• RUB:
    6.13
  • USD:
    514.94
  • EUR:
    583.74
Басты сайтқа өту
Су тасқыны 03 Сәуір, 2025

Қарғын судан қауіп жоқ

118 рет
көрсетілді

«Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан филиалы бақы­лау бекеттерінің айтуына қарағанда, наурыздың аяғын­да Петропавл су қоймасындағы Есіл өзенінің деңгейі 52 см-ге көтерілген, Сергеев су қоймасындағы деңгей 3 см тө­мен­деген. Сондай-ақ облыс орта­лығының ірге­сін­дегі Борки, Дол­матов мекендерінде тиісінше 51, 59 см көтерілген.

Бұл көрсеткіштер қарғын судың артуы, көктемгі тасқынға сәйкес қауіпсіз саналады. Әзірге тек Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғұл көлінің суы қауіпті деңгейге жетіп тұр. 31 наурыздағы мәліметке қарағанда, Петропавл қала­сындағы жағажай аумағында «Учитель-1», «Учитель-2» саяжайларына баратын жолды 20-30 см тереңдікпен жалпы ұзын­дығы 40 метрдей аумақта қарғын су басып қалды. Деген­мен мұндағы тұрғын үйлерді су басу қаупі әзірге жоқ. ПД қызметкерлері осында тұрып жатқан 19 отбасын су басу қаупі жоқ аймақтарға көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Қазсушар» РМК облыстық филиа­лының директоры Шұға­йып Ибатул­линнің айтуынша, биыл былтыр­ғы­дай қауіп жоқ. Есіл өзені ағынының негізгі реттеушісі – Сергеев су торабы. Биыл өзеннің осы тораптағы деңгейі 92 см-ге жетіп, қазір 3 см төмендеген. «Бұл былтырғы деңгейге қара­ған­да үш есе төмен. Сондықтан су тасқыны болар деген қауіп жоқ», деді ол.

Өткен жылғы алапат тас­қыннан кейін Сергеев, Петро­павл су тораптарында ағымдағы жөндеу жұмыстары, су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілді. «Жұмыстың негізгі түрлері Сергеев, Петропавл су тораптарының жағалауын нығайту, беткейлерін көтеруге бағытталды. Қаңтар айында Сергеев гидроқұрылысы бөгетінің маңындағы төменгі бьефте түбін тереңдету жөнінде жұмыстар орындалып, 940 текше метр топырақ қоспасы алынып тасталды. Есіл өзенінің табиғи арнасын қалпына келтіру мақсатында өзеннің тірек құрылысының тө­менгі учаскесін таспен тол­тыру жүргізілді», деді Ш.Ибатуллин.

Наурыздан бастап филиал базасында, Сергеев, Петропавл су тораптарында тәулік бойы жұмысшылар кезекшілігі ұйымдастырылды. Кезекшілер мүдделі органдарды су қойма­ларының суын толтыру, ағызу жөніндегі ақпараттармен хабардар етіп отырады. Қазір Сергеев, Петропавл су торапта­ры штаттық режімде жұмыс істеп тұр.

ТЖД баспасөз қызметінің басшысы Евгений Журавлев мәлімдегендей, Сергеев су қоймасының суы қалыптағы жылдардың сәйкес мерзіміне қарағанда 16%-ға артқан. Cу деңгейі – 802 млн текше метр, барлық сыйымдылық – 890 шаршы метр.

Облыста әзірге автомобиль жолдарына 24 рет су шық­қан фактілер тіркелген. Кенті­шілік 2 469 суағар құбырлар таза­ланған, 238 мың метр арықтар ашылған. Биыл елді мекендерге түскен қар көлемі былтырғыға қарағанда шағындау болса да, 1 млн 428 мың текше метр қар сыртқа шығарылған. Қала, ауыл-аудандарда қар­ғын судан пайда болған 113 мың текше мет­р су мотопомпа, сорғыштармен сыртқа айдалған. Өзеннің тас­қын суларын бөгеуге арналған дам­баларды көтеру, нығайту мақсатында 170 мың дана қапшықтарға салынған инертті материалдар үйілген.

Сең кептелісін болдырмас мақсатын­да Есіл өзенінің бойындағы 50 учаскеде жарылыс жасалды. Оның 43-і Петро­павл қаласының маңында, ал жетеуі Қызылжар, Есіл, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Айыртау, Ақжар, Уәлиханов аудандарында жүргізілді. Жарылыс 23133 шаршы метр аумақты қамтыды.

Гидрометтің мәліметіне қарағанда, облыстағы шағын өзендер суының көтері­луі біршама жоғары. Мәселен, Гусаковка ауылының маңын­дағы Бабықбұрлықта – 46 см, Аққанбұрлықта – 62 см.

Қызылжар ауданына ТЖМ 28 237 әскери бөлімшесінен 45 жауынгер мен ­5 арнаулы техника көмекке келді. Бүгінде су тас­қы­­н­ының жағдайы қалыпты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы