• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жансарай Бүгін, 08:25

Дзюдо дарабозы

110 рет
көрсетілді

Елімізде дзюдо спортының негізін қалаушы азаматтардың бірі, Халықаралық дзюдо федерациясының еліміз бойынша жалғыз 8-дан иегері, тәуелсіз Қазақстан атынан алғаш рет Олимпиада, Азия ойындарында дзюдо жарысынан төреші, бас төреші болған, дзюдо мен самбо күресінен спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Серік Оңғарбаев есімі халқымызға кеңінен танымал.

Серік Әнуарұлы спорт саласында толайым табысқа жетумен қатар, дзюдодан әлемді мойындатқан Б.Донбай, М.Қыпшақбаев, И.Баглаев сынды көптеген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін тәрбиеледі. Адам спортта үлкен шыңдарды бағындырып, елдің сүйіспеншілігіне бөлену үшін сол спортты сүйіп, оған жан-тәнімен берілу керек. Сонда ғана ол алдына қойған мақсатын орындай алады. С.Оңғарбаев сондай жан,  ғұмырында спорттағы бар арманын іске асыра алған азамат. Өйткені ол дзюдоны бәрінен биік қойды, оны шын ықыласпен жақсы көрді.

С.Оңғарбаев – Шымкент қаласының тумасы. Әкесі Әнуар құқық қорғау органында қызмет атқарған. Анасы бала-шаға тәрбиелеп, ерін күтіп, үй шаруасымен айналысқан. Оңғарбаевтар әулетінде 8 жан болса, Серік Әнуарұлы соның бесіншісі, төрт қыздан кейінгі туған ұл еді. Әкесі қызмет бабымен Түркістан облысының аудандарында жұмыс істеді. Осыған байланысты балалар да оқуды Шолаққорғанда, Леңгірде, Ақсукентте оқыды. Дегенмен балалық шақтың көп бөлігі осы Шымкент шаһарында өтті. Үйі «Динамо» стадионына жақын болды. Бір жағынан ол да спортқа әуестіктің пайда болуына әсер етті. Күнұзақ осы стадионнан шықпай, жаттығатын. Достарымен кешке дейін доп теуіп, футбол ойнайтын. Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдары еді. Ол кезде КСРО-ға дзюдо спорты әлі келмеген. Алғашқы қатысқан спорты еркін күрес, қазақша күрес болды. Ең алдымен, Евгений Борисовтің қол астында тәрбиеленді. Сосын Геннадий Трушков күрес әдістерін үйретті. Еркін күрестен соң самбоны да меңгерді.

Серік Әнуарұлы жас кезінде қазақша күрестен жастар арасында ел чемпионы болды. 1971 жылы Талдықорғанда өткен оқушылар спартакиадасында жеңімпаз атанды. 1973 жылы Новосібір қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскер қатарында жүріп те армияның спорт клубында күресті жалғастырды. Қорғаныс министрлігі чемпио­натында Сібір әскери округ атынан өнер көрсетті. Ерекше дарынымен көзге түсіп, Омбы мемлекеттік дене шынықтыру институтына оқуға шақырылды. Бұл 1975 жыл еді.

Кеңес одағында дзюдо федерациясы 1973 жылы құрылды. Серік Әнуарұлы дзюдомен сол жылдан бас­тап айналысты, осы күнге дейін сол федерацияның мүшесі. Содан бері де елу жылдан астам уақыт өтіпті. Осы кезеңде дзюдо оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Спорт саласындағы бар еңбегін, күш-қай­ратын дзюдоны дамытуға жұмсады. Әлі де осы жолда аянбай тер төгіп келеді.

