Белгілі қоғам қайраткері, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ерсұлтан Бектұрғановтың бұл кітабы бақыттың кілті еңбекте екенін дәріптейді, деп жазады Egemen.kz.

Жаңа туынды Астанадағы «Достық» үйінде таныстырылды.
«Фолиант» баспасынан шыққан, естелік-эссе түрінде жазған бұл кітапта автор балалық шағынан қазірге дейінгі ғұмыр жолындағы елеулі оқиғаларды баяндап, өмірлік тәжірибесін бөліседі.
Сондай-ақ адам бойындағы басты қасиеттер – адалдықты, еңбексүйгіштік пен кішіпейілділікті басты құндылық ретінде көрсетіп, оқырмандарды кездескен қиындықтарды жеңіп, қашанда жақсылық жасауға шақырады.
- Ерсұлтан Бектұрғановтың жаңа кітабын екі күн бас алмай оқып шықтым. Оқып отырып, елде жүрген кездегі өзім де білмейтін нәрселеріме қанықтым. Бүкіл Бектұрғановтар әулетінің жақсы істерін, жақсы қасиеттерін, өнегелі істеріне куә болдым. Түйіндеп айтқанда, бұл кітап адалдықты, адамгершілікті ту ете отырып, ұрпақтарды отаншылдыққа, еңбексүйгіштікке шақырады, - деді жиында сөз алған аудармашы-журналист Есенқұл Сафуани.
Ал автор жаңа кітабында өмірдің мәнін де, құнын да, бақытын да еңбектен тапқанын айтқысы келгенін атап өтті.
- Адал еңбек абыройға жетелейтіні анық. Тағылымды ойлар мен қызықты оқиғаларды арқау еткен бұл кітабым өскелең ұрпаққа тәрбие беріп, жол көрсетуде пайдасы тиеді деген ойдамын, - дейді ол.
Ерсұлтан Бектұрғанов Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтын (қазіргі М.Х.Дулати атындағы өңірлік университеті), Дипломатиялық академияны бітірген. 1-сыныпты кеңесші деген дипломатиялық дәрежесі бар.
Еңбек жолын қарапайым жұмыстан бастаған ол кейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің хатшысы, Қазақстанның Германиядағы елшілігінің консулы, ҚР Президенті Әкімшілігінің кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі болды.
2012 жылы қаңтар айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, V-VI шақырылымдарда абыройлы қызмет атқарды.
Қажырлы еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды.
Екі рет Президенттің алғысын алып, кеудесіне «Алтын барыс» белгісін тақты.