Әлемнің кез келген елі бетпе-бет келетін ғаламға ортақ проблемаларды бірлесе еңсеру – дамыған мемлекеттерді бір арнада тоғыстыратын ортақ міндет. Орталық Азияның бірқатар елінен келген озық ойлы сарапшылар осы мәселелерді Алматыда өткен 5-ші «ЕО-Орталық Азия азаматтық қоғам форумы» барысында талқылады.
![](/media/2025/01/29/img-20250128-wa0091.jpg)
Біріккен Ұлттар Ұйымының жобаларға қызмет көрсету жөніндегі басқармасы (ЮНОПС) ұйымдастырған үш күндік іс-шара аймақтың болашағын қалыптастыратын маңызды мәселелерді саралады. Атап айтқанда, цифрлық трансформация, климаттың өзгеруі, азаматтық қоғам қалыптастырудың бүгінгі өрісі, жастар мәселесі, әйелдер құқы мен олардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерін кеңейту секілді маңызды тақырыптар басқосудың өзегіне айналды.
Форум жұмысын ашқан Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич демократиялық басқару мен орнықты дамуды ілгерілетудегі азаматтық қоғамның маңыздылығын атап өтті.
«Еуропалық Одақ Орталық Азиямен қарым-қатынасын нығайтуға ынталы. Себебі өңірлік тұрақтылықты, әлеуметтік инклюзивтілікті және орнықты дамуды қамтамасыз етуге өз үлесін қосатын азаматтық қоғамның баға жетпес жұмысын қолдау маңызды. Ынтымақтаса отырып, біз жастар мен әйелдердің өз болашағын қалыптастыруда белсенді рөл атқаруына мүмкіндік береміз. Цифрлық трансформациядан бастап, климаттың өзгеруіне дейінгі заманымыздың ең өзекті мәселелерін күш біріктіре шеше аламыз», деді ол.
Ұйым ұсынып отырған төрт жылдық бастаманың ауқымы кең. Сарапшылар пайымынша, өзара ынтымақтастықты нығайту өңірлік шешімдер қабылдау үдерісінде маңызды рөл атқармақ. Ең бастысы, ортақ тәжірибе алмасу алаңы Орталық Азиядағы азаматтық қоғам ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейте түспек.
Осы орайда еліміздің азаматтық қоғам бастамалары мен өңірлік ынтымақтастықты қолдауға деген бейілділігіне тоқталған Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева: «Қазақстан азаматтық қоғамды дамыту мақсатында ауқымды жобаларды қолға алып келеді. Бұл форум мақсаттарымызды үйлестіріп, Орталық Азия елдерінің өркендеуі мен инклюзивті болуын қамтамасыз ету жолында бірлесе жұмыс істеуге бағытталғаны анық. Азаматтық қоғам ұйымдары мен үкімет өкілдері арасында сындарлы диалог орнатудың маңызы зор», деп атап өтті.
Форум жұмысында мүдделі тараптар өңірлік сын-қатерлерді тойтару бағытында тәжірибе алмасып, қабылданған шешімдердердің нәтижелерімен бөлісті. Өңірдегі азаматтық қоғам әлеуетін нығайтуға бағытталған «ЕО-ның Орталық Азияға арналған азаматтық қоғамды қолдаудың аймақтық механизмі» жобасы арқылы қатысушылар әлеумет, экономика, қоршаған ортаны қорғау саласында ұзақмерзімді серіктестік орнатпақ.
Аустриядағы ЮНОПС Еларалық Кеңсесінің директоры міндетін атқарушы Гюрель Гурканның айтуынша, тараптар ынтымақтастығы білім алуға, серіктестік қарым-қатынас арнасын кеңейтуге, осы аймақтың елдері үшін ең маңызды мәселелер бойынша оң үдерістерді жеделдетуге көмектеседі. Сарапшы азаматтық қоғам жергілікті деңгейде оң өзгерістер тудыру арқылы қай кезде де ауқымды жұмыстардың алғы шебінде тұратынын баса айтты.
Азаматтық қоғамның жандануына үлес қосатын бірден-бір құрылым – үкіметтік емес ұйымдар. Мемлекеттің ішкі мәселелеріне азаматтардың белсене араласуы – дамыған елдерге тән қалыпты үрдіс. Дегенмен қоғамның саяси мәдениеті бір күнде қалыптаса салар шаруа емес. Бұл бағытта елімізде едәуір бастамалар қолға алынған.
