Қазақстан Магниткасына 50 жыл толды. Президент Н.Ә.Назарбаев №4 домна пешінде мерекелік шойын алынуына қатысты.
Мемлекет басшысының өндірісті өңірге жұмыс сапары кеше Теміртауда жалғасты. Қала тұрғындары өз орталарынан шыңдалып өскен Президенттің бұл жолғы келуіне қуаныштары бөлек болды. Отандық индустрияның алыбы – Қарағанды металлургия комбинатында қазақстандық тұңғыш шойын алыну оқиғасы дәл 50 жыл бұрын болған еді. Ел тарихындағы елеулі белес саналатын сол күн әр теміртаулықтың есінде. Аға толқын көз алдында, жас ұрпақ құлағына қанық.
Президент Н.Ә.Назарбаев ат басын бірден алғашқы еңбек ортасына тіреді. Оның да ыстық бір ұясы – домна пеші алдына тоқтады. Кешегі еңбектес әріптестер, олардың бүгінгі ізбасарлары күтіп тұрған еді бұл жерде. Біразын жазбай танып, хал-жағдай сұрастырған Елбасы мерекелік шойын алыну рәсіміне қатысушы топты бастап, домна көрігіне көтерілді.
Мерекелік шойын алу сенімі жас горновойлар Сергей Жмурин мен Нұрым Әліпбаевқа көрсетілген екен. Бұл міндетті өздері де талай рет атқарған, қыр-сырын жетік білетін аға буын горновойлар алдында, солардың ортасындағы Елбасы алдында шеберліктерін танытып, сыннан сүрінбей өту жауапкершілігі айтып жеткізгісіздігін іштей сезінген тілеуқор жұрт назары екеуінің қимылында. Қанша айтқанмен мұндай сенім екінің біріне көрсетілмегені бірден байқалды. Горновойлық мамандықты меңгеріп, содан қол үзбей келе жатқандарына он жылға жуықтаған жігіттер үйреншікті істеріне мығымдықтарымен сүйсіндірді. Шойынның ажыратылу уақытын дәл анықтап, қып-қызыл балқыманы астаушаға ағызған екеуінің бұл үдерісті сәтті өткізгеніне Президенттен бастап барша жиналғандар қол соқты. Байырғы металлургтерге жас Назарбаевпен бірлесіп 1960 жылдың 3 шілдесінде осылайша алғаш шойын ағызған шақ қаз қалпында көз алдарына келе қалғандай болды.
– Мен бұл сәтке көп күн дайындалдым. Бүгін ерте келіп, әдеттегі жұмыс барысын қайта-қайта пайымдап шықтым. Әсіресе, іштей толқуым көңілімді абыржытқандай еді. Пеш алдына келгенімде басылды. Елбасының көзінше, кәнігі горновойдың көзінше шойын алу жеңіл ме. Міндетімді мүлтіксіз атқарып шыққаныма қуанышымда шек жоқ, – деді Нұрым өзін қаумалаған журналистерге ағынан жарылып.
Онымен бірге шойын ағызған, жас жұмысшылар мен мамандардың мұның алдында Қарағандыда Президентпен өткен кездесуіне қатысқан Марат Атшабаров айтқандай, комбинаттағы ең қадірлі мамандық – горновойшылар қатарында өздеріндей жастар аз емес. Бірқатары Қарқаралы, Егіндібұлақ, Нұра, Ақтоғай өңірлерінен, осында тағдыр тоғыстырған. Бес ағайынды Атшабаровтарша металлургтер әулетін құрушылар көбейген. Ауыл өрендеріне алып өндіріс өмірге үлкен жол ашыпты. Кеше де солай болған. Бүгін де солай. Магнитканың қашанда еңбектің алтын ұясы болып қала бермектігі тағы бір танылуда.
Елбасы бұдан соң қалалық Мәдениет сарайына келіп, қазақстандық тұңғыш шойын алынуының 50 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысушыларды құттықтады.
– Бұл тарихи мәні зор оқиға бүгінгідей көз алдымда. Бұдан жарты ғасыр бұрын елімізде бұрын-соңды болмаған өнеркәсіп алыбы дүниеге келді. Сарыарқа төсіндегі сол тұстағы шағын Теміртау қаласы қайнаған өндіріс ошағына айналды. Осында тұңғыш шойын қорытпасы алынды.
Қазақстан Магниткасы – еңбектің еңселі ескерткіші. Көзінде от ойнаған, жүрегінде жалын маздаған алғашқы домна пешін 2 жылда іске қосты. Қарапайым еңбек адамдарының бұл ерлігі мәңгі ұмытылмайды.
Қазақстан Магниткасы – халық бірлігі мен жасампаздығының жарқын үлгісі. Мұнда алуан түрлі ұлт өкілдері жұмыла еңбек етті. Бірлігі жарасқан халық Теміртауды татулық бесігіне айналдырды.
Қара металлургияның қарашаңырағы болған Магнитка арқылы Қазақстан кеңестік кеңістіктегі алып индустриялы елге айналды.
