Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, ефрейтор Әлішер Асылбеков Ішкі істер министрінің атынан жоғары награда — «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Саптық алаңда марапатты әскери бөлім командирі Әмір Мансұров салтанатты жағдайда табыс етті.
Бұл медаль – Әлішердің жазда жасаған батыл әрекетінің бағасы. 9 маусым күні сағат түнгі он бірлер шамасында қаладағы жағажайда серуендеп жүрген ефрейтор суға батып бара жатқан әйелді байқап қалады. Ойланбастан, дереу көмекке жүгіреді. Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырып жатқанда әскери қызметші суға күмп беріп, әйел батып бара жатқан жерге жылдам жүзіп жетеді. Әйелді бірден жағаға шығарып, тыныс алуын жеңілдететін, өмірін сақтап қалуға көмектесетін алғашқы реанимациялық іс-шараларды да жасап үлгереді. Ессіз жатқан әйелдің кішкентай ұлы да сол жерде еді. Ол анасының ауыр халде жатқанын көріп, өз-өзіне келе алмай жылай бастайды. Анасына алғашқы көмек көрсеткеніне көз жеткізген Әлішер баласын да полиция мен жедел жәрдем келгенге дейін тыныштандырған.
– Бүгін біз ефрейтор Әлішер Асылбековке құрмет көрсетіп жатырмыз. Ол нағыз батылдық пен жанқиярлық танытып, қызметтен тыс уақытта жазатайым оқиғаның алдын алды. Оның әрекеті баршамыз үшін үлгі және ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің кез келген жағдайда адамдарды қорғауға дайын екенін көрсетеді, – деді 5514 әскери бөлімінің командирі Ә.Мансұров.
Ефрейтор Ұлттық ұлан қатарында 2022 жылдың мамыр айынан бастап қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде өзін жауапты әрі адал жауынгер ретінде көрсеткен ол оқыс оқиғадағы өзінің рөлін батырлық емес, негізгі міндеті деп санайтынын айтады.
– Менің орнымда кім болса да дәл осылай істейтін еді деп ойлаймын. Көріп тұрып әрекет етпеу – мүмкін емес. Түнгі уақыт, жарықтың әлсіздігі мен ағыстың қаттылығы жағдайды біраз қиындатты, бірақ оны дер кезінде жағаға шығарып үлгердім. Су адамның күшін тез алады, сондықтан тез әрекет ету керек болатынын жақсы түсіндім. Қауіпсіз жерге шыққасын да оған алғашқы медициналық көмек көрсете алдым. Сол сәттегі бар ойым, әйелді тек аман алып қалу ғана еді, – дейді ол.
Ұлттық ұлан қызметінің ажырамас бөлігіне айналған адалдық пен қайсарлықты көрсеткен сертіне берік сарбазға серіктестері де дән риза. Себебі Әлішердің әрекеті – әскердегі әріптестеріне ғана емес, өзгелерге де үлгі-өнеге.