Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде: «Азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі басым міндетті ұдайы назарда ұстаған дұрыс. Зейнетақы жүйесінің әлеуетін арттырудың, оны жетілдірудің тәсілдерін табу керек. Дені сау, қажыр-қайраты мол зейнеткерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін ынталандыру маңызды», деген еді.
Мемлекет басшысының осы сөзі бүгінде қызметін жалғастырып жүрген зейнеткерлердің абыржыған көңілін орнына түсіргені анық. Өйткені аталған форум қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс істейтін зейнеткерлерге мемлекеттік бюджеттен зейнетақы төлеуді тоқтату туралы ұсыныс айтқан еді. Алайда оны әртүрлі салада маңдай тер төгіп, қосымша нәпақа тауып жүрген ардагерлер ғана емес, Парламент мүшелері де қолдаған жоқ. Мәжілістің Айдос Сарым бастаған бір топ депутаты министр С.Жақыпованың атына депутаттық сауал жолдап, оның жұртшылық талқысына салған ұсынысы азаматтардың еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру құқығына кепілдік беретін Ата заңға қайшы келеді деген пікір білдірді.
«Еліміздің әрбір азаматы зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін де адал жұмыс істеуге құқылы. Әйтпесе білікті мұғалімдер мен дәрігерлердің, басқа да кәсіби мамандардың жетіспеушілігі мәселесін қалай шешуге болады? Қазір экономиканың қай саласында болсын кадр тапшылығы өткір сезіледі» , деді А.Сарым.
«Электрондық еңбек биржасының 4 қарашадағы мәліметі бойынша елімізде 53 826 бос жұмыс орны бар, оның 13 356-сы жұмыс өтілін талап етпейді. Бұған қоса, Head Hunter жұмыс іздеу платформасында 47 946 бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ жұмыс күшінің, негізінен жастардың шетелге кету үрдісі байқалады. Ол еліміздегі жұмыс орындарының жетіспеуінен емес, жалақының төмендігінен, еңбек жағдайларының тартымсыздығынан туындаған.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) әдістемесі бойынша 2021 жылы жүргізілген жұмыскерлердің машықтарын талдау жас және аға буын арасындағы айырмашылық үш есе екендігін көрсетті. Бұл жаңа кадрлардың қазіргі кадрларға қарағанда біліктілігі төмен екендігін білдіреді. Сондықтан мамандарды даярлау жүйесін терең реформалау, елдегі еңбек жағдайларын жақсарту қажет. Ал зейнеткерлер жастардың жұмыс орындарын «алып қойып отыр» деген уәж – сындарлы емес», деді халық қалаулысы.
Кейінгі жылдары елімізде жұмыс істейтін зейнеткер саны көбейе түскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, еңбек ететін 65 жастан асқан ардагер саны 2019 жылғы 56,8 мыңнан биылғы үшінші тоқсанда 117,3 мыңға дейін, яғни екі еседен астам артқан. Қазір еңбек қызметін жалғастырып жүрген зейнеткердің 65,5 мыңы – ауыл, орман және балық шаруашылығында, 10,8 мыңы – сауда саласында, автомобиль, мотоцикл жөндеуде, 8,3 мыңы – әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде, 4,6 мыңы – мемлекеттік қызметте, 4,3 мыңы – өнеркәсіпте, 3,1 мыңы – құрылыста, 2,7 мыңы – білім беру ұйымдарында, 2 мыңға жуығы денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істеп жүр. Мұндай ардагерлер әсіресе жұмыс күші тапшы Қостанай (24,4 мың адам), Ақмола (12,8 мың адам), Солтүстік Қазақстан (12,3 мың адам), Павлодар (11,4 мың адам) облыстарында, сондай-ақ Қарағанды (12,5 мың адам), Атырау (11,8 мың адам), Ақтөбе (9,9 мың адам) облыстары мен Алматы қаласында (9,3 мың адам) көп.
Жұмыс істейтін зейнеткер қатары неге қалыңдап барады деген сауалдың жауабын Ұлттық статистика бюросы жүргізген әлеуметтік зерттеуден таптық. Сауалнамаға қатысқан 65 жастан асқан азаматтардың 81 пайызы өздерінің әл-ауқатын орташа деңгейде, 14,5 пайызы ортадан жоғары деп бағалаған. 5,3 пайызы ет пен балық тағамдарымен екі күнде бір рет тамақтануға жағдайлары келмейтінін білдірген. 4 пайызы тозған киімдерін тастап, жаңаларын алуға қаражаттары жетпейтіндігіне шағымданған.
