• RUB:
    5.17
  • USD:
    529.7
  • EUR:
    545.96
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 13:06

Дүйсен Қасейінов Халықаралық дәстүрлі музыка және би кеңесінің елшісі атанды

30 рет
көрсетілді

2025 жылғы 11 қаңтарда Жаңа Зеландияның Веллингтон қаласында өткен Халықаралық дәстүрлі музыка және би кеңесінің (ICTMD) 47-ші Әлемдік конференциясының Бас Ассамблея отырысында ұйымның басшылығы мен Атқарушы кеңесінің құрамы сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Конференцияға қатысушылардың ерекше назарын ұйымның Атқарушы кеңесінің басшылық құрылымына «ICTMD елшісі» деген жаңа мәртебені енгізу туралы тарихи шешімі аудартты.

Бұл құрметті мәртебе Кеңестің мақсаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосқан, мәдени мұраны сақтау және насихаттау жолында еңбек етіп, ICTMD-тің халықаралық аренада дамуына болашағы зор жоспарлар ұсынған белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне беріледі.

ICTMD президенті Свенибор Петтан (Словения) кандидаттарды таныстыра отырып, Дүйсен Қасейіновтың басшылығымен ТҮРКСОЙ ICTMD-тің стратегиялық серіктесіне айналып, бірқатар маңызды шараларды өткізуге қолдау көрсеткенін атап өтті.

«Түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау және оны әлемдік мәдени кеңістікте насихаттау бойынша халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Дүйсен Қасейіновтың көпжылдық жан-жақты қызметі ICTMD мақсаттары мен миссияларын ілгерілетуге елеулі үлес қосты», деді ол.

Дүйсен Қасейіновтың кандидатурасы Атқарушы кеңес пен конференция қатысушыларының бірауыздан қолдауына ие болды. Оның ICTMD елшісі лауазымына сайлануы Қазақстанның және ТҮРКСОЙ-ға мүше өзге де елдердің мәдениет және өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін айқындайды.