Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, көпбалалы әке Жанасбек Пермабекпен жүздесті. Халық қаһарманы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтордің үйіне барып, жанұясымен танысты.
Бүгінде Жанасбектей жауынгермен бір сапта қызмет етіп жүргеніне мақтанатын ұландықтар көп. 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі – халқына адал сарбаз, отбасында үлгілі әке. Осылай деген генерал-майор Қайрат Үмбетов өнегелі отбасына арнайы келіп, балаларға базарлық сыйлап, қаруласының отбасымен жақынырақ танысуды жөн көрген.
«Ұлттық ұлан қолбасшылығы қашанда қатарымызда қызмет етіп жүрген көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөліп, оларға әлеуметтік қолдау танытып келеді. Бүгінгі кезекті қызметтік сапарымда осындай бір өнегелі отбасымен жүздесу сәті түсті», деді ол.
Көпшілікке мәлім, биыл мамырда Жанасбек көзсіз ерлік танытып, жұрт ықыласына ие болды. Өскемен қаласында Үлбі өзенінің жағасында серуендеп жүрген ол суға батып, айналасынан көмек сұраған қызды байқайды. Өзеннің қатты ағысына қарамастан, суға лап қойған Жанасбек бойжеткенді өзен жағасына шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жауынгердің жанкешті әрекетінің арқасында қыз өлім аузынан аман қалды. Бұл ерлігі үшін ефрейтор Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
– Салқындығы шекеден өтетұғын Үлбі өзені есіме түссе, денем қазір де тітіркеніп кетеді. Шынымды айтсам, суға түсуге құмар адамдар қатарынан емеспін. Бірақ мұндай жағдайда әскери қызметші болғандықтан, дереу шара қолданып, қорқынышыңды ұмыту қажет. Өскеменді кесіп өтетін қай өзеннің болсын ағысы қатты. Ал көктем мезгілінде, яғни су көтерілген шақта өзенге түсу – тілсіз жаудың бір сәтте құрбанына айналумен бірдей. Сондықтан қала тұрғындарына суға түсуге рұқсат етілген иірімі аз арнайы жағаға барып, өзенге шомылмауға кеңес берер едім. Жалпы, кез келген адам тілсіз жаудан қорғанып, сақтық шараларын есте ұстаған дұрыс. Әсіресе, ағысы қатты өзендерде шомылғанда барынша абай болуларын сұраймын, – дейді Жанасбек.
Бұл оқиға оның есінде ұзаққа дейін қалары сөзсіз. Бірақ сол күні ефрейтор ағыстың қатты екенін аңғарғаннан кейін көмек қолын созуға қатар келген жолдасына суға түсуге кеңес бермеген. Асау толқынды Үлбі тұтастай үшеуін де ағызып әкетер деген ой қылаң берсе керек. Жанасбек Ұлттық ұланда 2011 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Әскери қызметкер жан шошырлық шақтағы тайынбас батыл әрекетімен қаруластарының арасында да үлгі бола білді.
– Жанасбек бар жерде қойылған тапсырма жоғары деңгейде орындалады. Сондықтан қайта-қайта қаузап, қойылған тапсырманы тәптіштеп, сұраудың да қажеті жоқ. Жанасбектей жауапкершілігі жоғары сенімді азаматтардың Ұлттық ұлан сапында қызмет етуі – біз үшін мақтаныш. Өйткені ол кез келген уақытта нағыз жауынгерге тән жанкештілігімен өзгелерден биік тұрады. Сондай-ақ ол көмек сұрағанға қолұшын беруден еш жалыққан емес. Бәлкім, осындай адамгершілік қасиеттерінен кейін бе екен, ұжымда сыйлы әрі абыройлы. Сонымен қатар оның домбыра шертіп, күй орындай алатын өнері барын біреу білсе, біреу білмес. Ол домбыраны мақамына келтіріп орындағанда қазақ күйлерінің құдіретін сезініп, бойыңды ерекше рух билейді, – дейді 6699 әскери бөлімінің 3-атқыштар ротасының командирі Шалқар Асихан.
Жаужүрек жауынгердің отбасында төрт бала бар. Қонаққа келген генерал балаларға базарлық таратып, шаңыраққа шадыман қуаныш сыйлады. Айтпақшы, Халық қаһарманы Қайрат Үмбетовтің өзі де оқу-жаттығу кезінде қатардағы сарбазды граната жарылысынан құтқарып, ерен ерлік үлгісін көрсеткен еді. Бейбіт күннің қос батыры қоғамдағы оқиғаларға бейжай қарамай, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дарыту қажеттігін сөз етті. Кеш соңында көпке үлгі болған көпбалалы отбасы шаңыраққа арнайы ат басын бұрған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарына алғыс білдірді.