• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ауыл 05 Желтоқсан, 2024

Ауыл поштасынан айырылмау керек

123 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 Жарлығына сәйкес Үкімет әзірлеп, бекіткен Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырым­дамасында тірек ауылдық елді мекендер пошта байланысының қызмет көрсету желісімен қамтамасыз етілетіні атап көрсетілген. Алайда қазіргі уақытта ауылды жерлерде қалыптасқан нақты жағдай алаңдатарлықтай.

Жуырда Ақтөбе облысы Қар­ғалы ауданы мәсли­хаты­ның бір топ депутаты Жоса­лы, Әлімбет, Шәмші Қалдаяқов ауыл­дарындағы пошта бөлімшелерінің жабылуына байланысты жергілікті тұрғындар­дың білдірген наразылығын осы өңір­ден сайланған Сенат депутаты Амангелді Нұғмановқа жеткізді. Олардың пікіріне қарағанда, қазіргі таңда «Қазпошта» ак­ционерлік қоғамы – ауылда пошта және банк қызметтерін көрсететін бірден-бір әрі аса қажет құрылым. Сондықтан да оның тұрғындар саны 2 мыңға жетпейтін ауылдық елді мекендердегі пошта бөлім­ше­лерін жабу туралы шешімі, ең алды­мен, зейнеткерлер мен халықтың әлеу­меттік осал топтарына теріс әсерін тигізеді. Өйткені олардың зейнетақы мен жәрдемақы алу үшін жақын маңдағы пош­та бөлімшелеріне, әсіресе қыс пен көк­темдегі жол бұзылған кезде баруы оңайға түспейді. Бұған қоса Қазақстан мен Ресей шекарасын Әлімбет ауылы арқылы кесіп өтетін азаматтар кедендік, салықтық және басқа да төлемдерді төлеуде қиындыққа тап болады. Ондай жолаушылар саны – күніне шамамен 1 500 адам.

Сенатор А.Нұғманов өз кезегінде Үкі­мет­ке депутаттық сауал жолдап, он­да «Қаз­­пошта» АҚ-ның Ақтөбе об­лы­сында ғана емес, республика бойынша тұр­ғын­дар саны аз ауылдық елді мекендердегі экономикалық тұрғыдан тиімсіз пошта бөлімшелерін жабу туралы шешімі ауыл тұрғындарының үлкен ренішін туғызып отырғанын мәлімдеді.

«Бұл ретте «Қазпошта» АҚ-ның рен­табельділігі туралы мәселеге қатысты мына­ны атап өткіміз келеді. Оның қар­жы­лық тұрақтылығы ауылда жылдар бойы қалып­тасып, орныққан байланыс жүйе­сін бұзу арқылы ауыл адамдарының мүд­десіне нұқсан келтіру есебінен реттелмеуге тиіс. Осы ретте бұл АҚ-ның бақылау пакеті мемлекетке тиесілі, ал негізгі функциясы халыққа қызмет көрсету екенін ұмытпауымыз керек. «Қазпоштаның» рентабельділігін қамтамасыз етудің өзге жолдарын іздестіріп, ауылдық елді мекен­дердегі пошта бөлімшелерін қысқарт­пау, яғни ауыл тұрғындарының онсыз да нашар өмір сүру жағдайын одан әрі төмендет­пеу қажет», деді сенатор А. Нұғманов.

Депутаттық сауалға Үкімет қайтар­ған ресми жауапта Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы үш ауылдың пош­та бөлімшелерін жабу туралы шешім оларды ұстауға жұмсалатын шығыстар­­дың ұлғаюымен және көрсететін қыз­­­мет­тер­ге сұраныстың төмендеуіне байла­ныс­ты қабылданғаны айтылған. Бұл ретте пошта және қаржы қызметтері­нің әлеу­меттік маңызы ескеріле отырып, Әлімбет және Шәмші Қалдаяқов ауыл­да­рының тұрғындарына пошта байла­ны­сының жылжымалы бөлімшесі арқылы қызмет көрсету жалғастырылады. Ал Жосалы ауылы Қарғалы ауданының орта­лығы – Бадамша ауылындағы орталық операциялық учаскеге бекітілген.

Жалпы, елімізде былтырдан бері рен­та­бельділігі төмен 167 ауылдық пош­та байланысы бөлімшесі жабылған. Себебі өткен жылы «Қазпошта» АҚ-ға ауылдық жерлерде қызмет көрсетуден келген шығын 17,5 млрд теңге болған. Бұған қолданыстағы тарифтердің нақты шығындармен сәйкес келмеуіне байланысты жол берілген. Мысалы, газеттер мен журналдарды жеткізу тарифі 2017 жылдан бері көтерілмей, 17 теңге мөл­шерінде қалып отыр. Қазір осы қызметтің өзіндік құны 353 теңгеге жеткен. Сондай-ақ ауылды жерлерде зейнетақы мен жәр­дем­ақыларды, біржолғы және өзге де тө­лем­дерді іске асырудың қолданыстағы тарифі – 247 теңге, ал өзіндік құны – 477 тең­­ге. Яғни бұл қызметті көрсетуден түсе­тін кіріс те жұмсалған шығынды жаппайды.

Мамандардың айтуынша, ауылдық елді мекендердегі пошта бөлімшелерін сақтап қалу үшін «Қазпоштаның» қолданыстағы тарифтерін қайта қарау қажет. Бұған заңнамалық негіз бар. «Байланыс туралы» заңға сәйкес мерзімді баспасөз басылымдарын ауылдық елді мекендерге жеткізу жөніндегі қызметтер мемлекеттік бюджеттен субсидиялауға жатады. Ал субсидия көлемі шығыстар мен нақты кірістер арасындағы айырма ретінде айқындалады. Осыған орай қазір газеттер мен журналдарды жеткізу қызметінің тарифін 17 теңгеден 80 теңгеге дейін арттыру мәселесі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде қаралып жатқан көрінеді. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді жеткізу тарифін де көбейтпей болмайды. Әрине, мұндай шараларды іске асыру үшін «Қазпошта» АҚ-ның жыл сайын шегіп отырған зиянының орнын толтыруға бағытталатын субсидия көлемін ұлғайтпай болмайды.

Шынтуайтында, еліміздегі 1,2 мың тірек ауылдық елді мекеннің көбіндегі тұр­ғындар саны – 2 мыңнан аз. Соған қа­рамастан Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымда­ма­сына сәйкес олардағы рентабельділігі төмен пошта бөлімшелері сақталуға және жабылып қалғандары қайтадан ашылуға тиіс. Бұл да «Қазпошта» АҚ-ға бөлінетін субсидия көлемін арттыруды талап етеді.

Пошта бөлімшесі жабылған ауылдарда газет-журналға жазылу кемшін соғып, тұрғындардың ақпаратқа қолжетімділігі төмендейтіні, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді уақтылы жеткізу, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету күрделене түсетіні анық. Өйткені аға ұрпақ өкілдерінің көбі мобильді телефон қосымшаларын қолдана білмейді. Ал интернет сапасы елорданың шеткері аудандарында әлі күнге пайдаланушылар шағымын туғызып отырғанын ескерсек, осы коммуникациялық желінің шалғай ауылдардағы жай-күйі тіпті шалағай екені айтпаса да түсінікті.

Түйіндей айтқанда, «Қазпошта» АҚ-ның ауылдардағы пошта бөлімшелерінің қызметінің әлеуметтік және рухани тұр­ғыдан мән-маңызы ерекше. Сондықтан да оларды тым құрығанда тірек ауылдық елді мекендерде сақтаудың түйінді мәселесін түпкілікті шешу қажет.