишановтың әскерге сау кетіп, төсекке таңылған Ербаян Мұхтардың да оқиғасы ел есінде. Қиыны сол – оларды әскерге көшеден ұстап әкеткен. Қорғаныс министрлігінің таяудағы брифингінде бұл әдіс енді қолданылмайтынын мәлімдеген. Бірақ жоғарыда келтірілген фактілер әу бастан зорлық көрінісі барын аңғартады.
Қош, екінші тарапты да таразыға салып көрдік. Бірақ мемлекет тарапынан жастарды әскерге үгіттеу, жігерлендіру шаралары жоқтың қасы деуге болады. Бұл мәселе төңірегінде осы аптада Мәжіліс мінберінде депутат Айгүл Құспан баяндама жасаған. Ол әріптестерімен бірлесе еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірлегенін жеткізді.
«Заң жобасы «Әскери қызмет туралы» заңын «әскери-патриоттық тәрбие», «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» терминдерінің мазмұнын заңнамалық тұрғыдан айқындайтын жаңа баппен толықтырады. Сонымен қатар осы норма республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құруды көздейді. Кеңес әскери-патриоттық тәрбиені дамыту бойынша ұсыныстар әзірлейді, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіреді, жастардың бойында Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шынайы ақпарат беруге атсалысады», деді А.Құспан.
Оның үстіне елдегі әскери жүйе әлі күнге дейін кеңес дәуіріндегі стандарттармен жұмыс істейді. Сондықтан түбегейлі реформа керек.
Айтпақшы, epetition.kz сайтында 10 қыркүйекте әскерге шақыру жасын 18-ден 20-ға өзгерту туралы петиция жарияланған. Құжат авторлары бұл бастамада өзіндік себептерін де келтірген.
«Психологиялық және физикалық тұрғыда жетілу, білімін жалғастыру, әскерден қашу мен құқық бұзушылық деңгейін төмендету, әскери дайындық сапасын жақсарту. Психологиялық зерттеулер бойынша жасы есейген кезде әскерге баратын жастардың әскерден қашу деңгейі азаяды. Мәселен, Швеция, Германия, Швейцария мен Аустрияда әскерге 19-20 жастан бастап шақырылады. Әскерге шақыру жасын 20 жасқа дейін көтеру әскери қызметтің тиімділігін арттырып, жас азаматтардың мүддесін қорғап, Қазақстанның қорғаныс жүйесінде оң өзгерістер әкелетініне сенімдіміз», делінген құжатта.
Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігі петицияны 7 қазанда қайтарған. Себеп – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес петицияның мәні қорғаныс мәселелері бола алмайды, яғни Қазақстан заңнамасына сәйкес келмейді деп көрсетілген.
Түйінге бір дерек: Мерзімді әскери қызметке шақырылудан бас тартқаны үшін азаматтарға заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.