• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2010

АСТАНА ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР

878 рет
көрсетілді

Әйел дегенде ең алдымен ойымызға “сұлу­лық”, “мейірімділік”, “нәзіктік” ұғым­дары оралады. Себебі, әйел – ол Ана. Қазақ­та “Отан-Ана”, “Жер-Ана”, “Ана тілі” сынды текті теңеулер бар. Бұлардың бар­лы­ғы да адам баласы үшін ең ұлы ұғымдар. Бір сөзбен айтқанда, Әйел-ана – адамзаттың бүкіл асыл құндылығын арқалап, ұлттың бар озық қасиеттерін жеткізуші, дарытушы, да­мытушы тұлға болып келе жатқаны ақиқат. Біздің ұлттық ділімізде халқымыз – ежел­ден-ақ әйел затын әлпештеп, қыздарын құр­меттеп, анасын ардақ тұтқан халық. Осынау үлгілі үрдіс заман талабына сай өз сабақ­тастығын бүгінгі күні де жоғалтқан жоқ. Елбасының нақты тапсырмасы негізінде жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік ген­дер­лік саясатқа орай бүгінде қоғамымыздың қай саласында да әйелдердің рөлі артып келеді. Бұл түсінікті де. Себебі, әйелдер мәселесінің гендерлік саясатпен үндесуі – бұл демократиялық дамудың ең басты шарттарының бірі. Бұл орайда, бүгінгі таңда мемлекетімізде гендерлік саясат бағытында қажетті шешім­дер қабылданып, ауқымды шаралар орын­далып жатыр. 1999 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі алғашқы Ұлттық іс-қимыл жос­па­ры бекітілді. Осы жылдары еліміздің Пар­ла­менті БҰҰ-ның “Тұрмысқа шыққан әйел­дің азаматтығы туралы” және “Әйелдің сая­си құқықтары туралы” конвенциясын, Ха­лықаралық еңбек ұйымының әйелдер мен балалар құқықтарына қатысты бірқатар келісімдерін ратификациялады. Қазақстан Республикасының Президенті жа­нынан дер кезінде құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жө­нін­дегі ұлттық комиссия талай шетін мәсе­ле­лердің түзу жолға қойылуына мүм­кін­дік бер­ді. Еліміздегі қазіргі әйел құқығы мен ер­кін­­дігіне қатысты жетістіктердің түбінде Ұлт­тық комиссияның сіңірген еңбегі зор деп білемін. Бір ғана Әйелдер мен ер адамдардың тең құқықтары және тең мүмкіндіктері туралы Заңның қабылдануы – елімізді кешенді же­тілдірудегі құқықтық құндылықтарды кеңей­тудің бірден-бір факторы. Сондай-ақ Елба­сының Жарлығымен бекітілген “Гендерлік теңдікке қол жеткізудің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясында” ерлер мен әйел­дерді қоғамның барлық саласында теңестіру қарастырылған. Әрине, бүгінгі таңда осынау қолданыстағы істердің нәтижелері өзінің жемісін беріп келеді. Әйелдердің табиғатында әлеуметтік жауаптылық басым. Сондықтан да қоғам­да­ғы негізгі салаларға әйелдердің араласуы – адамдардың өміріне, коммерциялық және өн­дірістік қызметте әлеуметтік жауап­кер­ші­лік­тің жаңа элементтерін енгізуде. Бұл қазір­гі таңда нақты дәлелденген ақиқат. Оны бүгінгі өмір қатынастарынан көріп жүрміз. Қазіргі таңда көптеген елдерде жүргізіл­ген ғылыми зерттеулердің нәтижесі басқару ісіне әйелдердің араласуы тұрақтылық пен мұ­қияттылықтың барынша көп сақтала­тын­дығын дәлелдеп отыр. Шешімдерді әзірлеу мен қабылдауға әйелдердің қатысуы – қо­ғам дамуының көрсеткіші. Билік құрылым­дарын­дағы әйелдер 30-40%-ды құрайтын жер­лерде қоғам әлдеқайда қарышты әрі әлеу­меттік бағдарда тұрақты дамитынын көрсетіп отыр. “Кез келген елдің болашағы әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты болады. Біз бұған үлкен мән береміз”, деп Елбасының айтқаны бар. Бүгінде Қазақстан қоғамында әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын, экономиканың барлық секторында, шаруа­шылықтың әр түрлі салаларында болсын, ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене ара­ласып, өздерінің біліктіліктері мен іскер­лік­терін танытып келеді. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне ер-азаматтармен қатар тұрып, иық тірестіре еңбек етіп, сүбелі үлестерін қосып жүр. Бұл орайда, әсіресе Астана қаласының орны тіпті де бөлек деп айтуға болады. Қа­лалық құрылымдар басшылығында отырған көптеген әйел-аналар өз істерін сенімді түр­де атқарып, нәтижелі тұрғыда басқарып отыр. Қазір елордадағы басшылық лауазым­да­ғылардың 8-ін, ал жалпы мемлекеттік қыз­меткерлердің 58%-ын әйелдер құрайды. 3 әйел Астана қаласы мәслихатында депу­таттық мандатқа ие. Қаламыздағы білім беру жүйесінің басшы лауазымдарындағы 206 басшының 145-і – әйелдер, бұл 70,3%-ды құрайды. 