• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2010

АЗАМАТТЫ АРДАҚТАУ АНТОЛОГИЯСЫ

662 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстанда” 1991 – 2010 жылдар аралығында жарияланған мақала­лар, сараптамалар, өлең-жырлар, Мемлекет басшысымен жүргізілген сұхбаттар топтастырылған “Елбасы” кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл шараға ғалымдар, Пре­зи­дент Әкімшілігінің қызметкерлері, Парламент Сенаты мен Мәжі­лі­сінің депутаттары, жазушылар, жо­ғары оқу орындарының оқытушы­лары мен студенттері, басқа да кі­тапқұмар қауым қатысып, жинақ­тың мән-маңызымен, авторлардың елдігіміз, мемлекеттігіміз туралы тағылымды ойларымен танысты. Рәсімде “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” АҚ пре­зиденті Сауытбек Абдрахманов: “Бұл жинақ мерейтойға тарту әзірлеу мақсатымен дайындал­ма­ған. Бұл жинақ басымыздағы ба­ғымызды бағалауға шақыру үшін, қолдағы қазынамыздың қадіріне жетуге үндеу үшін дайындалған. Президент туралы сөз Елбасының өзінен бұрын елдің өзіне көбірек керек. Келешегіміз үшін керек. Қадым заманнан қағанын қадір­леп, ханын қасиет тұтқан елдің болашақта да биліктің бағасын білетін, халықтың өзі сайлап, екі тізгін, бір шылбырды қолға берген адамын қалтқысыз құрметтеу, ел басшысына тақ тұру дәстүрі ор­ныға түсуі үшін керек. Басшысына тақ тұратын ел – басына бақ тұ­ратын ел”, – деп бұдан кейінгі ойын Мемлекет басшысының феноменімен, Елбасы ұғымының мән-маңызымен толықтырып әң­гімелеп берді. Осы орайда басы­лым басшысы жинақтың маңызы жөнінде айтқанда көлемі 880 бет­тік кітаптың өн бойында жиырма жылға да жетпейтін уақыт ішінде қирандыдан, құландыдан мемлекет құру, қоғамды бір формациядан екінші формацияға ауыстыру, өтпелі кезеңдегі қиыншы­лық­тар­дан есеңгірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көте­ру, аяғынан тік тұрғызу, алыс та жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындап, санасатын, құрмет­тей­тін елге айналдыру, сан түрлі се­беп­терге байланысты бірнеше ға­сыр бойы дүниежүзілік өркениет­тен шеттетіліп қалған елді жер-жа­һанға таныту, тіпті ЕҚЫҰ та­рихын­да тұңғыш рет азиялық мем­лекет, тұңғыш рет ТМД мемлекеті, тұңғыш рет халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекет, тұңғыш рет түркі тілдес ұлт ұйыстырып отырған мемле­кет­тің Еуропаға төбе би болатындай жағдайға жеткізу сияқты ұлы мін­деттерді шеше алған Азаматтың асқақ бейнесінің айшықты ашыл­ғанын атап өтті. Осылай дей келіп, С.Абдрахманов еліміз тәуелсіздік алған кезден бері зиялы қауым өкілдерінің бәрі Елбасы, елтану тақырыбында жиі қалам тартып жүргендерін, солардың дені газет бетінде жарияланып келе жат­қа­нын, олардың бәрін көпшіліктің кітапханалардан іздеп оқуына уақыт кететінін ескере отырып, басылым ұжымы Президент тура­лы газет бетінде шыққан мате­риал­дарды “Елбасы” кітабына топтастыруды жөн көргенін айтты. Байланыс және ақпарат ми­нистрі Асқар Жұмағалиев кітап­тың тұсаукесеріне қатысуды ой­лас­тырған екен. Маңызды іс-ша­ра­лардың қат-қабат келуіне бай­ланысты тұсаукесер рәсіміне қатыса алмаған министр “Елбасы” кітабына құттықтау сөзін жеткізуді орынбасары Нұрай Оразовқа тапсырыпты. Онда былай делін­ген: “Құрметті әріптестер! “Егемен Қазақстанның” 90 жылдық мерейтойында Нұрсұлтан Әбішұлының басылымға биік баға бергені бәріміздің есімізде. Пре­зи­дент “Егемен Қазақстан” газетін “Отанымыздың бас газеті” деп атап айтқаны барлығымызға мә­лім. “Егемен Қазақстан” газеті бұл мәртебеге әбден лайық екенін бүгін тағы бір рет танытты деп ойлаймын. “Елбасы” жинағымен алдын-ала таныса алдым. Кітап өте жақ­сы шыққан. Мақалалар да, сұх­бат­тар да тартымды оқылады. Сұх­бат­тарда Президенттің әр жылдарда­ғы айтылған ойлары толық жеткізілген. Мақалалар Президент еңбегін әр қырынан сәтті ашады. Бұл кітапты тәуелсіздік тарих­на­масына қосылған үлкен үлес деп санауға болады. Мен редакция ұжымына шы­ғар­машылық тамаша табыс тілеп, қаламдарыңыз ұштала берсін дегім келеді”. Осыдан кейін Парламент Се­на­тының депутаты Өмірбек Бай­гел­ди сөз алып, кітаптың жарыққа шығуы заңдылық екенін, бір сағат, бір