• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 06 Желтоқсан, 2024

Көшелі іс – көпке үлгі

88 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында елімізде биылғы көктемде басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жыл бойы жалғаса беруге тиістігін айта келіп: «Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті», деді.

Осы орайда жуырда Алтынбек Нухұлы бастаған Парламент Сенатының бір топ депутаты Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда «Таза Қазақстан» жобасы Қызылорда облысында өңір басшысының тікелей ұйытқы болуының арқасында ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. Сыр өңіріне көшпелі отырыспен барған сенаторлар облыс орталығының тап-тұйнақтай тазалығына көз жеткізген. Қызылорда қаласының санитарлық тазалық жұмыстарына осы жылы жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Коммуналдық мекемелерге 50-ден аса жаңа арнайы техника сатып алынған. «Қызылорда тазалығы» кәсіпорны жұмыс­шылары­ның айлық жалақысы өсіріліп, оларға қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілген. Бұған қоса Қызылорданың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 36 млрд теңге бөлініп, көшелер кеңейтіліп, төрт жолақты жолға айналдырылып жатыр. Осындай игі істерге жұмыссыз азаматтар тартылған. Қаланы абаттандыруға демеушілер бөлген 60 млрд теңгеден астам қаржыға «Анаға тағзым» орталығы, 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы салынып, орталық алаң жаңғыртылған. 

«Қызылорда облысының елді ме­кендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау жөніндегі жұмыс тәжірибесін өзге өңірлерге таратуды ұсынамыз. Сондай-ақ Үкімет тарапынан «Таза қала», «Жаңарған аймақ», «Өскен өңір» секілді аталымдар белгіленіп, рейтингтік бағалау қолға алынса, құба-құп болар еді», деді Алтынбек Нухұлы.

Сенаторлардың депутаттық сауалына Премьер-министр Олжас Бектенов берген ресми жауапта 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының стратегиялық бағыттарына қол жеткізу мақсатында негізгі ұлттық индикаторлар картасы қалыптастырылып, оған «Халықтың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейі» көр­сеткіші енгізілгендігі, ал жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалау Мемлекет басшысының «Ор­талық мемлекеттік органдар мен об­лыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергі­лік­ті атқарушы органдары қызметі­нің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Жарлығына сәйкес жүргізілетіні мәлімделген.

Бұл ретте Ұлттық экономика ми­нистрлігіне қарасты Экономикалық зерттеулер институты жыл сайын жүр­гізіп келе жатқан «Өңірлік әл-ауқат индексі» зерттеуіндегі маңызды көрсеткіштің бірі – қоршаған орта сапасына қанағаттану екендігін айтқан жөн. Өткен жылдың қорытындысы­на қатысты жүргізілген әлеуметтік сауалнама, расында да, Қызылор­да об­лысында қоршаған ортаның сапа­сын жақсарту бағытында қыруар жұ­мыс атқарылып жатқандығын ай­ғақ­тады. Сыр өңірі тұрғындарының экологиялық жағдайға қанағаттану деңгейі 2022 жылғы 41,6 пайыздан былтыр 60,1 пайызға дейін көтеріл­ген. Соның ішінде респонденттер­дің ­7,1 пайызы қанағаттанатындық­та­рын білдіріпті. Осы көрсеткіш бұрнағы жылы небәрі 0,6 пайыз болған еді. Алайда қызылордалықтардың 40,4 пайызының пікірінше, қоршаған ортаның қоқыспен ластану деңгейі әлі де жоғары.

Салыстырмалы тұрғыдан қараған­да, қоршаған ортаның сапасы ең жақ­сы өңір – Түркістан облысы. Бұл өңір тұрғындарының экологиялық жағ­дай­­­ға қанағаттанушылығы 65,4 па­­­йыз­дан ­83,3 пайызға дейін жеткен. Со­­­­ның ішін­де қанағаттанушылық біл­дір­ген­дер­дің үлесі – 7,4 пайыз. Алай­да түркістандықтардың 45,8 пайызы қор­шаған ортаның қоқыспен ластануына шағымданған.

Ал қоқыстан ең таза аймақ – Сол­түстік Қазақстан облысы. Сол­түс­тік­қазақстандық респонденттердің 35,8 пайызы ғана қоршаған ортаның қоқыспен ластануы жоғары деп санапты. Қызылжар өңірі тұрғын­да­рының экологиялық жағдайға қанағат­танушылығы 63,4 пайыздан 67,2 па­йызға дейін артқан.

Жамбыл облысында қоршаған ор­таның сапасына қанағаттанушылық деңгейі 59,8 пайыздан 61,6 пайызға дейін көтерілген. Әулиеата өңірі тұр­ғындарының 45,9 пайызы экологияның қоқыспен ластануына наразы.

