Мәселе Кеше

Қазақ тіліндегі оқулықтар тапшы

54 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары еліміздегі жоғары оқу орындары кітап­ханаларының жұмысы автоматтандырылып, кітап қоры жаңа дүниелермен толықты. Мәселен, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберін­де қазақ тіліне аударылған басылымдар студенттерге қолжетімді. Дегенмен күн сайын өзгеріп жатқан жаңа технология кезеңінде, әсіресе техникалық бағыттағы мамандықта оқитын студенттерге ана тіліміздегі заманауи оқулықтар тапшы болып отыр.

Жоғары оқу орындарын­дағы оқулық жетіспеушілігі Ұлттық құрылтай мінбері­нен көтеріліп, студенттердің басым көпшілігінің қазақ тіліндегі жаңа заман оқулықтарына қолы жетпей отырғаны мәлім етілген еді. Осыған бай­ланыс­ты оқулық шы­ғару ісіне мем­лекет тарапынан қаржы қарасты­рып, қазақ тілін­дегі электронды кітаптар әзірлеу ұсынылған болатын.

Айталық «Тұран» университетінің профессоры, филология ғылымда­рының докторы Меңдігүл Шыңдалиева жоғары оқу орындары студенттеріне қазақ тіліндегі оқулықтар жетіспеу­інің көптеген себебі бар екенін айтады. Оның пікірінше, оқулықтардың сапасы мен мазмұны әр кез талапқа сай келмейді. Қазақ тілінде шыққан оқулықтардың көпшілігі ескі стандарт­тарға негізделген немесе орыс, ағыл­шын, тағы басқа тілдерден тікелей аударылған. Ондай кітаптың мазмұны түсініксіз. Сондықтан студенттердің қабылдауына өте ауыр.

«Қазақ тіліндегі оқулық тапшылығы – білім жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі. Жоғары оқу орындарында заманауи оқулықтардың жетіспеуі студенттердің сапалы білім алуына кедергі келтіріп, ана тіліміздегі ғылыми әдебиеттердің дамуын тежейді. Қазіргі таңда ғылыми жаңалықтар мен технологияларға байланысты оқулықтардың жаңартылып отыруы маңызды. Бірақ талапқа сай оқу­лықтардың аздығы – білім алушылардың заманауи ақпаратқа қолжетімділігін қиындатып отыр», дейді ғалым.

Сондай-ақ М.Шыңдалиева қазақ тілінде оқулық жазатын білікті авторлардың тапшылығына алаңдау­шылық білдіріп, оқулық жазу, аудару ісіне мемлекет тарапынан қатаң бақылау қажеттігін алға тартты. Ғалымның пікірінше, ғылыми ақпараттарды қамтитын заманауи кітаптар шығару ісін қолға алатын кез келді. Шетел ғалым­дарының үздік ғылыми еңбектерін қазақ тіліне аудару, оқулық жазатын мамандарды қолдау ісіне де көңіл бөлген абзал. Заман талабына сай электронды оқулықтар мен онлайн білім платформаларын дамыту қазақ тіліндегі материалдарға қолжетімділікті арттырады. Ана тіліндегі сапалы контенттің дамуы – сапалы білімнің қайнар көзі екені даусыз.

Ал Қазақ ұлттық қыздар педагоги­калық университетінің профессоры Күлзада Құдайбергенова жоғары оқу орындарын сапалы оқулықпен қамта­масыз ету үшін кәсіби сарапшылар мен авторлар ұжымын қалыптастыру қажет екенін айтады.

Әлем күн сайын өзгеріп, технологиялар қарыштап дамып жатыр. Ал бүгінгі студент қандай оқулық оқи­ды? «Заманауи білім алушының қажет­тілігін қанағаттандыру үшін жаңа өмір дағдысының қалыптасуына, ізденуіне қажетті ақпарат ұсынатын, интерактив­ті материалдармен толыққан оқулық­пен қамтамасыз етуге қатысты жүйелі жұ­мыстар кенжелеп келеді», дейді К.Құдайбергенова.

