Алматыда «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мопедтерді тіркеу басталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының Процессинг орталығының басшысы Айдын Меркімбаев хабарлады.

Биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап мопед иелері тіркеу рәсімінен жеңілдетілген тәртіппен өте алады. Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрлігі қажетті құжаттардың тізбесін әзірлеген. Мопедтің жақтауында сәйкестендіру нөмірі болмаса да тіркеуге рұқсат етіледі. Еліміздегі алғашқы тіркелген екі дөңгелекті көлік өткен аптада Алматыда техникалық паспорт пен мемлекеттік тіркеу нөмірін алды.
Қазірдің өзінде қалада 60 мопед ресми тіркеуден өткен. Полиция мопед иелеріне арналған ақпараттық жадынамалар мен құжаттар тізімі көрсетілген кітапшаларды таратуда. Материалдар транспорт иелері көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы қол жетімді.
2025 жылдың 5 сәуірінде күшіне енетін жаңа заңнамалық түзетулерге сәйкес, мопедтер механикалық автокөліктерге теңестіріледі. Мұндай көлікті пайдалануға полицияда тіркеуден өткен жағдайда ғана рұқсат етіледі. Сонымен қатар, мопед иелері А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуы тиіс.
Айдын Меркімбаевтың айтуынша, тіркеу эксаумақтық қағидаты бойынша жүзеге асырылады және барша мопед иелеріне осы рәсімді жеңілдетеді.
Осы орайда Алматы полициясы заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын еске сала отырып, жүргізушілерді алдағы уақытта құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін тіркеу рәсімінен дер кезінде өтуге үндеп жатыр.
АЛМАТЫ