Осы жылдың басынан бері жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Науқанның аясында заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары кіріс декларациясын тапсыруға міндеттелген. Ал келесі жылдан бастап кәмелет жасқа толған кез келген азамат тапқан табысы мен жұмсаған шығынын көрсетуге тиіс.
Табысты көрсетудің төрт кезеңі
Әйтсе де көпшілік салық органдарына кіріс-шығысы туралы мәліметті беруге әлі де құлықсыз. Өйткені жаппай табысты түгендеу әлдекімдердің әдемі өміріне балта шабары түсінікті. Мемлекеттік қызметте жүріп әулет мүшелерін миллиардерлердің қатарынан бір-ақ шығарып, қазына қаржысынан алған қаражатты шекара асырғандардың айы бұрынғыдай оңынан тумайтынын іші сезіп отыр.
Жалпы, осы жылдарға дейін жалпыхалықтық табыс декларациясын тапсыру жылдан-жылға кешеуілдеп келді. Жүйе дайын болғанымен, ай сайын алатын табыс көздерін түсіндірудің түрлі амалын қарастыруды сылтау еткендер жалпыхалықтық декларацияны барынша созбалаңға салды. Әйтпегенде жаппай науқанды 22 жыл талқылап, жоспарға енгізгенімізге бақандай 11 жыл өткен. Өйткені бюджетке күні түсіп, айлыққа жан бағатындардың шалқып-тасыған өмірін түсіндіруге тиіс науқанның кешеуілдей беруі кейбіреулерге ауадай қажет еді.
Кейінгі бірер жылдан бері табыс көзін анықтайтын бастама төрт кезеңмен жүзеге аса бастады. Жалпыхалықтық табыс декларациясы – әрбір азаматтың тапқан табысы мен иелігіндегі мүліктің есебін беру. Тұрмыс пен табысты сәйкестендіруге сеп болатын науқанның талабына сүйенсек, жоғары шенді мемлекеттік қызметкердің өзі мен туысқандарынан бастап жалғыз зейнетақыға күн көріп отырғандар, тіпті жұмыссыз ретінде тіркелгендер де қыруар тұратын құндыз ішіктері мен қымбат көліктерінің, атына жазылған жылжымайтын мүлікті қандай табысқа келгенін түсіндіру қажет.
Осылайша, 2021 жылы алғашқы болып мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың басшылары және олардың жұбайлары өздерінің жеке активтері мен міндеттемелерін тапсыруға кіріскен. Былтыр бизнес өкілдері, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары жұбайларымен бірге декларация тапсыруға міндеттелді. Келесі жылы елдегі 13 миллион адам қолда бар активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтерін көрсетпек.
Салық органдарының мәліметінше, шекара сыртындағы табысты да жүйеден жасыру мүмкін емес. Өйткені комитеттің резиденттердің шетелдегі қаржылық шоттары туралы ақпаратты автоматты түрде алу мүмкіндігі мол. Мәселен, орталықтандырылған ақпарат жүйесі қай елдің қаржы ұйымдарында ақшаңыздың барын жарты минут ішінде анықтап береді. Айтпақшы, табыс көзінің қай жақтан келгенін анықтай алмағандар әуежай мен теміржол бекеттерінен ары аса алмайды.
Есептеусіз ештеңе өзгермейді
Жалпыхалықтық декларация бірден болмаса да, тамырын тереңге жайған жемқорлықтың азаюына септігін тигізе алады. Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев осылай деп отыр. Оның сөзінше, табысты жариялау міндетті болғандықтан, алыс ағайын, жора-жолдастар да өзінің шынайы табысын көрсетуге тиіс. Ал өз басының тазалығы үшін ол да атына жазылатын мүлік пен қаржы үшін қылмыстық іс қозғалатынын түсіне бастайды.
