Өткен жылдың соңындағы әскерге шақыру науқаны барысында әскери міндетін өтеуден жалтарып жүрген жас жігіттердің талайын Қорғаныс істері жөніндегі және Полиция департаменттерінің қызметкерлері көшеден ұстап алып, әскерге аттандырғанын бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтордан білдік.
Ал қазір Петропавл қаласының кейбір сауда орнында: «Әскери қызметтен ешқандай парасыз және жалған құжат жасамай-ақ, заңды негізде босатуға көмектесеміз», деген хабарландыру дауыс зорайтқыш арқылы айтылып жатыр. Осы «көмектесушілер» интернетте арнайы сайт ашып, өздерінің 5 жылдан аса ойдағыдай жұмыс істеп жүргенін, сол уақыт ішінде жүздеген азаматты әскерден босатқанын мақтана жазыпты. Бұған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жергілікті ұйымы мен зиялы қауым өкілдері наразылық білдірді. Алайда еліміздің «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңында, сондай-ақ Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерінде әскери міндеттілердің әскери қызметтен жалтаруына дем берушілерге ешқандай жауаптылық қарастырылмаған. Соны пайдаланған бәзбіреулер әскерге барғысы келмейтін жастарға дем беруді табыс көзіне айналдырып алыпты. Осы мәселеге Парламент Мәжілісінің депутаттары назар аударып, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгеріс енгізсе, құба-құп. Мәселен, айыр қалпақты ағайын елінің «Қырғыз Республикасы азаматтарының жалпыға бірдей әскери міндеті туралы, әскери және баламалы қызметтер туралы» заңында азаматтар мен лауазымды тұлғаларға әскерге шақырылушылардың әскери қызметтен жалтаруына дем бергені үшін жауаптылық жүктелген.
Шынтуайтында, әскери қызметтен жалтару сияқты келеңсіз құбылыстан әскеріміздің беделі артпай, құтылуымыз қиын. Әсіресе мерзімді қызметке шақырылған жас сарбаздардың кейбірі бейбіт күнде қайғылы қазаға ұшырап жатқаны сүйікті ұлынан айырылған ата-аналарды зар жылатып қана қоймай, жастардың бір бөлігінің әскерге бармаудың әртүрлі айла-шарғысына жүгінуіне әкеліп соғып отыр. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында: «Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», деді.
Қорғаныс министрлігі казармалық бұзақылықтың алдын алу және әскери бөлімдерде тәртіпті қамтамасыз ету шараларын қолданып та жатыр. Жеке құрамға бақылау жүргізудің «Серіктес», «Пирамида», «Жауынгерлік дос» жүйелері және «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі жұмыс істейді. Кез келген әскери қызметші өтініш айта алатын профилактикалық кабинеттер мен сенім телефондары бар. Қолжетімді орындарда жазбаша арыз бен өтініш салу үшін арнаулы жәшіктер қойылған. Әскери қызметшілердің мінез-құлқына онлайн-бақылау жасау үшін қызметтік үй-жайлар, казармалар видеокамералармен жабдықталған. Сарбаздар аналары комитеті өкілдерінің әскери бөлімдерге және әскерге шақырылушыларды жинақтау пункттеріне тәулік бойына кіруіне рұқсат берілген. Осындай шаралардың нәтижесінде кейінгі жылдары Қарулы күштерде жарғыдан тыс қарым-қатынастардан болған қылмыс саны айтарлықтай азайған.
Әскер беделі әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына да байланысты. Бұл ретте де сең орнынан жылжығандай өзгеріс бар. Әскерилердің жалақысы соңғы рет 2008 жылы ғана көтерілгені ескеріліп, бұрнағы жылы әскери ұшқыштардың лауазымдық жалақылары өсірілді, әскери медициналық қызметшілердің ақшалай үлесі азаматтық медициналық мекемелердің қызметкерлерінің жалақыларының деңгейіне дейін, ал жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақылары азаматтық жоғары оқу орындарының деңгейіне дейін жеткізілді. Үкімет күштік құрылымдардың әскери қызметшілеріне еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшуді қолдап, оны биылғы 1 қаңтардан бастап екі кезеңде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ әскери қызметшілердің ертеректе болған жеңілдіктерін қайтару мәселесі де қарастырылып жатыр. Олардың ішінде әскери қызметшілердің қоғамдық көлікте ақысыз жүруі, әскери отбасы мүшелерінің жылына бір рет демалыс орнына тегін барып-қайтуы сияқты шаралар бар. Әскерилерге коммуналдық қызмет үшін төленетін үстемеақының көлемін арттыру да ұсынылып отыр. Кейінгі жылдары әскери қызметшілерді тұрғынжаймен қамтамасыз ету жолға қойылды. Олар республикалық бюджеттен бөлінген тұрғын үй төлемдері есебінен баспана сатып алып жатыр.
Әскери қызметтің беделін арттыру үшін қолға алынған тағы бір шара – мерзімді әскери қызмет атқарған сарбаздарға жоғары білім алу үшін жеңілдіктер берілгені. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелеріне қарамастан, жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсе алады. Ал жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздарға жоғары оқу орны есебінен өтеусіз негізде әрі ҰБТ тапсырмай оқу құқығы берілді. Әскерде болған азаматтар Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына да емтихансыз түсе алады.
Бұған қоса мерзімді әскери қызметке алынған жастардың банкке қарыздары мен микронесиелері бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мәселесі де оң шешімін тапты. Сарбаздар мерзімді әскери қызметте болған кезде және одан кейін 60 күн бойы олардың негізгі қарыз бен сыйақы бойынша төлемдері тоқтатылады.
Қорғаныс министрлігінің басшылары 2015 жылы әскердегі әлімжеттік жойылды деп мәлімдегені жадымызда. Мұның негізгі себебі әскерде келісімшарт арқылы әскери қызмет атқарып жүрген азаматтардың үлесі 70 пайызға жеткені еді. Содан бері кей сарбаздың өзінен әлсіз жауынгерге күш көрсетуі «жарғылық емес қарым-қатынас» деп аталып келеді. Демек, әскерде темірдей тәртіп орнату үшін кәсіби армия құруға күш салу, яғни келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарушы сарбаздар санын барынша арттыру қажет. Әрине, бұл Қарулы күштерге бөлінетін бюджет қаржысын көбейтуді талап етеді. Осы орайда назар аударып, ойланарлық жайт – әлемнің бірқатар елінде мерзімді әскери қызметке барғысы келмейтін азаматтар бұл міндеттен заңды түрде ақы төлеу арқылы босатылатыны. Мысалы, Түркияда әскери міндетті болып саналатын азаматтар әскерге бармау үшін шамамен 5,5 мың доллар, Моңғолияда 700 доллар төлейді екен. Грузияда мерзімді әскери қызметтің кейінгі қалдырылған әр жылы үшін 700 доллар төлеуге тура келеді. Швейцарияда әскерге барғысы келмейтін азамат жылдық табысының 3 пайызын мемлекет қазынасына аударуға міндетті. Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда мерзімді әскери қызметтен босатылып, баламалы әскери қызметке немесе жұмылдыру әскерге шақыру резервіне алыну үшін әскери міндетті азаматтар тиісті заңнамада немесе Үкімет белгілеген мөлшерде төлем төлейді.