Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында елімізде биылғы көктемде басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жыл бойы жалғаса беруге тиістігін айта келіп: «Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті», деді.
Осы орайда жуырда Алтынбек Нухұлы бастаған Парламент Сенатының бір топ депутаты Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда «Таза Қазақстан» жобасы Қызылорда облысында өңір басшысының тікелей ұйытқы болуының арқасында ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. Сыр өңіріне көшпелі отырыспен барған сенаторлар облыс орталығының тап-тұйнақтай тазалығына көз жеткізген. Қызылорда қаласының санитарлық тазалық жұмыстарына осы жылы жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Коммуналдық мекемелерге 50-ден аса жаңа арнайы техника сатып алынған. «Қызылорда тазалығы» кәсіпорны жұмысшыларының айлық жалақысы өсіріліп, оларға қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілген. Бұған қоса Қызылорданың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 36 млрд теңге бөлініп, көшелер кеңейтіліп, төрт жолақты жолға айналдырылып жатыр. Осындай игі істерге жұмыссыз азаматтар тартылған. Қаланы абаттандыруға демеушілер бөлген 60 млрд теңгеден астам қаржыға «Анаға тағзым» орталығы, 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы салынып, орталық алаң жаңғыртылған.
«Қызылорда облысының елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау жөніндегі жұмыс тәжірибесін өзге өңірлерге таратуды ұсынамыз. Сондай-ақ Үкімет тарапынан «Таза қала», «Жаңарған аймақ», «Өскен өңір» секілді аталымдар белгіленіп, рейтингтік бағалау қолға алынса, құба-құп болар еді», деді Алтынбек Нухұлы.
Сенаторлардың депутаттық сауалына Премьер-министр Олжас Бектенов берген ресми жауапта 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының стратегиялық бағыттарына қол жеткізу мақсатында негізгі ұлттық индикаторлар картасы қалыптастырылып, оған «Халықтың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейі» көрсеткіші енгізілгендігі, ал жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалау Мемлекет басшысының «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Жарлығына сәйкес жүргізілетіні мәлімделген.
Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеулер институты жыл сайын жүргізіп келе жатқан «Өңірлік әл-ауқат индексі» зерттеуіндегі маңызды көрсеткіштің бірі – қоршаған орта сапасына қанағаттану екендігін айтқан жөн. Өткен жылдың қорытындысына қатысты жүргізілген әлеуметтік сауалнама, расында да, Қызылорда облысында қоршаған ортаның сапасын жақсарту бағытында қыруар жұмыс атқарылып жатқандығын айғақтады. Сыр өңірі тұрғындарының экологиялық жағдайға қанағаттану деңгейі 2022 жылғы 41,6 пайыздан былтыр 60,1 пайызға дейін көтерілген. Соның ішінде респонденттердің 7,1 пайызы қанағаттанатындықтарын білдіріпті. Осы көрсеткіш бұрнағы жылы небәрі 0,6 пайыз болған еді. Алайда қызылордалықтардың 40,4 пайызының пікірінше, қоршаған ортаның қоқыспен ластану деңгейі әлі де жоғары.
Салыстырмалы тұрғыдан қарағанда, қоршаған ортаның сапасы ең жақсы өңір – Түркістан облысы. Бұл өңір тұрғындарының экологиялық жағдайға қанағаттанушылығы 65,4 пайыздан 83,3 пайызға дейін жеткен. Соның ішінде қанағаттанушылық білдіргендердің үлесі – 7,4 пайыз. Алайда түркістандықтардың 45,8 пайызы қоршаған ортаның қоқыспен ластануына шағымданған.
Ал қоқыстан ең таза аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы. Солтүстікқазақстандық респонденттердің 35,8 пайызы ғана қоршаған ортаның қоқыспен ластануы жоғары деп санапты. Қызылжар өңірі тұрғындарының экологиялық жағдайға қанағаттанушылығы 63,4 пайыздан 67,2 пайызға дейін артқан.
Жамбыл облысында қоршаған ортаның сапасына қанағаттанушылық деңгейі 59,8 пайыздан 61,6 пайызға дейін көтерілген. Әулиеата өңірі тұрғындарының 45,9 пайызы экологияның қоқыспен ластануына наразы.
