• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2010

САЛИҚАЛЫ ӘҢГІМЕ САММИТТЕ ЖАЛҒАСАДЫ

658 рет
көрсетілді

Кеше елорда төрінде ұйымдас­ты­рылған ЕҚЫҰ-ның Төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясында төзім­сіз­діктің, өшпенділікке негізделген қыл­мыстың алдын алу, керісінше, әр алуан қоғамға өзара сыйластық пен түсіністік идеясын сіңіру мәселесі жан-жақты талқыланды. Бұл күнгі конференцияның сес­сияларына құқық қорғау, заң шығару органдарының, азаматтық қоғамның төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрес жүргізу мен оның алдын алуда­ғы қызметі, ЕҚЫҰ-ның бүгінгі күнгі міндеттемелеріне сәйкес, білімнің өз­ара сыйластық пен түсіністікті қам­та­масыз етудегі рөлі, ЕҚЫҰ айма­ғын­дағы ұлтаралық және мәдениетаралық байланысты нығайту стратегиясын жандандыру тақырыптары өзек бол­ды. Отырыс барысында оған қаты­сушылар азаматтардың қылмысқа апаратын өшпенділігін тек өзара күш біріктіру мен ортақ сенімге негіздел­ген түсіністік арқылы ғана шешуге бо­латындығын алға тартты. Әсіресе, мұндай келеңсіз құбылыстарға жас­тар­дың көбірек ұрынатынын, сол се­бепті кейінгі ұрпақ мәселесін мықтап назарда ұстау қажеттігі атап өтілді. Бұл ретте жастарға арналған үлкен жи­ындар мен конференциялар ұйым­дастырып, “Елдік бағдарымызды қа­лай түзейміз?” деген мәселе төңіре­гінде бірлесе ойлануымыз қажет дегенді алға тартты сала мамандары. Келелі жиын барысында дін мен білімнің өзара сабақтастығының ма­ңыздылығы, жасөспірімдерге рухани тәрбие беру мен олардың оқу құрал­дарына дін мәселесін аса сақтықпен, ыждағаттылықпен енгізу, жастардың өз құқықтарын ерте бастан қорғауға тәрбиелеу, олардың діни сауатын ашу секілді мәселелер күн тәртібіне қойылды. Бүгінде кез келген елдегі діни ахуал уақыт сырғыған сайын күр­деленіп бара жатқаны жасырын емес. Дін мәселесі – әлемдегі ең өткір мәселелердің біріне айналды. Себебі, дін қауіпсіздігі – ең алдымен ұлт қауіпсіздігі. Конференцияға қаты­су­шы­лар бұл күрмеулі мәселенің түйі­нін шешуде дін саласын жіті назарда ұстап, дін мен елдің арасын реттейтін құзырлы органдардың қызметін рет­теу, адам бойындағы қандай да бол­масын ауыр қылмысқа жетелейтін өшпен­ділікке қарсы күрес жүргізетін құқық қорғау органдарының қызмет­кер­лерін арнайы бағдарламамен оқы­ту мәселесі айрықша маңызға ие екен­дігін алға тартты. Мәселен, құ­қық қорғау органдарының маман­да­рын арнайы бағдарламамен оқыту әдісі ЕҚЫҰ-ның Демократиялық инс­титуттар мен адам құқықтары жө­ніндегі бюросының күшімен қолға алынған екен. Бұл күнгі жиын барысында сырт­тан келіп, іштен ірітетін неше түр­лі кірме діни ағымдардың қоғамға төн­діріп отырған кері әсері, экстремистік тұрғыдағы әдеби кітаптардың елге ағылуы, олардың жастардың қолына еркін тиюі секілді түйткілді мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Конферен­ция­ға қатысушылар бұл асқан төзім­ділік пен барлық қоғамның бірігуін қажет етеді, бұл ретте халықты діни көзқарас жағынан адасушылық пен түсініспеушіліктен сақтандыру керек деген ойларын алға тартты. Кеше кешке Бейбітшілік және ке­лісім сарайында ЕҚЫҰ-ның Төзім­ділік және кемсітушілікке қарсылық жөніндегі жоғары деңгейдегі конфе­рен­циясы өзінің жұмысын аяқтады. Оның жабылуында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы,  Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйледі. Конференция барысында өте қызу талқылаулар мен пікіралысулар