Жоғары оқу орнын бітіріп келген соң жас маман «Динамо» стадионында еңбек сіңірген жаттықтырушы, Шымкенттегі дзюдо спортының негізін қалаған Валерий Клабуцкийдің бригадасында жұмыс істеді. Клабуцкий аға жаттықтырушы, қалғандары бапкерлер болды. С.Оңғарбаев арасында ІІМ мектебінде самбодан курсанттарды жаттықтырды. 1984 жылы Кеңес одағының бүкілодақтық төрешілер алқасына мүшелікке қа­былданды. Ол тұста жасы отызда еді. Содан бастап Кеңес одағы, ел чемпионаттарында төрешілік ете бастады. 1989 жылы бүкілодақтық төреші санатын алды. Жасыратыны жоқ, ол уақытта дзюдодан қазақ бапкерлері, төрешілері өте аз еді. Шымкентте дзюдодан сабақ берген жалғыз қазақ жаттықтырушы С.Оңғарбаев болды. Сол секілді бар облысты қосқанда қазақ бапкерлері саусақпен санарлық еді. Сондықтан бүкілодақтық төреші атану ол уақытта қазақ баласының түсіне кірмеген-ді.

Кеңес одағы тарап, еліміз егемендік алған кезеңнен бастап, 2006 жылға дейін Серік Әнуарұлы еліміздің төрешілер алқасының төрағасы болды. Дзюдо федерациясының вице-президенті қызметін қоса атқарды. 1994 жылы наурызда Нью-Делиде халықаралық төреші мансабына емтихан тапсырды. Тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет, 1994 жылы Жапонияның Хиросимо қаласында өткен Азия ойындарында С.Оңғарбаев дзюдодан төрешілік етті. Сол Азия ойындарында оған мінсіз қызметі үшін олимпиа­да комитеті «Үздік төреші» атағын берді.

Өзінің кәсіби шеберлігімен жұртты мойындатқан төрешіні кейін дүниежүзілік дзюдо федерациясы түрлі халықаралық жарыстарға шақыратын болды. 1997 жылы Парижде (Франция), 1999 жылы Бирмингемде (Англия), 2001 жылы Мюнхенде (Германия), 2003 жылы Осакада (Жапония) өткен дүниежүзілік дзюдо чемпионаттарында төрешілік етті. 1999 жылы Азия дзюдошылар одағының спорт директоры болып сайланып, сол комиссия құрамында 2000 жылғы Сидней олимпиадасында төреші болды. Олимпия ойындарында төреші болу бақыты қазақ спортшыларынан бірінші рет тағы да Серік Әнуарұлына бұйырды. Осы Олимпиадада оның шәкірттері Базарбек Донбай мен Иван Баглаев күресті. 2004 жылғы Афины олимпиадасына да екі шәкірті – Базарбек Донбай мен Мұратбек Қыпшақбаев қатысты. Тап осы жылы еліміз тарихында тұңғыш рет дзюдодан Азия чемпионаты өтті. Сол жарыста шымкенттік дзюдошылар Б.Донбай мен М.Қыпшақбаев Азия чемпио­ны атанды.

Әлемдік жарыстарда қазылық жасап, талай саңлақты тәрбиелеген ардагер спортшы бүгінде Шымкент қаласының №14 ату және ұқсас спорт түрлерінен олимпиада резервінің маман­дандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 2001 жылы халықаралық дзюдо федерациясы Серік Әнуарұлына 7-данды сыйға тартты. Сөйтіп, елімізде дзюдодан 7-дан иегері деген тұңғыш мәртебелі атаққа ие болды. Бүгінде ол атақ С.Оңғарбаевпен бірге Олимпиада ойындарының жүлдегері Асхат Житкеевте ғана бар. Ал 8-дан құрметіне бөленген спортшылар ішінде С.Оңғарбаевтан басқа елімізде әлі ешкім жоқ. Мұндай ұлық мәртебе дзюдо спортын дамытқан айрықша азаматтарға ғана беріледі екен.