Тоқсаныншы жылдардың еліміз үшін күрделі кезең болғанын баршаңыз білесіздер. Кеңес Одағы ыдырап, қалыптасқан жүйенің бұзылуынан комбинат қиын жағдайда қалды. Сол тұста тығырықтан шығар жалғыз жол – шетелден инвестиция тарту еді. Дер кезінде қуатты инвестор таба алғанымыздың арқасында біз комбинатты аман сақтап қалдық. Бұл – біздің металлургтердің және “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы басшылығының жемісті жұмысының нәтижесі. Біз дағдарыс салдарын дабырмен емес, сабырмен еңсердік. Менің тапсырмам бойынша азаматтардың әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілді.
Қазір дағдарыстан дамуға бет түзедік. Еліміз экономикалық өрлеудің жаңа белесіне аяқ басты. 2020 жылға дейінгі Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қолға алынды. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы жасалып, жүзеге асырыла бастады. Бұл бағдарламада металлургия саласы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылған, – деді Президент өз сөзінде. Осы орайда болатты үздіксіз құю, ыстықтай мырыштау және қалайылау, сортты прокат өндірісі іске қосылғаны аталып, 2015 жылға дейін жаңа қосымша қуаттар пайда болатындығын тыңдаушылар разылықпен қабылдады. Стратегиялық жоспар бойынша кәсіпорында болат өндіру көлемін жылына 6 миллион тоннаға жеткізу көзделген. Мұның өзі алыптың тынысы тыңнан еседі деген сөз.
Н.Ә.Назарбаев мерекелік жиналысқа қатысушыларды жақсы хабармен қуантты. “Мен Қазақстан Магниткасының 50 жылдық мерейлі мерекесіне орай бірқатар азаматтарды еңбектегі ерен табыстары мен Отанымызға сіңірген адал қызметтері үшін мемлекетіміздің жоғары наградаларымен марапаттау жөніндегі Жарлыққа қол қойдым”, деп сүйінші хабарды теміртаулықтарға алғаш жеткізген Елбасы “Қазақстанның Еңбек Ері” жоғары атағы белгісін байырғы болат балқытушы Арғын Жүнісовтің кеудесіне алдымен тақты. Аға өндіріс мастері Виктор Деркачқа “Отан”, салқын металл кесушісі Виктор Ткаченко мен Ресей Федерациясы Қаржы-өнеркәсіптік топтары қауымдастығының президенті Олег Сосковецке ІІ дәрежелі “Барыс”, жөндеу цехының бастығы Жанас Арысовқа ІІІ дәрежелі “Барыс”, “Арселор Миттал” компаниясының иегері Миттал Лакшмиге ІІ дәрежелі “Достық”, еңбек ардагері Төлеген Адам-Юсуповке, сумен қамтамасыз ету цехының бастығы Андрей Бегенеевке, Теміртау қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Вахитоваға және Теміртау қаласының әкімі Нүркен Сұлтановқа “Құрмет” ордендері табыс етілді.
– Мен де жастайымнан келешегімді Теміртаумен біте тамырластырған жанмын. Өмір қуанышымды осы қаладан, оның тыныс тірегі – металлургиялық комбинаттан таптым. Ол көз алдымызда өсті. Өрлей бермектігі мерейлендіреді. Мұның өзі ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлының кәсіпорнымызды қолдап, ұдайы қамқорлық көрсетіп отыруының, инвесторға талапшылдықтың арқасы.
Ұзақ жылғы еңбегім жоғары бағаланып, “Барыс” орденімен марапатталуым – маған зор мәртебе. Бұл құрметті награданы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан алып тұруым – ғұмырымдағы ең бақытты сәт. Металлургтердің ауыр еңбегін бастан өткерген, көзбен көрген, жүрекке түйген Елбасымыздың бізді осындай атаққа лайық көруі – биік құрмет, – деп Жанас Арысов марапатталушылар атынан ақ алғысын жеткізді.
Салтанатты жиналыс соңы “Магнитка – менің тағдырым” театрландырылған концерттік бағдарламаға жалғасты. Жиналғандар көз алдынан комбинат, қала өмірін, бейнесін түбірлі өзгерткен өткендегі 60-шы, 70-ші жылдар жастарының жарқын істері көрініс берді.
Теміртау бүгінде танығысыздай жайнап, құлпырған шағында. Өз адамындай көретін сүйікті Президенттері үшін қуаныштың үлкені, тартудың қымбаттысы жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер, мектептер, зәулім ғимараттар екенін білетін теміртаулықтардың қашанғыдай алға тартарлары бұл жолы да аз болмады. Елбасы қалаға кіреберіс бас көшенің екі жақ қапталында бой көтерген мешіт пен православие храмын, “Неке сарайы” салтанат үйін барып көрді.
Қарағанды металлургия комбинаты өзінің екінші елу белесіне аяқ басты. Екпінді еңбек үні одан әдеттегідей алысқа жаңғырып отыр. Ел қуатының тірегі дәстүрлі көшбасшылық жолына болаттай берік.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ТЕМІРТАУ.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.