• RUB:
    5.17
  • USD:
    529.7
  • EUR:
    545.96
Басты сайтқа өту
Қаржы Бүгін, 09:00

«Ұлттық қордың» балаларға шапағаты

25 рет
көрсетілді

Құқықтық мемлекетте, әділет­ті, ашық қоғамда білімді, бәсе­кеге қабілетті балалар таршы­лық көрмей өсуге тиіс. Кешегі мұғалім­дердің мәртебесін арттыруға негіз болған бағдарламалардың, «Жайлы мектеп» жобасының шарапаты түптеп келгенде жас буынға тиеді. Балалар жылы аясында Мемле­кет басшысы ұсынған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының мән-маңызы ерекше. Былтыр осы бағдарлама шеңберінде 7 миллионға жуық балаға қаржы түскен.

Әлбетте, Балалар жылына дейін де, одан кейін де балаларды қолдайтын жобалар, бастамалар іске асты. Оларды қорғайтын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдар қабылданды. Ана мен бала саулығына көңіл бөлінді. Дегенмен осы сан салалы жұмыстардың арасында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жөні бөлек. Хабарды бала тәрбиелеп отыр­ған әрбір отбасы жылы қабылдады. Бала­лардың болашағына инвестиция болып құйылатын қаржы күні ертең жастардың оқуы­на, тұрғын үй алуына қолдау болады, жарыл­қайды десті. Расында, келешекте жоғары білім алуға ынта-жігері, білі­мі, ниеті бар жастар оқуға келгенде отба­сылық жағдайға байланысты тартынып қалмаса, мұны қоғамның, мемлекеттің жеңісі деп айтуға болатын шығар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы арнаулы есепшотына аударып отыруды ұсынды. Бұл жөнінде Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында былай деп атап көрсетті:

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

«Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын».

Араға жыл салып, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бағдарламаның артық-кем тұсы келісіп-пішілген соң, орындау мерзімі белгіленген мезгілден кешікпеді. Көп ұзамай Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық қордың табысы са­лыс­­­тырмалы түрде өзге елдерден әлде­­қайда төмен екенін қаперге салды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке Ұлттық қорды басқаруды жетілдіру жөнінде ұсыныстарды Үкіметпен бірлесіп енгізуді тапсырды. Сол тұста Ұлттық қордың кіріс көлемінің жылдық көрсеткіші кейінгі он жылда 1,6%-ды құрағаны белгілі болды. Осы деректі алға тартқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға келмейтінін, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс екенін атап өтті. Бұл дегеніңіз ақшаны үнемдеп, тиісінше көбірек табыс табу керегін ұқтырады. Президент пәрменінен кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысы молайса, оның шарапаты ертең «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына тиеді деген сөз.

Бағдарламаның тағы бір ұтымды тұсы – балалар жиналған соманы тек 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалана алады. Оған дейін есепшоттан шығаруға мүмкіндік жоқ. Кәмелетке толғаннан кейін де жоғарыда атап өткендей, оң-солды шаша алмайды, қаржыны оқуға немесе үй алуға жұмсайды. Бағдарлама әбден пысықталып болған соң, былтырдан бас­тап елдегі барлық баланың есепшотына қаражат түсті. Оның көлемі былтыр 100 доллардың үстінде болса, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысына қарай әр балаға аударылатын сома жылдан-жылға көбеюі мүмкін екенін де естен шығармаған жөн.

Кәмелетке толған жастар аз уақытта түскен қаржыны жыл соңына дейін нысаналы мақсатқа жұмсап үлгеріпті. Соманың жалпы көлемі – 5,32 млн дол­­лардың шеңберінде. Осылайша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Ұлттық қордың есебінен 53 001 өтініш­­­ті орындаған. Тиісті соманы өтініш берушілердің банктік шоттарына түсіру үшін уәкілетті операторларға аударған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 2,96 млн долларға 29 542 өтініш орындалса, білім беру ақысын төлеу үшін 2,35 млн долларға 23 459 өтініш қанағаттандырылыпты. Осы ретте еске сала кетелік, нысаналы жинақтарды алушы, яғни кәмелетке толған бала барлық соманы немесе оның бір бөлігін ғана пайдалануға құқылы. Ал пайдаланылмаған сомаға ешкім тимейді, ол өзінің нысаналы жинақтау шотында қалады.

