• RUB:
    5.97
  • USD:
    504.34
  • EUR:
    556.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2025

Мәселені сабырмен шешкен ұтады

125 рет
көрсетілді

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген. Ақыл-сана, пайым-парасат туралы мақал-мәтел, даналық сөздерді тізе берсек, таусылмайды. Сөз ұғатын жұрт қашанда қайсыбір мәселені дабырмен емес, сабырмен шешуге бейіл келетіні анық. Психолог мамандар эмоциясын тізгіндей алатын адамдар өмірде жиі жетістікке жетеді деп тұжырмдайды.

Эмоционалды интеллект – адамның өз эмоциясын қабылдап, кәдеге жарата білуі. Сондай-ақ басқа адамдардың эмоциясын танып, бақылай алуы, оларды ажыратып, өзінің игілігіне қолдануы. Кез келген тапсырманы тиімді шешуде алдымен эмоцияны бас­қара білу керек. Әрбір адам эмоция­лық ойлау жүйесін өзі дамыта біл­се, одан еш ұтылмайды. Эмо­ция – энергия десек, адамның болашағы эмоциялық ойлау қабілетіне де байланысты деген түсінікке келеміз.

Психологияда эмоционалды интелектінің негізгі элементтері жан-жақты қамтылған. Ол тура­лы психолог Айгүл Абдрахма­новадан сұрап-білдік.

– Эмоционалды интеллекті­нің ең бірінші элементі – эмоцио­налды өзін-өзі тану. Содан соң эмоционалды өзін-өзі бақылау, ынталандыру, басқалардағы эмо­цияны тану, эмпатия, тұлға­­ара­лық қатынас болып жал­­ға­­сады. Мұн­дағы эмоцияны тану атты элемент қарым-қатынасқа тиімді ықпал етеді. Ол эмоцияларды сипаттауға, өңдеу­ге, болашақта эмоцияны ажы­ра­туға мүмкіндік береді. Эмо­цияны басқару – адам­ның өзін-өзі бақылауымен байланысты күй. Эмоцияларды ынталандырушы (мотивация) бел­гі­лі бір күшке ие болады. Себебі ол әр адамды қалайда бір әрекетке итермелеп, ынталандырып отырады. Эмоцияның көмегімен дене, ақыл өзара әрекеттесіп, үнемі өзгеріп, ауысады. Эмоция­ны дұрыс басқару – адамдармен саламатты қарым-қатынас орнатуға көмектеседі, – дейді А.Абдрахманова.

Эмоцияны басқара білу сырт­қы ортамен, отбасымен, достармен, жұмыста әріптестерімен қа­рым-қатынас орнатуға көмек­тесе­ді. Психологтер эмоцияны басқару әрбір адамның қолынан келе бермейтін іс дейді. Ол үшін адамның әр нәрсеге қабілетті, ерік-жігері мығым болғаны дұрыс. Эмоционалды интеллект адамдармен қарым-қаты­нас ке­зінде байқалады, басқа адам­дардың эмоционалды күйін та­нуға мүмкіндік береді. Деген­мен осы мәселені зерттеу мен іс жү­зінде қолданудың арасында үлкен айырмашылық бар. Мысалы, екі адамның арасында дау-жанжал туды делік. Бірінші адам агрессивті мінез көрсетсе, екін­ші адамның эмоциясын дұ­рыс бақылап отыруы қиынға соғады.

Эмоционалды интеллекті жо­ғары адамдар өте көңілді келе­ді. Жұмысы жоспардан ауыт­­қып кетсе қамықпайды. Тұн­жы­рамай, сыннан сабақ алуға ұм­тылады. Қателіктен қорытынды шығаруға тырысады. Ерік-жігері мығым болған соң, депрессия­дан тез құтылады. Мұндай адам­дар ойын ашық айтудан жас­қан­байды, өзінің қандай ісіне бол­сын өкінбейді. Жағымсыз эмо­цияларға бой ұрмайды. Осы­ның барлығын қаперге алсақ, эмо­ционалды ин­теллектіні бала жас­­тан да­мытқан дұрыс. Мұны А.Абдрах­манова былайша түсіндіреді: 

– Баланың эмоционалды ин­тел­лектін дамытуға ата-аналар тіке­лей араласады. Өйткені бала дү­ниеге келгеннен ана махабатын сезінеді. Бізде, психологияда «ба­қытты сандық» деген жаттығу бар. Сонда жанасу, иіс сезу, есту, көру, дәм сезу арқылы келетін түй­сік үдерісі де үлкен рөл атқа­рады. Түй­сік баланың эмоционал­ды интел­лектін дамытуға көмектеседі. Сол секілді ата-ана баламен әңгіме­лесіп, балаға дұрыс жол табу арқы­лы эмоционалды интеллектін да­мы­туға көмектесе алады, – дейді психолог.

Эмоционалды интеллекті жоға­ры тұлғалардың қарым-қабілетіне, өмірге көзқарасына қарап, оларды табысқа жететін адамдар деп айтуға болады. Психологтер кез келген адаммен сөйлескенде бірден эмоционалды интеллекті жоғары немесе төмен деп шорт кесіп айта алмайды. Балалық шағы, өскен ортасы туралы біліп барып қана байлам жасауы мүмкін. Адамның болашағына әсер ететін осындай аса қажет қабілетті шынықтыруға екінің бірі емес, оқыған, тәжірибелі психологтер жәрдемдеседі. Ең бас­тысы, эмоционалды интеллекті төмен екенін сезген тұлғаның өзінде дамуға деген ынта-жігер болуға тиіс.