ЕХӘҚМ-нің мәліметіне қарағанда, қазір еліміздегі зейнетақының орташа мөлшері – 131 810 теңге. Бұл сома баға шарықтап, инфляция үдеп, теңге құнсызданып тұрған бүгінгі уақытта отандастарымыздың лайықты қарттық шағын қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан да шенеуніктер зейнеткерлердің еріккеннен еңбек етіп жүрмегенін түсінгендері жөн. Оның үстіне еңбек етіп жүрген ардагерлерге зейнетақы төлеуді тоқтату жұмыс күші тапшы өңірлерде олардың жұмыстан жаппай кетуіне, ал оның аяғы кадр тапшылығы мәселесін тіпті шиеленістіруге әкеліп соғуы мүмкін.
ЕХӘҚМ жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлеуді тоқтатып, олардың «құрметті демалысқа» шығуын кейінге қалдыру – ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттерде кеңінен таралған тәжірибе, ондай азаматтарға кейін арнайы көбейту коэффициентін қолдану арқылы мөлшері әлдеқайда жоғары зейнетақы тағайындалады деп түсіндірді. Осы реформаны енгізу нәтижесінде үнемделетін қаржы 55 жаста зейнетке шыққысы келетін адамдарға зейнетақы төлеуге жұмсалмақ көрінеді. Тек министрліктегі жоғары лауазым иелері ЭЫДҰ елдеріндегі жалақы мен зейнетақы мөлшері қаншалықты қомақты екендігін ескермеген тәрізді. «Аттыға ерем деп, жаяудың таңы айырылыпты» дегеннің кебі. Бұл ретте Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерде офицер кадрларының жетіспеушілігін болдырмау мақсатында зейнетке шыққан запастағы офицерлердің зейнетақысын сақтай отырып, оларды әскери қызметке қайтадан шақыру туралы ұсыныс жасағанын да естен шығармау қажет.
Шынтуайтында, зейнетақы жүйесін жетілдіруді мемлекеттік қызметшілерден бастау керек. Мәселен, Ресейде 2021 жылғы 22 мамырда қабылданған Федералдық мемлекеттік қызметшілердің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлеу жөніндегі ережеге сәйкес азаматтар Ресей Федерациясының мемлекеттік лауазымына, Ресей Федерациясы субъектісінің мемлекеттік лауазымына, тұрақты негізде атқарылатын муниципалдық лауазымға, мемлекеттік азаматтық қызмет лауазымына, муниципиалдық қызмет лауазымына тағайындалған немесе сайланған күннен бастап оларға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлеу тоқтатылады. Көрші елде мемлекеттік қызметте болу мерзімі 65 жасқа дейін екенін, ол кез келген мемлекеттік қызметшінің жұмыс қабілетіне байланысты 70 жасқа дейін ұзартылатындығын да айтқан жөн.
Біздің елде 2015 жылғы 23 қарашада қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға сәйкес мемлекеттік саяси қызметшілер 63 жасқа келгеннен кейін қызметтерін доғаруға тиіс. Тек Президент тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін өз қызметін Мемлекет басшысының шешімі бойынша бес жылға дейінгі мерзімге жалғастыра алады. Ал мемлекеттік әкімшілік қызметшілер зейнеткерлік жасқа келгеннен кейін олармен жасалған еңбек шарты бір жылға ғана ұзартылады. Бірақ осы заң талабы 2023 жылғы 20 сәуірде қабылданған Әлеуметтік кодекстің 30-бабының 5-тармағына сәйкес келмейді. Онда зейнеткерлік жасқа келген, кәсіби және біліктілік деңгейі жоғары жұмыскермен еңбек шарты оның еңбекке қабілеттілігі ескеріле отырып, жыл сайын ұзартылуы мүмкін деп көрсетілген. Демек нормативтік-құқықтық актілер иерархиясы бойынша Кодекс кез келген заңнан жоғары тұратындықтан, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң оған сәйкестендірілуге тиіс. Бұл жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілер тапшылығын болдырмауға, білікті де тәжірибелі кадрларды сақтауға мүмкіндік береді. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Егер 60 жастағы шенеунік өз қызметін ойдағыдай атқарса, институционалдық жадқа ие болса, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы болса, оны жұмыстан шығаруға болмайды. Яғни ақылға қонымды, сараланған көзқарас болуы керек», деген еді.
Расында да, еңбекке қабілеті бар ардагерлердің мол әлеуетін ұтымды пайдалансақ, ұтарымыз хақ. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі биыл «Алтын жас» әлеуметтік жобасын іске асырып, зейнеткерлерді жергілікті бюджеттен субсидия бөлінетін жұмыс орындарына орналастырып жатқандығы бекерден-бекер емес.