Атырау облысында былтыр эко­логиялық жағдайға қанағат­тану­шылар саны сәл көбейіп, бұрнағы жылғы 54,7 пайыздан 56,6 пайызға дейін жеткен. Алайда атыраулықтардың 71,1 пайызы ауаның ластануы жоғары деп санаған. Мұнайлы өңірдегі қоқыс та аз емес бол­ғандықтан, бұған респонденттердің 59,4 пайызы реніш білдірген.

Қарағанды облысында да қорша­ған орта сапасына қанағаттанушы­лар қатары 33,9 пайыздан 46,7 пайыз­ға дейін қалыңдаған. Алайда көмірлі өңірде қоқыс әлі де көп болғандықтан, респонденттердің 71,3 пайызы қор­шаған ортаның қалдықтармен ластануы жоғары деп санапты. Ауа сапасына шағымданғандардың үлесі де көп – 66,2 пайыз.

Өзге облыстар мен мегаполис­тер­дің бәрінде өткен жылы экологиялық жағдай нашарлай түскені аңға­рылады. Әсіресе Ұлытау облысы тұр­ғындарының қоршаған орта сапасына қанағаттанушылық деңгейі бұрнағы жылғы 47,2 пайыздан 12,3 пайызға дейін құлдыраған. Мысты өңірдің әлеуметтік сауалнамаға қатысқан тұрғындарының 85,2 пайызы ауаның, 81,5 пайызы судың сапасына қанағаттанбайтындығын білдірген. 82,1 пайызы экологияны қоқыс бүлдіріп жатыр деген пікірде.

Павлодар облысында қоршаған орта сапасына қанағаттанатын тұр­ғын­дар саны алдыңғы жылғы 50,6 па­йыздан 30,5 пайызға дейін азайған. Ертіс-Баян өңірі тұрғындарының 80,2 пайызы – ауаның ластануына, 53,6 па­йызы қоқыстың көптігі мен ауызсудың сапасыздығына шағымданған.

Маңғыстау облысында экология­­лық жағдайды қанағат тұтатындар қата­ры 60,1 пайыздан 33,8 пайызға дейін күрт түскен. Әулиелі өңір тұрғындары­ның 92,9 пайызы ауаның сапасы нашар, ­84,2 пайызы экологияны қоқыс бүлді­ріп жатыр деп санайды. Ауызсу­дың тазалығына көңілі толмағандар­дың үлесі – 79,8 пайыз.

Ақтөбе облысы тұрғындарының 92,5 пайызы қоршаған ортаға қоқыс залал келтіріп жатқандығына наразы. Өңірде су (87,4 пайыз) мен ауаның (85,4 пайыз) сапасына шағымданушылар да көп. Ақтөбеліктердің экологиялық жағдайға қанағаттанушылығы 55,8 па­йыздан 37,7 пайызға дейін құлдыраған.

Қоқыстың көптігіне наразы тұр­ғындар қатары Шығыс Қазақстан (74,7 пайыз), Ақмола (73,9 пайыз), Қостанай (53,6 пайыз), Абай (52,9 пайыз) облыстарында да қалың көрінеді.

Мегаполистерге келсек, Шымкент қаласы тұрғындарының қоршаған ортаның сапасына қанағаттанушылық деңгейі 70,3 пайыздан 43,3 пайызға дейін құлдыраған. Шымкенттіктер, әсіресе ауа сапасының нашарлығына (65,6 пайыз), қоқыстың көптігіне (65,4 пайыз) алаңдаушылық білдірген.

Алматы қаласы тұрғындары­ның 87,3 пайызы ауаның, 69,4 пайы­зы судың сапасы нашар деген сын айтқан. 70,5 пайызы экологияға қоқыстан залал келіп жатыр деп санаған. Жалпы, оңтүстік астана тұрғындарының экологиялық жағ­дайға қанағаттанушылық деңгейі 54,5 пайыздан 44,3 пайызға дейін төмендеген.

Астана қаласы тұрғындарының ­эко­логиялық жағдайға қанағаттану­шы­лығы да 58,4 пайыздан 48,7 пайыз­ға дейін азайған. Астаналықтар ауа­ның ластануы (65,6 пайыз) мен қоқыс­тың уақтылы жинап әкетілмеуіне ­(65,4 пайыз) көңілдері толмайтынды­ғын білдірген.

Жоғарыда келтірілген әлеуметтік зерттеу деректері Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына дер кезінде бастамашылық жасағанын көрсетеді. Осы жобаны іске асыру барысында еліміздің эко­ло­гиялық жағдайы жақсара түс­кені анық. Бұл ретте, сенаторлар ұсын­ған­дай, қоршаған ортаның сапасын айтар­лықтай жақсартуға қол жеткізген өңір­лердің озық тәжірибесін жинақ­тап, елге кеңінен таратудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейді халқымыз.