Статистикаға үңілсек, түскен қара­­жат­­ты тұрғын үйді жақсарту мақса­­­­тын­да пайдаланғандардың дені тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымын толықтырыпты. Осы мақсатта шамамен 2,89 млн долларға 28 752 өтініш орындалған. Сол секілді азаматтық-құқық­­тық мәмілелер бойынша меншікке тұр­­ғын үй сатып алуға қатысты 24,57 мың дол­­ларға 245 өтініш, тұрғын үй са­тып алуға ипотекалық тұрғын үй қары­зын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге – 23,12 мың долларға 232 өтініш мақұлданған.

Шотқа түскен соманы оқу ақысын төлеуге пайдаланған түлектер де аз емес. Білім беру ақысын төлеу шеңберінде ел аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне бөліп немесе толық көлемде бір мезгілде ақы төлеуге шамамен 1,98 млн долларға 19 728 өтініш орындалған. Сол секілді білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша салымын толықтыру үшін 282,97 мың долларға 2 820 өтініш мақұлданған. Шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне бөліп немесе толық көлемде біржолғы ақы төлеуге 79,29 мыңнан астам долларға 790 өтініш орындалыпты.

Ұлттық банк жыл сайын БЖЗҚ-ға нысаналы талаптардың жалпы сомасы, орташаланған инвестициялық кіріс мөлшерлемесі, нысаналы талаптарға қаты­сушылардың бұрын қалыптас­­­тырылған нысаналы талаптарына есептелген инвестициялық кіріс сомасы тура­лы ақпаратты қамтитын есепті жіберіп отырады. Зейнетақы қоры болса жыл са­йын есепті жылдан кейінгі бірінші айдың 15-нен кешіктірмей, «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде БЖЗҚ ақпа­раттық жүйесінде есепті жылдың соңындағы жағдай бойынша нысаналы талаптарға қатысушылардың электронды тізімін қалыптастырады. Қор Ұлттық банк­­тен алынған ақпарат пен электронды тізімге енгізілген нысаналы талаптарға қатысушылардың санына қатысты мәлі­мет­тер негізінде БЖЗҚ ақпараттық жүйесіне нысаналы талаптардың бір қатысушысы бойынша есепті жылдағы нысаналы талаптардың сомасы, есепті жылдың алдындағы жылдың соңындағы жағдай бойынша нысаналы талаптардың сомасына есептелген инвестициялық кіріс туралы деректерді есептеп, енгізіп отырады. БЖЗҚ нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтар мен нысаналы активтерді есепке алуды теңгемен емес, доллармен жүргізеді.

Былтырғы нысаналы талаптар, сондай-ақ инвестициялық кіріс балаларға ақпан­­нан кешікпей есептеледі. Осы ретте 2007 жылы туған, биыл 18 жасқа толатын отан­­дас­тардың нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды есептеу де ақпаннан кешікпей іске асады. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы туралы есептерді, өзге де ақпараттардың ел азаматтары қордың сайтына кіріп біле алады.

Қазір көптің білгісі келіп жүрген бір мәселесі – бағдарлама бойынша 18 жасқа толмаған балаларға биыл да 100 доллардан төлене ме, әлде сома инвес­ти­циялық табыс көлеміне қарай өсе ме деген сұрақ. Дәл қазір бұған Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк дөп басып жауап бере алмай отыр. Мысалы, осыған дейін Сенат отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев қордағы қаржы доллармен есептелетінін әрі осы сома қосымша инвестицияланатынын тағы бір мәрте құлаққағыс ретінде айтып, ескерткен еді. Яғни жинақ өсіп жатыр деген сөз. Министрдің сөзінше, инвестициялық кіріс былтыр 2,6 пайызбен саналса, биыл 3 пайыз инвестициялық өсім болады деген болжам бар. Осының барлығын есептей келе, Қаржы министрлігі әр балаға тиетін қаражат көлемі 118-120 доллардың шамасында болады деп болжап отыр.

Қаржы министрі Мәди Такиев пен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қаңтарға дейін неше бала дүниеге келгенін, оның ішінде 18 жасқа толғандардың есебін нақтылап, 1 ақпанға дейін әр балаға түсетін қаржының нақты есебі шығатынын хабарлады. Осы ресми ақпараттарды қаперге алсақ, балаларға түсетін қаржы 100 доллардың үстінде болмаса, одан кем түспейді деп айта беруге болатындай. Қалай дегенде де, тікелей Президент тапсырмасымен іске асып жатқан үйлесімді бағдарлама баянды болатыны әрі төлемнің көлемі биыл, келер жылы, арғы жылы да өсіп отыратыны күмән тудырмайды.