күн, бір ай, бір жыл, бір ғасыр, бір заман, бір дәуір болып бөлі­нетін уақыттың қадір-қасиеті, сол кездері болатын ұлы құбылыстар туралы айтып, сондай уақытта болмыс-бітімі бөлек адамдар дү­ние­ге келетінін, олардың өмірде ор­ны басқалардан гөрі айрықша болатынын атап өтті. Сөйтіп “Ел­ба­сы” кітабы негізінен осы мақ­сат­та жарық көрген деген ойын жеткізді. Келесі кезекте сөз алған Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім газет ұжымына жинақты шығарғандары үшін алғыс сезімін білдіріп, Абайдың: “Әркімді заман сүйремек, заманды қандай адам билемек”, деген сө­зімен жалғастыра келе, осы ма­ғы­насы терең ойды тереңнен ойлап қарағанда, қаншама дүниенің жатқанын атап өтті. Әрбір адам өз заманында өмір сүрсе, сол за­ман­ды өзгертетін жандардың санаулы ғана болатынын айтқысы келген шешен қазір мемлекет басында Нұрсұлтан Назарбаев секілді тұлға тұрғанда әр адамның өміріне өз­ге­ріс келетінін, оның өзі еліміз тәуелсіздігін алған кездері ел қамы мен қарын қамын ойлап кеткен адамдардың басын бір мақсатқа: елдігімізге, тәуелсіздігімізге қыз­мет етуге жұмылдырған еңбегінен кө­руге болатынын айтты. Соны­мен бірге ол азаттық алған жылы туған балалардың өзі қазір 20 жас­қа келсе, олардың енді бір осын­шама жылдан кейін 40-та қамал алатын азаматтар болатынын, сол кезде ұрпақтар сабақтастығы заң­ды жалғасын тауып, еліміздің одан әрі жаңа қырынан да дамитынына сенімінің мол екенін білдірді. Рәсімде кітаппен алдын-ала танысқан ағаларымыздың бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиевтің де сөзі әсерлі шықты. Бұл жинақ алдымен Президентке емес, бізге, халыққа керек деп сөзін бастаған академик еңбектің “Елбасы” деп аталуы өзіне ұнайтынын, өйткені, көш­бас­шы деген белгілі бір ұжымға, Президент деген кез келген мем­ле­кет басшысына айтылатынын, ал Елбасы сөзі олардың бәрінен биік тұратынын түсіндіріп, Нұр­сұл­тан Әбішұлын осылай атауы­мыздың өзі елдіктің, елді танудың, елімізбен мақтанудың белгісі деп білетінін жеткізді. Осы орайда ол Тұңғыш Президент еліміз үшін тарихта маңызды істерді қалдырып отырғанын, оның ішінде шекара­мыз­ды бекітіп, ел ішінде бірлік пен саяси тұрақтылықты сақтап, халықаралық сахнада шетелдермен қарым-қатынасты уақыт талабына сай жүргізіп келе жатқаны халқы­мыздың мемлекетіміз үшін мақ­тануға тұрарлық істері екенін жет­кізді. Сөз орайы келгенде ғалым жақында Иорданияның Амман қаласында Елбасының атына даңғыл берілгенін, Түркияның Анкара қаласында оның құрметіне ескерткіш орнатылғанын айтып, осының өзі бір жағынан Прези­дентке деген құрмет болса, екінші жағынан елімізге мақтаныш екенін жасырмады. Осы жерде басылым басшысы С.Абдрахманов акаде­мик­тің сөзіне тұздық ретінде дүние жүзінің ешбір елінде өзге мемлекет басшысына ескерткіш орнатылмағанын, біздің ел ол құрметті алғашқы болып көріп отырғанын айтып, академиктің Елбасы ұғымын елдік ұғымымен астастырған пікірінің орынды екенін айтып келешекте Елбасы аты тек Тұңғыш Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың есімімен ғана байланысты болу керек деген ойын білдірді. “Ел басшысының бәрін Елбасы деуге болмайды. Елбасы – елдің басы. Елдіктің басы. Елдің, елдіктің басында бас­тауында тұрған адам. Ел болуды бастап берген, елді орнатып берген адам. Елбасы – Мемлекет құру­шы”, деді басылым басшысы. Ол ой тұсаукесерге қатысқан көп­ші­ліктің қолдауына ие болды. Одан әрі Мемлекет басшы­сы­ның еңбегіне берілген осындай жоғары баға көрнекті ақын Нұр­ғо­жа Оразов, Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты Алдан Смайыл, Мемлекеттік сыйлықтың лауреат­та­ры Фариза Оңғарсынова мен Әнес Сарайдың сөйлеген сөз­де­рі­нен де жақсы көрініс тапты. Содан кейін рәсім әншілер Гүлмира Сарина мен Ахат Кенжебаевтың орындауындағы әндермен, кітап­тың тұсаукесері өткен Ұлттық кітап­хананың фойесіне жинақтың шығуына арналып, қойылған көрмемен жалғасты. Рәсімге қатысушылардың бірі әріптес ағамыз Кеңес Юсупов бізге: “Бұл кітап – Азаматты ардақтаудың анто­логиясы екен”, деген пікір айтты. Көкейге қонады. Дастан КЕНЖАЛИН. Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.