Оның сөзіне зер салсақ, кейбір оқу­лықтың тілі де, мазмұны да ес­кірген. Студенттердің қабылдауына қиындық тудырып, өзектілігінің мәні жоқ мате­риалдар көп кездеседі.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіндегі республикалық оқу-әдістемелік кеңеске келіп түсетін оқулықтарға бастауыш, мектепке дейінгі және әлеуметтік педагогика бойынша үш бағытта сараптама жасалады. Оқулықтар бірнеше кезеңнен өткеннен кейін барып, сарапшы талқысына түседі. Бірақ ескеретін мәселе – сарапшылық деңгейге қатысты туындап отыр. Өйткені әлемдегі өзгерістерге, жаңашылдыққа, технологиялардың даму үрдісіне сәйкес оқулық жазу үшін оқулық авторларының да, сарапшылардың да біліктілігі жоғары болуы қажет. Сондықтан жоғары оқу орындарына оқулық жазатын авторлар ұжымын қалыптастырып, кәсіби сарапшылар даярлау ісін қолға алған абзал.

Филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Құрманбаева оқулықтағы қателер, ғылыми негізсіз ақпараттар мен тікелей аударылған материалдар­дың мағынасының бұрмалануы – бас­ты түйткілдің бірі екенін баяндайды. Сондай-ақ оқулық авторларын ынта­ландырудың жеткіліксіздігі бұл мәселені күрделендіріп отыр екен.

«Қазіргі таңда жоғары оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі оқулықтарда мазмұндық қателер жиі кездеседі. Көп жағдайда, оқулықтар күрделі әрі түсініксіз тілде жазылады. Сонымен қатар пәндік оқулықтарда студенттерге қажетті тәжірибелік мысалдар аз. Орыс немесе ағылшын тіліндегі оқулықтарды қазақшаға тікелей аудару үрдісі кеңі­нен таралған. Мұндай аудармалардың сапасы төмен, сөйлем құрылымы дұ­рыс емес. Мағынасы да бұрмаланған. Со­ның салдарынан студенттер пәнді толық тү­сінбейді. Көп оқулықтарда визуал­ды ақпарат жеткіліксіз немесе сапасыз. Суреттер, диаграммалар мен сызбалар мазмұнды нақты ашып бере алмайды. Бұл студенттердің материалды меңгеруін қиындатып отыр», дейді ол.

Оқулық авторларын ынталандыру мәселесінің өзектілігіне тоқталған ғалым қаржылай қолдаудың болмауы да сапаға әсер ететінін айтты. Мәселен, оқулық жазатын мамандарға лайықты еңбекақы төленбейді, бұл олардың сапалы оқулық жазуға деген қызығушылығын төмендетеді. Нәтижесінде, көптеген білікті педагогтер мен ғалымдар оқулық жазудан бас тартады. Оқулық жазатын мамандарды кәсіби дамыту бағдарламалары кемшін. Авторлар үшін арнайы оқыту, тәжірибе алмасу және халықаралық стандарттарға сай оқулық әзірлеу әдістерін меңгеруге мүмкіндік беретін бағдарламалар жоқтың қасы.

Оқулықтарды бірнеше рет сараптамадан өткізу де сапаның артуына ықпал етеді. Жоғары білікті сарапшылардан құралған комиссиялар оқулықтардың мазмұнын мұқият тексеріп, тек сапалы еңбектерді ғана бекітуі қажет. Оқулықтар заманауи ғылыми зерттеулерге сүйеніп жасалғаны қажет. Қазақ тіліндегі оқулықтарды дайындау кезінде халықаралық тәжірибені ескеру маңызды. Авторларға лайықты еңбекақымен қатар арнайы гранттар бөлу және үздік оқулықтарға сыйақы тағайындау – ынтасын арттыратын қадамдар. Ғалымдар мен оқы­тушыларды оқулық жазуға тарту үшін кәсіби дайындық курстарын ұйым­дастырып, жаңа технологиялар мен әдістерге бейімдеу уақыт талабы­нан туындап отыр. Сондықтан қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы мен авторларды ынталандыруда кешен­ді шаралар қабылданса игі. Бұл оқулық­тардың мазмұнын жақсартуға, авторларды қолдау мен сапаға тікелей әсер етеді. Егер осы бағытта жүйелі жұмыс­тар жүргізілсе, қазақ тіліндегі оқулық­тар­дың сапасы артады.

 

АЛМАТЫ