Отандастарымыздың әл-ауқатының артуы, денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылған реформалардың нәтижесінде былтыр еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты. Соған қарамастан, еліміздегі медицина ұйымдарының жұмысында әлі де кемшілік көп. Мұның себебін Денсаулық сақтау министрлігінің (ДСМ) басшылары салаға бөлінетін қаржының жеткіліксіздігімен түсіндіріп жүр.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінгенімен, оның нәтижесі әлі көрінбей отырғанын сынады. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес.
«Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді биыл Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жүргізген тексерістер де айғақтады. Мәселен, өткен жылы еліміздегі нәресте мен ана өлімін азайту жөніндегі нысаналы индикаторларға қол жеткізілген жоқ. Сәбилер қызылша, көкжөтел, жедел респираторлық вирустық инфекция сияқты аурулардан шетінеген. Әйелдер жүктілік кезінде өршіген әртүрлі дерттен және білікті дәрігерлердің жетіспеушілігінен туындаған акушерлік кінәдан қайтыс болған. Ал «Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген әлеуметтік сауалнама денсаулық сақтау ұйымдары ұсынатын медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне халықтың қанағаттану деңгейі жоспарланған 73 пайыздың орнына іс жүзінде небәрі 56,5 пайыз болғанын көрсеткен.
ЖАП «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (ӘМСҚ) және оның өңірлік филиалдарының 2022-2023 жылдардағы қызметінің тиімділігіне жүргізген мемлекеттік аудит нәтижесінде Ұлттық қордан бөлінген 50 млрд теңгенің 13 млрд теңгесі немесе 26 пайызы игерілмегендігі анықталды. Бұған қоса, ӘМСҚ есебінен және науқастардың өз есебінен медициналық қызметтерге қосарланған ақы төлеуге жол берілген. Стационарлық көмек бойынша 1,7 млрд теңге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңге, стоматологиялық клиникалардың қызметі бойынша 2,1 млрд теңге артық төленген. Тіпті шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтардың атына дәрі-дәрмектер рәсімделген. Аудит қорытындысы бойынша, рәсімдік бұзушылықтардың жалпы сомасы – 32 млрд теңгеден астам, ал тиімсіз пайдаланылған қаражат – 31,1 млрд теңге.
Сондай-ақ ЖАП ДСМ мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қызметінің тиімділігіне жүргізген мемлекеттік аудит барысында «СҚ-Фармация» ЖШС жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40 пайыздан 365 пайызға дейінгі жоғары бағамен сатып алғанын әшкереледі. Бұдан мемлекетке келтірілген залал – 8 млрд теңгеден астам. Оның үстіне, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңгеге сатып алынған препараттардан бас тартуына әкеліп соққан. Салдарынан 279,5 млн теңгенің дәрі-дәрмегі жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты есептен шығарылған. Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік аудиттер жүргізу нәтижесінде әшкереленген заң бұзушылық фактілері бойынша материалдар одан әрі тергеу үшін құқық қорғау органдарына жолданған.
Пайымдап қарасақ, денсаулық сақтау саласында былтыр ғана ондаған млрд теңге қаражат құмға сіңген судай болып, тиімсіз жұмсалған. Кемшілікке кеңшілік жасалмауы үшін ДСМ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ретінде, ең алдымен, Президент Жолдауында айтылған сыннан тиісті қорытынды шығаруға, Үкіметке берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындауға тиіс. Алайда министрлік бүгінде «Қазіргі тариф медициналық-санитарлық алғашқы көмекті ұйымдастыру кезінде жедел медициналық көмек бөлімшесінің барлық шығысын толық жабуды қамтамасыз етпейді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан тәулік бойы жұмыс істейтін бригадаларды ұстаудың тиімсіздігі байқалады. Бұл кредиторлық берешектің пайда болуына әкеледі» деген уәжбен жедел медициналық жәрдем қызметін реформалауды ұйғарып отырғандығы көңілге қонбайды.
Осы орайда елімізде жедел медициналық жәрдемді шақыртулар 4 жеделділік санатына бөлінетіндігін айтқан жөн. 1, 2, 3-санаттар – адам өміріне тікелей немесе әлеуетті қатер төндіретін жағдайлар болғандықтан, жедел медициналық жәрдем бригадаларының келу уақыты тиісінше 10, 15 және 30 минут болып белгіленген. Ал 4-санат – өткір аурудан немесе созылмалы аурудың өршуінен туындаған, науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп-қатер төндірмейтін жағдай болғандықтан, «жедел жәрдемнің» келу уақыты – 60 минут.
ДСМ-ның мәліметіне қарағанда, республика халқының саны жылдан-жылға артуына байланысты қазіргі таңда қосымша 379 жедел медициналық жәрдем бригадасын құру қажет. Осыған орай бейінді министрлік «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларына» өзгеріс енгізіп, сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін 4-жеделдік санаты бойынша шақыртуларға қызмет көрсетуді медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында құрылатын мобильдік бригадаларға тапсыруды жөн көріп отыр.
Денсаулық сақтау министрінің осы мәселе бойынша бұйрығының жобасы Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында екі апта бойы талқыланды. Бірақ өз пікірін білдірген 212 азаматтың ешқайсысы аталған құжатқа қолдау білдірген жоқ, ал 102 адам қарсы дауыс берді. Олар жедел медициналық жәрдем қызметінің 4-жеделділік санатын МСАК ұйымдарына беруге болмайды деп санайды. Себебі денсаулық жағдайы қиындаған науқастың жай-күйі 4-жеделділік санатының қайсысына жататындығын 103 нөмірі бойынша кезекшілік жасап отырған диспетчер емес, «Жедел медициналық жәрдем» автомобилімен тездетіп жететін дәрігер ғана дәл анықтай алады.
ДСМ-ның жедел медициналық жәрдем қызметін реформалау бастамасын осы қызметте жүрген мамандар да құптап отыр деу қиын. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық жедел медициналық көмек орталығы директорының міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының кандидаты Юрий Белоног: «Егер медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының жұмыс уақытынан тыс кезде жедел медициналық жәрдемді шақыртудың 4-жеделдік санаты бойынша тек жедел медициналық жәрдем стансасының (ЖМЖС) бригадасы қызмет көрсететін болса, онда ЖМЖС-ның жүктемесі тым ұлғайып кетеді. Мұның өзі жеделділік санаттарының барлығы бойынша пациенттерге жету уақытын кешіктіруге әкеліп соғады. Тұрғындарға жедел медициналық жәрдемді толыққанды және уақтылы көрсету үшін жедел жәрдем бригадаларының санын ұлғайту қажет. Бұл қосымша шығысты қажет ететіндіктен, қазіргі қызмет көрсету тарифін (жан басына шаққандағы норматив бойынша базалық коэффициентті) 25 пайызға ұлғайту орынды деп санаймыз», деген пікірін ортаға салыпты.
Демек, ДСМ жедел медициналық жәрдем қызметін реформалау мәселесін осы сала мамандарымен жан-жақты пысықтағаны жөн. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас», дейді қазекем.