• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2010

ТАЙЫНШАДАҒЫ ЕТ КОМБИНАТЫ

847 рет
көрсетілді

Еуроодақ талаптарына жауап беретін қайта өңдеу кешені болып табылады Бұл – Тайынша ауданындағы индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасы аясында пайдалануға берілген екінші жоба. Мұның алдында “Тиолайн” ЖШС титан-цирконий кен орнын игеру жөніндегі жобаны іске қосып, жылына 40 мың тонна текше метр құм өңдейтін шетелдік құрал-жабдықтар орнатқан болатын. 5 миллион долларға жуық қаржы жұмсалып, 157 адам жұмыспен қамтамасыз етілген-ді. Ал, Еуроодақ стандарты бойынша салынған кәсіп­орын ет комбинаты деп аталғанымен, жұмысы өте ауқымды әрі сан-салалы. Мұнда мал мен құсты өнеркәсіптік бордақылау, оның өнімдерін өңдеуге дейінгі операциялар бір мезетте атқа­рылады. Күніне 120 бас ірі қара малы немесе 4000 бас шошқа сойылатынын ескерсек, қуат­тылығының қаншалықты зор екенін шамалай беруге болады. Серіктестіктің құс фабрикасы және 50 мың басқа арналған шошқа фермасы бар. Мүйізді ірі қара малын сатып алу мақ­сатымен көршілес аудан шаруашылықтарымен, жекелеген адамдармен келісім-шарт жасалған. Ет комбинатының ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Біләлов, “Баско” ЖШС бас дирек­торы Александр Сутягинский қатысып, іс ба­ры­сымен танысты. Мал сойылатын арнайы цехта, салқындату камерасында, ет өңдейтін орында болды. Шетелдік техноло­гияға негіз­делгендіктен, жұмыс үдерістерінде еш іркіліс жоқ. Тез әрі оңай атқарылады. Ең бастысы, сойылған малдың еті сапасын еш жоғалтпайды. Полиэтилен қаптарға салынып, іле сыйым­ды­лығы бір мың тонналық салқындатқыш камера­ларға жөнелтіледі. Түрлі фарштар әзірлейтін, колбаса жасайтын цехтар да заман талабына сай жабдықталған. – Елбасы Н.Назарбаев 2014 жылға таман азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрауы міндетін халыққа арнаған Жолдауында айрықша атап көрсеткен болатын. Бізде бұл үшін мүмкіндіктер жеткілікті. Соңғы жылдары облыста мал шаруашылығы саласы жақсы өр­кендеп келеді. Жеке адамдардың да мал өсіруге деген ынта-ықыласы артты. Ендігі мақсат – индустриялық дамуға кең жол ашу. Мұның өзі еңбек өнімділігін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен екпін бере­рі сөзсіз. Бүгін соның айшықты көрінісіне куә болып отырсыздар. Бұл жоба арқылы 320 адам тұрақты еңбекке тартылатын болады. Келесі жылы “Нұрлы көш” бағдарламасын осы ауданда бастайтын боламыз. Сонда атамекенге келген ағайындарымыз да жұмыссыз қал­майды, – деді аймақ басшысы ұжым мүше­леріне арнау сөзінде. Серіктестік жетекшісі алдағы уақытта 210 мың тонналық құрамажем зауытының, 840 мың мекиенге арналған құс фабрикасының бой көтеретінін жеткізді. Кәсіпорын жылына 9 мың тоннаға дейін ет өндіріп, ет өнімдерінің 200 түрін шығаруды межелеп отыр. Өмір ЕСҚАЛИ, “Егемен Қазақстан”. Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы.

* * *

БІЗ ТЕК ҚАНА ШЫНДЫҚТЫ АЙТАМЫЗ Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты жағдай жасалып келеді. Оларды ертеңгі күнге үміттендіріп, қоғамнан өз орындарын табуға мүмкіндік туғызуда арнайы мектептердің атқарар жұмысы айтарлықтай. Солардың бірі – елордадағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық, ол “Программа Б” деген оқу-әдістемелік құралымен 4 типтік бағытта жұмыс атқарады. Олар, біріншіден, тұрмыстық бағыт: өзін-өзі күту, киіну, тамақ ішу тәрбиешілердің кө­ме­гімен жүзеге асады. Екіншіден,  педагоги­ка­лық бағыт: бұл жерде ең бастысы – логи­каны дамыту, сөйлеу техникасын  және бас­тапқы білім беруді арнайы мұғалімдер үйретеді. Сабақ кестелері 3-4 сағаттан аспай, балалардың интеллектуалдық, грамматикалық жағынан жетілулеріне көмектеседі. Үшінші бағыт: тікелей медицинамен байланысты. Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын бақылау және дер кезінде алғашқы көмек беру меди­цина қызметкерлерінің қарауымен атқарылады. Осыған арнайы  кабинеттер жабдықталып, арт-терапия, ликатека, сенсорлық кабинеттер, Монтессори сатып алынған. Сондай-ақ, тәжірибе ретінде балаларды көпшілік алдына шығарып, басқа жүйке ауруымен ауырмайтын балалардан кем емес екендігін көрсету. Бұл үдерістер орталық саябақ және Астананың ойын-сауық мекемелеріне апарып, қыдырту арқылы жүзеге асырылады.  Соңғы төртінші бағыт: қаржыландырумен жұмыс істеу. Бұл дегеніміз – демеушілік көмек және мемлекет бөлген ақшалардың дұрыс жұмсалуын бақылау. Әрине, қаржы жағына келгенде тек ақ­ша­мен емес, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да аса маңызды. Жалпы алғанда, 3-тен 18 жасқа дейінгі аралықта мүмкіндігі шек­теулі 180 бала бар. Оның 64-і күндізгі бө­лімде болса, қалған көпшілігі стационарлық топта қаралады. Арнайы күтіммен бақыла­на­тын 28 бала Даун синдромымен ауыратын болса,  стационарлық бөлімдегі 32 бала жүре алмайды. Орталықта жұмыс істейтіндердің тең жартысын психологтар, дефектологтар, логопедтер, мұғалімдер мен тәрбиешілер құраса, қалғандары техникалық және санитарлық бағыттағылар болып табылады. Орталықтың директоры Серік Бөпежанов атқарылатын жұмыс қанша қиын болса да, балалардың бір күлкісі мың рет айтылған рахметпен тең, дейді. Өйткені, бұл балалар ешқашан ешкімге жамандық ойламайды және алдамайды да. Шыңғыс МЫРЗАХМЕТ, Еуразия ұлттық университетінің студенті.