• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 08:50

Бірегей орталықтағы елеулі жетістіктер

18 рет
көрсетілді

Президент Іс басқармасы медициналық орталығының мүм­кіндігі жылдан-жылға артып келеді. Саладағы үздік кадр­лар­ды жиған орталық озық технологияларды қолданысқа ен­гізу жағынан да көш ілгері. Сол тұрғыда мұндағы білікті ма­­ма­н­­дар өңір дәрігерлерімен стратегиялық байланыс орна­тып, еліміздің денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға көмек­теседі.

Елде онкологиялық ауру­ларды диагнос­ти­ка­лауға арналған бірегей препараттар шығарыла бастады. Онкологиялық ауру­лар­дың алдын алуға көмектесетін дәрі-дәрмек­тер екінші жағынан импортқа тәуелділікті азайтады. Осы ретте ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Ядро­лық медицина орталығында былтыр ПЭТ және КТ диагностикасына арналған үш жаңа радиофармпрепарат шығарылғанын айта кеткеніміз жөн. Оның ішінде 18F-FLT сүт безі, өкпе қатерлі ісігі, меланома, лимфопролиферативтік ауру­ларды ерте диагностикалауға арналса, 18F-FET мидағы ісікті анықтайды. Ал 68Ga-FAPI радиофармпрепараты асқазан-ішек жолдарындағы, өкпе, бауырда пайда болған қатерлі өскінді ерте кезеңде анықтауға арналған.

Былтыр ядролық медицина ор­та­лығында сүйек метастазын­ ем­деуге арналған «Самарий 153Sm­-Оксабифор» радиоизотопы ен­гі­зілді. Орталық мұндай пре­па­рат­тарды ПЭТ, БФЭКТ, КТ секілді жо­­ғары дәлдіктегі диагнос­ти­ка­лық процедураларды жүргізу үшін қолданады. Жыл ішінде елі­­­міздің әр аймағынан келген 11 мың пациент Ядролық медици­на ор­­та­­лығында диагностикадан өтті.

Былтыр ПІБ медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы жанынан «KazToxBase» деп аталатын алғашқы халық­ара­лық тренинг орталығы, сондай-ақ токсикологиялық ақпа­рат орталығы ашылды. Олардың жұмысы қанат­қақ­ты жоба шең­берінде үйлес­тіріледі. Бұл елдегі медицина қыз­мет­керлерінің химиялық улану мәселелері жө­нін­­дегі құзыре­тін арттыруға, оларды әлем­дік тәжірибе мен халық­ара­лық стандарттар бойынша оқытуға мүмкіндік береді. Келесі қадам – елде химиялық зат­тар туралы ақпаратты жинау мен талдаудың негізгі құралы бола­тын KAZTOX бірыңғай ұлт­тық деректер базасын құру, интегра­циялау. Бұл шара өз кезегін­де төтенше жағдайларға жедел ден қойып, медициналық меке­ме­лер мен мемлекеттік құры­лым­дар арасындағы үйлесімді жақ­сар­туға мүмкіндік береді.

Елімізде алғаш рет Даун син­дромын ана қаны арқылы жүктіліктің 10-аптасынан бастап 99% дәлдікпен анықтауға болатын тест енгізілді. Мұндай тесті енді Президент Іс басқармасы медициналық орта­лығының ауру­ханасында тап­сыруға болады. Медорталық ауру­хана – ұрықтың хромосом ауытқуын ерте кезеңде анықтайтын иннова­ция­лық тес­­ті­ні енгізген елдегі алғаш­қы аурухана. Зерттеу жүргі­зуге тек ананың қан үлгісі қажет. Сол себепті процедура қауіпсіз, инвазиялық араласуды қажет ет­пейді. Бұл ана қанындағы ұрықтың жасушадан тыс ДНҚ-сын талдау технологиясына негізделген. Әдіс Даун синдромын (трисомия 21) ғана емес, 18 (Эдвардс синдромы), 13 (Патау синдромы) трисомия сияқты басқа да хромосом ауытқуларды, сондай-ақ жыныс­тық хромосоммен бай­­ланысты бұзылыстарды анық­тауға мүмкіндік береді. Сарап­шы­лардың пікірінше, мұндай тесті енгізу пренаталдық диагнос­ти­каны дамытуда өте маңызды. Тәсіл генетикалық ауруларды анық­тау мүмкіндігін жақсартып қана қоймай, хромосомдық ауыт­қулармен байланысты ауыр жағ­дай­лардың санын азайтады, ден­саулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені төмендетіп, меди­ци­налық көмек сапасын арт­тырады.

Сонымен қатар Президенттің Іс басқармасы медициналық орта­лығының ауруханасы мен Ұлт­тық госпиталі JCI (Joint Commis­sion International) аккре­дит­теуі­­нен төрт рет өткен елдегі жал­ғыз көпсалалы медициналық мекеме атанып отыр. Бұл да болса орталықтағы меди­ци­налық қызметтердің жоғары деңгейде, халықаралық сапа стан­дарт­тарына сай екенін дәлел­деп тұр. Ұлттық нейрохирур­гия орталығы сияқты басқа ден­сау­лық сақтау мекемелері де төрт рет аккре­диттелгенімен, олар меди­ци­на­ның бір бағытына ғана маман­данғанын ескеру қажет. Негізі қазір елдегі тоғыз медициналық ұйым денсаулық сақтау саласында сапа мен қауіпсіздіктің әлемдік стандарты саналатын Joint Commission International (JCI) аккредитациясына ие. Мұндай мекемелердің көбейгені әуелі пациенттердің сенімін арттырса, екіншіден, медициналық туризмді дамытуға ықпал етеді.

Тағы бір атап өтерлік жағымды жаңалық, ПІБ медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы биологиялық қауіп­­сіздік саласындағы референс-зертхана мәртебесін алды. Ондағы зертханалардың сынақ нәти­желерін ILAC (Зерт­ханаларды аккредиттеу жөнін­дегі халықаралық қауым­дастық) жүйесіне кіретін 112 ел мойындайды. Демек енді кәсіпкерлер экспортқа шыға­ра­тын өнімдерінің қауіпсіздігін халықаралық дәрежеде растау үшін шетел аспайды.

Елдегі ең ірі медициналық меке­мелердің бірі саналатын ПІБ медициналық орта­лы­ғында жыл ішінде іске асқан жұ­мыстардың ауқымы кең. Олар­­дың бірқатарын жоғарыда атап өттік. Орталықтағы тәжі­ри­­белі әрі жоғары тех­но­ло­гия­лық құралдарды меңгерген дәрі­герлердің табысын, жетістігін жеке-жеке айтып тауыса алмаспыз. Мүмкіндігі мол медициналық орталықтың ұжымынан биыл да денсаулық сақтау саласында ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар күтеміз.