«Көш бірден түзеле кетпейді. Алайда декларация тапсыру халықты әділдік пен тәртіпке үйретудің құралы боларына сенім мол. Ең бастысы, Президенттің бастамасын халық арасында дұрыс түсіндіру керек. Өйткені бұл науқанның өтпеуіне мүдделі топтар халықтың ойын басқа арнаға бұзары анық. Сондықтан декларацияны құптамайтын топтар салықты айналып өтіп, әртүрлі жолмен тапқан қаражатын тығып қалғысы келеді. Алғашқы кезеңдерде кірісін жұрт көзінен жасырып қалу секілді олқылықтар болуы мүмкін. Бірақ жүйе бір ізге түскенде тиын-тебеннің бәрін анықтау қиын болмайды», дейді депутат.
Қаржы маманы Сапарбай Жобаев өркениетті елдерде жалпыхалықтық декларацияны жүргізуге жүйені сылтау етпей-ақ, қағаз жүзінде іске асыра бастағанын айтады. Ал біздің елде қағаз жүзіндегі декларацияның әділеттілігі мен ашықтығына сенімсіздік болғандықтан, цифрландыру күтілді. Себебі астында креслосы, қолында билігі, бала-шағасы бренд киім мен қымбат көлік тізгіндейтін шенеуніктердің декларациясында ешқандай дүниесі жоқ «тақыр кедейге» айналғаны бар. Декларацияға салсақ, әкім қаралар әйелінің пәтерінде әрең күн көріп жүр. Ал еліміз дүниежүзілік жемқорлықты тексеретін ұйымның есебінде жемқоры көп мемлекеттердің қатарында тұр. Себебін қаржы маманы біздегі бай-бағландар табысын басқа адамдардың атына тіркеп қойғанымен түсіндіреді.
«Кейінгі жылдары мемлекеттік және бюджеттік ұйымдар да декларация беріп жатыр. Енді қаражатын қайын жұртының атына ресімдейтіндердің мүлкі жалпы декларациядан кейін шыға бастайды. Сол кезде ата-әжелердің атындағы қаражаттың иесі де табылады. Сонда ғана шетелдік зейнеткерлер секілді күнделікті ақшасының есебін беруге үйренеміз. Себебі есептеусіз ештеңе өзгермейді», дейді С.Жобаев.
Жалған деректерді бақылаудың кешенді әдісі керек
Салық қызметкері Олжас Отар соңғы статистикаға зер салсақ, салық мәдениеті қалыптасқанын көрсетіп отырғанын жеткізді.
«Жаңа жылдан бастап бүкіл халық табыс декларациясын тапсырады. Одан кейінгі жылы құқық қорғау органдары өз құзыреті шегінде көрсетілген мәліметтердің растығын тексереді. Сол кезде әлгі көрсетпей кеткен кірістері үшін қылмыстық іс қозғалады. Бұл жолмен үлкен мемлекеттердің барлығы жүріп өткен. Негізі өркениетті елдегі заң мен салық жүйесі бүкіл елде ортақ. Мәселе біздің қоғамның сана-сезімінде, ар-ұяты мен ынсабына келіп тіреледі. Дамыған елдерде декларация тапсыруға, ол жердегі мәліметтерді әділ көрсетуге жауапкершілікпен қарайды. Ал бізде құжатқа салғырттық басым, не болмаса жұрт көзінен жасырып қалуға тырысу бар. Кейін алдынан шыққанда «әділетсіздік көрдім» деп ақталады. Қоғам мәселенің ақ-қарасын анықтап жатпайды, сондықтан имандай сенеді», дейді салық маманы.