болды, деп бастады ол өзінің сөзін. Тө­зімділік және кемсітпеушілік жө­ніндегі өзекті проблемалар бойынша ашық пікір айтып, конструктивті тал­дау жасауға белсене қатысқандары үшін барлық қатысушыларға, баян­дамашыларға және жұмысты ұтымды ұйымдастырған модераторларға, кәсі­би шеберлігі үшін аудармашыларға алғыс білдіргім келеді, деді ол. Одан әрі төзімділік Қазақстан төрағалығы көтерген төрт “Т-дан” тұратын ұран­ның бір бөлігі екенін еске салды. Осы конференция қазақстандық төраға­лық көтерген төзімділік мәселесінің ЕҚЫҰ қауымдастығы үшін өте ма­ңызды проблема екенін көрсетіп бер­ді. Конференция барысында мұсыл­ман­дарға, христиандарға, антисе­митизм­ге, расизмге, ксенофобия мен кем­сітушілікке төзімсіздікпен күрес­тің жиналған тәжірибелері мен озық тәжірибелері ортаға салынды. Осы тараптағы заңдылықтар мен құқық қор­ғау әрекеттерін жетілдіру мәселе­лері де айтылды. Өзара түсіністікке жету мен әртүрлілікті сыйлаудағы білімнің рөліне үлкен баға берілді. Төзімсіздіктің ашық көріністерін сынау мен БАҚ-та, соның ішінде интернет жүйесінде өзара түсіністік идеяларын тарату  мәселелері ұсы­ныл­ды. Осыдан әрі Іс басындағы төр­аға Қанат Саудабаев конференция жұ­мысының қорытындысын жария етті. Мен оны өзім: “ЕҚЫҰ-ның Іс ба­сындағы төрағасының төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі Астана декларациясы” деп атаған құжаттың қабылдануымен аяқталды деп ай­тамын және оның кейбір маңызды ережелерін атай кетейін, деді ол. – ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемле­кет­тер көпэтносты және көп­кон­фес­сия­лы Қазақстан Республикасының ел­ордасы – Астана қаласының бей­біт­сүйгіш рухымен қанаттанып, ЕҚЫҰ аумағында төзімсіздік пен кемсітуші­лік­ке қарсы күрестің үнемі жалғаса­тынын еске алып және осы жиын Мәдениеттер жақындастығы жылын­да өтіп отырғанын атап өте отырып, діндер, мәдениеттер және өркениет­тер арасындағы барлық деңгейдегі диалогтардың үздіксіз болғанын қа­лап, адам құқы және азаттық, демо­кратия және заңның үстемдігі үнемі болуы – мәдениетаралық, дінаралық және этносаралық түсіністіктің қай­нар көзі екенін атай отырып және осы конференцияда айтылған ұсы­ныстарды ескере келе ЕҚЫҰ аума­ғындағы мемлекеттер мен үкіметтерге төмендегі ұсыныстарды жасайды: Расизмді, ксенофобияны, антисе­ми­тизмді, сондай-ақ мұсылмандарға, христиандарға және басқа да діндер мен нәсілдік топтарға қарсы кез кел­ген төзімсіздік пен кемсітушіліктерді болдырмау мақсатымен ЕҚЫҰ мі­н­деткерліктерін орындап, аталған істер­ге қарсы тиімді саяси шаралар әзір­леуді ұсынады. Соның ішінде заң­дылықтарды жетілдіру, құқық қорғау органдарының арнайы қызметкер­лерін дайындау, төзімсіздік негізінде туған қылмысты істердің мони­то­рингі­н жасау, этностар мен мәде­ниет­тер аралық диалогтар жасаудың ұлт­тық стратегиясы мен әрекеттер жос­парын әзірлеу және т.б. ұсынылады. Азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, төзімсіздікке қарсы күрес жұ­мыстарын ұйымдастыруды және дінаралық және этносаралық әріп­тестіктерді  мадақтайды. Осы орайда БҰҰ-ның Өркениеттер альянсының бастамасын қолдаймыз, делінген қабылданған құжатта. Одан әрі Қанат Саудабаев: мен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ре­тінде конференцияның қорытын­ды­сында қабылданған ұсыныстар қа­былданып, төзімсіздік пен кем­сі­ту­шілік­ке қарсы әрекеттер жасалатыны­нан қатты үміттенемін, дей келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиын ашылғанда айтқан құттықтау сөзіндегі “біз болашақ саммитте Тө­зімділік саясатындағы маңызды іл­ге­рілеулерді қорытатын ортақ құжат қа­былдауымыз керек” деген ұсынысын еске алып, оның өте орынды екенін атап өтті. Сондай әрекеттер жасасақ қана біз жуырда Қырғызстанда болған сияқты этносаралық кикілжіңдердің орын алуына қарсы тұра аламыз, деді ол. Сөзінің соңында Қ.