«Бүгінгі таңда елімізде қабылданатын барлық шара азаматтық қоғамның үні ескеріліп барып жүзеге асады. Азаматтық қоғамның пікірлері мен ұсыныстарын жүзеге асыруда Президент пәрменімен құрылған Ұлттық құрылтай ұлттық диалог алаңына айналып отыр. Құрылтайда айтылған ұсыныстар ұзақмерзімді саяси және әлеуметтік мәдени реформаларға негіз болады. Былтыр екі маңызды заң қабылданған еді. Қоғамдық бақылау туралы заңның арқасында петиция институты енгізіліп, азаматтық қоғамға мемлекет істеріне толық қатысу функцияларын беретін тетіктер енгізілді. Бүгінгі форум еліміз үшін маңызды. Ең алдымен халықтық әріптестікті нығайтуға септігін тигізсе, екінші жағынан Қазақстанның Еуропалық Одақ елдерімен саяси-экономикалық һәм әлеуметтік-мәдени байланыстарын тереңдетуге серпін береді. Бүгін талқыланған тақырыптар тараптарға жаңа инвестициялық мүмкіндіктер береді. Экономикалық даму, тұрақты энергетика, цифрландыру, көлік логистика салаларында инвестициялық жобалар талқыланды. Бұл Қазақстанға Еуропадан тікелей инвестиция тартуға мүмкіндік береді деп санаймыз. Азаматтық форум еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың дамуына ықпал етіп, азаматтық қоғамды халықаралық стандарттарға жақындатады», дейді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова.
Әлемдегі климаттың өзгеруі түрлі табиғи апаттардың жиілеуіне әкеліп отыр. Жер сілкінісі, су тасқыны, орман мен дала өрттері, ауаның ластануы адам денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл ретте ауызсу мөлшерінің төмендеуі мен қоршаған орта температурасының жоғарылауы жүрек қантамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көлемін ұлғайтқан. Форумға қатысқан сарапшылар жер шарындағы табиғи өзгерістер көптеген психикалық аурулардың өршуіне ықпал ететінін айтады. Олардың пікірінше, климат өзгеруінің теріс салдары халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарына әртүрлі әсер етеді. Әсіресе әйелдер, балалар, қарт адамдар, мүгедектер секілді осал санаттар айрықша қамқорлықты қажет етеді. Азық-түлік қауіпсіздігінің күрделенуі де назардан тыс қалмады. Аталған мәселелердің салдарынан адам денсаулығына кері әсер ететін факторлар артып жатыр. Мұндай ең нашар сценарийлерді болдырмау үшін мемлекет пен азаматтық қоғам бір организм секілді жұмыс істеуі керектігі айтылды.
Форум қатысушылары үздіксіз даму үдерісіне бет алған қоғамда әйел құқықтары мен міндеттері лайықты деңгейде ескерілуі қажеттігін айтты. Көптеген әлеуметтік зерттеу мысалға алынып, Орталық Азия елдеріндегі нәзік жандылар құқын қорғау кейінгі жылдары алға жылжығаны айтылды. Дегенмен кейбір сарапшылардың пікірінше, әйелдердің қоғамдағы рөліне, лауазымды қызметтерде әйел адамдарға берілетін квоталарға әлі де көңіл бөліну керек.
«Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту ісі бүгінгі форумдағы ең маңызды тақырыптардың бірі деп есептеймін. Қазіргі таңда жастар мен әйелдерді шешім қабылдау үдерісіне қатыстыру проблемасы жоқ емес. Елімізде әйелдердің қоғамдық-саяси науқандарда депутат немесе саяси лауазымды тұлға ретінде шешім қабылдау үдерісін әлі де болса күшейту қажет. Заңға сәйкес шешім қабылдау үдерісінде әйелдер, жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар барлығын қоса алғанда 30 пайызды құрайды. Меніңше, бұл әлі де аз. Оның ауқымын, әйелдердің биліктегі үлес салмағын әлі де көбейту керек деп санаймын. Отбасы құндылықтары мен көптеген әлеуметтік мәселені әйелдер институты тереңнен талдап, зерделей алады. Әсіресе ел аймақтарындағы қоғамдық кеңестердің құрамында әйел адамдардың үлес салмағы аз», дейді Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы ЗТБ президенті Жібек Ахметова.
Форум жұмысында тақырыптық талқылаулардан бөлек, Адам құқықтары жөніндегі Дания институты бастаған арнайы бағыттағы мамандар семинарлар өткізіп, қатысушылар ой-пікір алмасты.
АЛМАТЫ