39 балабақша мен 5 мектеп-балабақша басшыларының барлығы да әйелдер. Мұның өзіндік түсіндірмесі бар. Себебі ұрпақ тәрбиесі мен ағарту ісі ежелден-ақ әйел қауымының бейімділігіне сай, еншісіне тиесілі дүние екені белгілі. Дегенмен, бұл тоқмейілсіп, арқаны кеңге салатын көрсеткіш болмауы керек деп есеп­теймін. Біз әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге белсене қатысу мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге тиіспіз. Бұл орайда Астана қаласы әкімі жаны­нан құрылған Әйелдер істері және отба­сы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ко­мис­сияның жұмысы тұрақты түрде ұйым­дас­ты­рылып келеді. Бүгінгі таңда Астанада әйел­дерді саяси салада алға жылжыту және осы саладағы жаңа үкіметтік емес ұйым­дарды анықтау барысындағы жұмыстарды қа­лыптастыру мақсатында саяси көшбас­шы­лық мектебі құрылды. Оған мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс алған қоғамдық ұйым­дар, жастар ұйымдары, атап айтқанда, “Аста­на-Бәйтерек” әйелдер клубы, “Іскер әйелдер ассоциациясының” филиалы, “На­сихат-Астана”, “Астана қаласының жастар мәс­лиха­ты”, “Нұр Отан” ХДП-ның “Жас Отан” жас­тар қанаты сынды үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктер қатысып келеді. Қазір бұл салада, яғни үкіметтік емес ұйымдар құрып, бірқатар әлеуметтік жобалар бой­ын­ша белсенді жұмыс жүргізіп жүрген белсенді әйелдер қауымы елеулі жетістіктерге жетіп жүр. Сондай-ақ Астана қаласында кәсіпкерлік саласында гендерлік саясатты дамыту ая­сын­да ауқымды шаралар қолға алынуда. Ша­ғын және орта бизнестің тез қарқынмен өсуі – экономиканың тұрақты және тиімді дамуының маңызды шарты екендігі бәрі­міз­ге белгілі. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы еліміздің алғашқы даму кезеңінде тұр­мыстық қиындықтың негізгі ауыр жүгі әйелдерге түскені белгілі. Сол кездердегі аз көлемдегі саудадан басталып, Қытайдан, Түркиядан әкелінген тауарлар аз ғана болса да қоғамдағы әлеуметтік қиындықтарды жеңілдетті, осылай елімізде кәсіпкерліктің алғашқы сүре жолы салынды. Одан бергі уақыт ішінде экономиканың бұл секторы өз жолын тауып, дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл салада бүгінде әйелдердің рөлі әлсіреген жоқ, керісінше күшейіп келеді. Елорда экономикасының дамуының негізгі басымдылықтары шағын және орта бизнеспен байланысты. Бұл ретте әйелдер кәсіпкерлігі ерекше назарда тұрған дүние. Ол туралы Елбасының өзі Үкіметке “Са­мұ­рық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорымен бір­лесіп әйел кәсіпкерлігін қаржыландырудың арнайы бағдарламасын әзірлеу мәселесін қойғаны белгілі. Соның нәтижесінде бүгінде іскер әйелдер жобаларын шағын несиелеуді қамтамасыз ету кеңінен қолға алынуда. Себебі, тәжірибе көрсеткеніндей, әйелдер әлдеқайда тиянақты және қаржыны қайда жұмсауды біледі, сондықтан да шағын несиелерді нақ әйелдерге беру көп тиімділік келтіретіні талассыз ақиқат. Жаһандық дағдарыстың салдары әлемде жұмыссыздыққа жол ашып, экономиканы әлсіретіп кеткені белгілі. Сол себепті шағын және орта бизнестің әлеуметтік маңызы ар­тып отыр. Дегенмен, еліміз әлемдік дағда­рыс­тың алғашқы қиындығына шыдамдылық көрсете білді. Солардың қатарында әйел-аналар да өз ынта-жігерлері мен төзім­ді­лік­терінің, еңбексүйгіш қабілеттері мен Елба­сына деген сенімдерінің арқасында еліміздің дағдарыстан табысты шығу жолында және әрі қарай инновациялық индустрияландыру бағытында, жаңа экономиканың өрлеуінде маңызды рөл атқарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, Астана қаласының қазіргі жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктеріне қол жеткізудегі әйел-аналардың орны ерекше, үлестері өлшеусіз екені ақиқат. “Еркек ұрпақты тәрбиелесе, әйел ұлтты тәрбиелейді” деген қанатты сөз бар қазақта. Олай болса, жүрегінде мейірім, көңілінде көк­тем орнаған асыл жанды аналар, ізгі пейіл­ді әйел азаматтар барда өміріміз де, қо­ғамымыз да серпінді түрде алға баса беретін болады. Мен бұған кәміл сенім білдіремін. Аида БАЛАЕВА, Астана қаласы әкімінің орынбасары,  әкім жанындағы әйелдер істері  және отбасылық-демографиялық  саясат жөніндегі комиссияның төрайымы.