Біздің қоғамда азаматтардың белгілі санаттары мен топтарының декларацияланған кірістері мен нақты шығыстары арасындағы сәйкессіздік бары рас. «Әділет» жоғары құқық мектебінің заңгері Нұржан Мақсатов осылай деп санайды. Оның айтуынша, жалпыұлттық табыс декларациясы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте маңызды рөл атқара алатын құқықтық тетік. Бірақ оның тиімділігі бірқатар факторға байланысты. Біріншіден, кіріс декларациясы мемлекеттік қызметкерлердің және олардың жақын ортасының қаржылық түсімдері мәселелерінде ашықтықты арттыруға ықпал етеді. Екіншіден, мұндай шара ресми кірістер мен жеке тұлғалардың өмір сүру деңгейі арасындағы сәйкессіздікті анықтауға тиімді көмектеседі. Бұл сыбайлас жемқорлық әрекеттерін көрсетуі мүмкін. Ал ол шара өз кезегінде құқық қорғау органдарын белсенді тексерулер мен тергеулерге ынталандыруға түрткі болады. Алайда дұрыс емес, жалған деректерді бақылау мен жауапкершіліктің тиімді тетіктерін табу әлі де қажет. Бұлай болмағанда декларация қандай да бір нақты салдар мен санкциясыз формалды, ресми рәсімге айналуы мүмкін.
«Жалпыұлттық табыс декларациясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тиімді құрал бола алады. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заңдарды сақтауды, қоғамды жандандыруды қамтитын кешенді шаралар жүйесі қажет. Қаржы ағындарын бақылауды күшейтуді, заманауи аналитикалық құралдарды қолдануды және күдікті транзакцияларды анықтау үшін қаржы институттарымен белсенді ынтымақтастықты қоса алғанда, салық органдары тарапынан кешенді тәсілдер мен тиімді тетік талап етіледі. Табыс пен мүлікті жасыру жағдайларын азайту үшін салық салу мәселелерінде азаматтардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру қажет. Осы іс-әрекеттердің нәтижесінде неғұрлым ашық салық жүйесін құруға болады. Бұл қаржылық тәртіпті жақсартуға, мемлекеттің салық базасын нығайтуға ықпал етеді», дейді Н.Мақсатов.
Сөзінің жаны бар. Есте болса, 2013 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі бір жылда 10,5 млн теңге табыс табатынын, иелігінде 5 сотық жер мен қарапайым ғана үйі бар екенін декларацияда көрсетіп еді. Қарапайымдылығымен қуантып қойған әкімнің шынайы байлығы 2018 жылы анықталды. Онда да елордадағы еңселі үйіне ұры түспегенде, жұрт әкімнің жиған-тергенін білмей кетер еді. Сол жылы экс-әкімнің отбасына тиесілі коттеджінен 100 млн-нан аса теңге көлемінде қаражат пен алтын-күміс әшекейлері ұрланған. Оның ішінде құны аса қымбат бриллиант Rolex, Zenith, Ulysse Nardin, Cartier, Chopard секілді алтын сағаттар болған. Алматының экс-әкімі Ахметжан Есімов те «басымда жеке баспанам жоқ, әйелімнің атындағы үйде тұрып жатырмын» деп жыларман болған. Министрлер арасында да миллиондарын әйелі мен балаларына жаздырғандар жетерлік. Ал мұндай әрекетке барғандарға шетел заңдары аяушылық танытпайды. Жоғары айыппұл, қылмыстық жауапкершілік пен бас бостандығынан шектеу жазасы да қарастырылады. Мәселен, Сингапурдағы салық жүйесі өте қатаң. Бұл елде жеке тұлғалар да кірістерін 1970 жылдан бастап көрсетеді. Табысын жасырған немесе жалған ақпарат берген азаматтар айыппұлдан бастап бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жапонияда кірістерді декларациялау 1947 жылдан бастап міндетті түрде енгізілген. Бұл елде де деректерді дұрыс көрсетпегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. АҚШ-та табыс салығын төлеу міндеті 1913 жылы енгізілген. Кірісін жасырғандарға айыппұл салынады, кейде қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге тоғытылады.
Қаржысын жасырғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту бізде де бар. Бірақ туысқандықтың түрі көп біздің елде жалпыхалықтық декларацияның жүйелі жүзеге асарын алдағы уақыт көрсетеді. Бұл үшін салық органдары сауысқаннан сақ болмаса, судан құрғақ шығып үйренгендердің жолы болды дей беріңіз.