Саудабаев конференция жұмысына белсене қатысқан ұйым органдарының басшыларына ризашылығын білдірді. Осыдан кейін Іс басындағы төраға Қанат Саудабаев журналистерге кон­ференцияның қорытындысы бойын­ша  баспасөз-мәслихатын өткізді. Бұл кон­ференция қазіргі заманда этно­с­аралық және дінаралық, мәдениеттер мен өркениеттер аралық төзімділіктің өте өзекті мәселесінің бірі екенін көрсетіп берді. ЕҚЫҰ жауапкершілігі аумағындағы барлық қатысушы мем­лекеттер де өздерінің өкілдері арқылы талқыланған мәселеге өздерінің пі­кір­лерін білдірді. Одан әрі төраға қоры­тын­ды құжатта айтылған ұсыныс­тардың бірқатарын айтып берді. Олар ЕҚЫҰ жауапкершілігі аумағындағы мемлекеттерде төзімсіздік пен кем­сітушілікті болдырмау бағытындағы жұмыстарды белсендірек жүргізу мақсатын көздеп жасалған ұсыныстар еді. Соңғы уақыттарда көршіміз Қыр­ғызстанда болған оқиғалар төзімсіз­діктің өте өзекті мәселе екенін тағы бір рет дәлелдеп берді. Сондықтан бұл тарапта кикілжіңдердің әрқа­шан­да алдын алу керек, деді ол. Одан әрі төраға журналистерге кон­ференцияға қатысушылардың Қазақстан туралы біліктерінің қан­шалықты екендігін айтты. Біздің елі­міз этносаралық және дінаралық төзімділіктің үлгісі ретінде бүгінгі күні әлемдегі өркениеттер арасындағы үнқатысулардың көшбасшысы болуға әбден лайықты екендігін конферен­цияға қатысушылар бірауыздан ма­құлдап отырды. Әрине, олардың бәрі де бұл істегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегін атап өтті. Соның ішінде оның әлемдік тыныштық пен тұрақтылықты сақтау мақсатымен жасаған бастамаларының бәріне де өздерінің сөздерінде үлкен ба­ғаларын берді. Елдің ішіндегі этнос­аралық және конфессияаралық бірлікті сақтау мақсатымен Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты айрықша институтты ұйымдастырғанын, Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты маңызды әлемдік шара­ларды жасап отырғанын да қатысу­шы­лар аса зор еңбек ретінде ауызға алды. Тұрақтылық пен тыныштық, өзара сенім мен сыйластық біздің эко­номикадағы табысымыздың да қайнар көзі болғанын да аймақтағы ахуалды өте жақсы білетін саясатшы мамандар жақсы біліп отырды, дей келіп, біз конференцияның қорытын­ды құжатында айтылған ұсыныстар халықтар арасындағы түсіністік пен өзара сенімге қызмет етер деген үміттеміз, деді ол сөзінің соңында. Осыдан кейін Іс басындағы төраға журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Алғашқы сұрақ ЕҚЫҰ-ның саммитіне дайындық қандай деңгейде екендігі туралы болды. Оған жауап берген Іс басындағы төраға Қ.Саудабаев дәл бүгін  қазақстандық төр­ағалыққа тура жарты жыл болып отырғанын айтты. Біздің жұмы­сы­мыз­ға алдын ала беріліп жатқан қо­ры­тындылар жаман емес екенін өздеріңіз білесіздер, дей келіп, екі ап­та­дан кейін Алматыда болатын Сырт­қы істер министрлерінің бейресми форумында ЕҚЫҰ саммитіне дайын­дық жұмысы туралы әңгіме болаты­нына сенім білдіретінін жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Жақсыбай САМРАТ.