«Дзюдо сөзінің аудармасы «жеңіске апарар жол» деген мағына білдіреді. Осы спортты өркендету жолында федерациядағы жігіттермен бірге талай тер төктік. Құдайға шүкір, еңбек өз нәтижесін бере бастағандай. Оған кешегі өткен Олимпиададағы қыз-жігіттердің жеткен жетістіктері куә. Расында да, соңғы Олимпиада қазақ спортын биікке көтеріп, нағыз тарихи жеңістердің оқиғасына айналды. Бүгінде мемлекет тарапынан дзюдо спортын дамытуға барлық жағдай жасалып жатыр. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визерді қабылдады. Екіжақты келісімнің нәтижесінде 2027 жылы елімізде дзюдодан әлем чемпионаты өтетін болды. Сондай-ақ елордада Дзюдо академиясы ашылатын болып шешілді. Осының бәрі халықаралық дзюдо федерациясының елімізге деген сый-құрметін білдірсе керек. Сондықтан мұндай қамқорлық келешекте еліміздің дзюдо спортын бұдан да зор жетістікке бастайды деп сенеміз.

Мен жарыстармен әлемнің төрт бұрышын шарлаған адаммын. Сондай кезде жанымда серік болатын ең жақын сырласым жарым Фарида Оңғарбаева болды. Әкем ертеректе дүниеден өтіп кетті. Бала-шағасының рахатын анам көрді. Құдай ол кісіге ұзақ өмір берген екен, 90 жас жасап, бертінде ғана қайтыс болды. Бірақ әлі де анашымды сағынышпен еске алып тұрамын. Құдайдың берген бір ұл, екі қызын тәрбиеледім. Олардан 11 немере сүйдім. Ұлым Болат Ордабасы ауданындағы спорт мектебінде директор. Ұлымның кіндігінен тараған үш немеремнің үлкені Дәулет футболмен шұғылданады. Қазір жасы он бесте. Қалған егіз екі немерем Әли мен Әмина әлі кішкентай, жастары небәрі онда. Тұңғыш немеремнің атын даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың құрметіне арнап қойдым. Тұсауын да атақты балуанның өзі кескен. Төрешілік қызметпен шетелді аралаған іссапарлардан отбасылық фотоальбом архивінде көптеген сурет сақталды. Соның ішінде маған ең жақыны Жапонияда дзюдо күресінің негізін салған Дзигаро Кано мырзаның бүгінде көзі тірі немересі Юкимитце Кано мырза мен 10-дан иегері Абе мырзамен түскен суретім. Осындай аты аңызға айналған кісілермен бір қатарда тұрып, кейінгі ұрпаққа естелік қалдыру – үлкен мәртебе, зор тағылым», деп ағамыз ағынан жарылды.

Спорттық жолында Серік Әнуарұлы 1998 жылы Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен Азия ойындарында төреші, 2002 жылы Оңтүстік Корея қаласы Пусандағы Азиадада бас төреші болды. Пусандағы Азия ойындарында спорт тарихында бірінші рет Қазақстан өкілі С.Оңғарбаев бас төрешілік жасады. Бұған дейін Жапония мен Оңтүстік Корея мемлекеттерінің азаматтары ғана бас төреші болып келген.

Серік Әнуарұлы бір кездері қазіргі Түркістан, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының туризм және спорт басқармасының басшысы болып та елге қызметін сіңірген. Ол басқарған 2003-2006 жылдары өңір спортшылары еліміздің І Жастар мен ауыл спорты ойындарына, спартакиадасына, басқа да жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алған.

Спорт саласының ардагері Серік Әнуар­ұлы Оңғарбаев – еліміздің еңбек сіңірген жаттық­тырушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Сонымен бірге бірқатар мерекелік медальмен, көптеген құрмет грамотасы, Алғысхаттармен марапатталған. Тағдыр атпал азаматтың пешенесіне еңбек пен ізденістерге толы ерекше баянды ғұмырды жазды. Ол өзінің қажымас қайрат-жігер, қарапайым адамдық қасиетімен өмірді мәуелі баққа айналдырды. Бүгінгі сергек қалпы, халықтың құрметі мен ізгі ілтипаты – соның айқын белгісі.

 

ШЫМКЕНТ