Атырау облысында былтыр экологиялық жағдайға қанағаттанушылар саны сәл көбейіп, бұрнағы жылғы 54,7 пайыздан 56,6 пайызға дейін жеткен. Алайда атыраулықтардың 71,1 пайызы ауаның ластануы жоғары деп санаған. Мұнайлы өңірдегі қоқыс та аз емес болғандықтан, бұған респонденттердің 59,4 пайызы реніш білдірген.
Қарағанды облысында да қоршаған орта сапасына қанағаттанушылар қатары 33,9 пайыздан 46,7 пайызға дейін қалыңдаған. Алайда көмірлі өңірде қоқыс әлі де көп болғандықтан, респонденттердің 71,3 пайызы қоршаған ортаның қалдықтармен ластануы жоғары деп санапты. Ауа сапасына шағымданғандардың үлесі де көп – 66,2 пайыз.
Өзге облыстар мен мегаполистердің бәрінде өткен жылы экологиялық жағдай нашарлай түскені аңғарылады. Әсіресе Ұлытау облысы тұрғындарының қоршаған орта сапасына қанағаттанушылық деңгейі бұрнағы жылғы 47,2 пайыздан 12,3 пайызға дейін құлдыраған. Мысты өңірдің әлеуметтік сауалнамаға қатысқан тұрғындарының 85,2 пайызы ауаның, 81,5 пайызы судың сапасына қанағаттанбайтындығын білдірген. 82,1 пайызы экологияны қоқыс бүлдіріп жатыр деген пікірде.
Павлодар облысында қоршаған орта сапасына қанағаттанатын тұрғындар саны алдыңғы жылғы 50,6 пайыздан 30,5 пайызға дейін азайған. Ертіс-Баян өңірі тұрғындарының 80,2 пайызы – ауаның ластануына, 53,6 пайызы қоқыстың көптігі мен ауызсудың сапасыздығына шағымданған.
Маңғыстау облысында экологиялық жағдайды қанағат тұтатындар қатары 60,1 пайыздан 33,8 пайызға дейін күрт түскен. Әулиелі өңір тұрғындарының 92,9 пайызы ауаның сапасы нашар, 84,2 пайызы экологияны қоқыс бүлдіріп жатыр деп санайды. Ауызсудың тазалығына көңілі толмағандардың үлесі – 79,8 пайыз.
Ақтөбе облысы тұрғындарының 92,5 пайызы қоршаған ортаға қоқыс залал келтіріп жатқандығына наразы. Өңірде су (87,4 пайыз) мен ауаның (85,4 пайыз) сапасына шағымданушылар да көп. Ақтөбеліктердің экологиялық жағдайға қанағаттанушылығы 55,8 пайыздан 37,7 пайызға дейін құлдыраған.
Қоқыстың көптігіне наразы тұрғындар қатары Шығыс Қазақстан (74,7 пайыз), Ақмола (73,9 пайыз), Қостанай (53,6 пайыз), Абай (52,9 пайыз) облыстарында да қалың көрінеді.
Мегаполистерге келсек, Шымкент қаласы тұрғындарының қоршаған ортаның сапасына қанағаттанушылық деңгейі 70,3 пайыздан 43,3 пайызға дейін құлдыраған. Шымкенттіктер, әсіресе ауа сапасының нашарлығына (65,6 пайыз), қоқыстың көптігіне (65,4 пайыз) алаңдаушылық білдірген.
Алматы қаласы тұрғындарының 87,3 пайызы ауаның, 69,4 пайызы судың сапасы нашар деген сын айтқан. 70,5 пайызы экологияға қоқыстан залал келіп жатыр деп санаған. Жалпы, оңтүстік астана тұрғындарының экологиялық жағдайға қанағаттанушылық деңгейі 54,5 пайыздан 44,3 пайызға дейін төмендеген.
Астана қаласы тұрғындарының экологиялық жағдайға қанағаттанушылығы да 58,4 пайыздан 48,7 пайызға дейін азайған. Астаналықтар ауаның ластануы (65,6 пайыз) мен қоқыстың уақтылы жинап әкетілмеуіне (65,4 пайыз) көңілдері толмайтындығын білдірген.
Жоғарыда келтірілген әлеуметтік зерттеу деректері Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына дер кезінде бастамашылық жасағанын көрсетеді. Осы жобаны іске асыру барысында еліміздің экологиялық жағдайы жақсара түскені анық. Бұл ретте, сенаторлар ұсынғандай, қоршаған ортаның сапасын айтарлықтай жақсартуға қол жеткізген өңірлердің озық тәжірибесін жинақтап, елге кеңінен таратудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейді халқымыз.