• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2010

ОН НЫСАННЫҢ ОҢ ҚАДАМЫ ӨҢІР ӨМІРІН ӘРЛЕНДІРУГЕ ЖОЛ АШПАҚ

394 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Кә­рім Мәсімов жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысына келді. Үкімет басшысы мен оның жанындағы ресми адамдар өте тығыз кестедегі жұмыс бары­сын­да маңызды он нысанда болып, кеңейтілген төрт кеңес өткізді.Үкімет басшысының өңірлер­ге жасаған әрбір сапары жұмыс істеп тұрған, құрылысы жүр­гі­зіліп және қайта жарақтан­ды­рылып жатқан кәсіпорындардың жұ­мы­сы­на серпін қосып, бас­шы­лар мен мамандардың, ұжым мүше­лері­нің өз міндетіне жаңа­ша ек­пін беріп, жауапкершілікті еселей түсетіні белгілі. Үкіметтің күн­делікті назар салуы мен қолдауы­ның арқасында Ақмола облы­сын­дағы көкейкесті мәселе­лер оң ше­шімін табуда. Осы орай­да, облыс әкімі Сергей Дьячен­ко Көкшетау және Степ­ногор қалаларын сумен қамту, Щучье-Бурабай курортты айма­ғы мен Астанамен серіктес Қос­шы кентінің инфрақұрылы­мын жақсарту, өнеркәсіп пен агроке­шенді индустриялық-ин­но­ва­ция­лық бағытта дамыту, әлеу­меттік-экономикалық жағдайды жақ­сартудың басқа да қадам­дары игі қайтарымын бергенін баян­дады. Үстіміздегі жарты жыл­дық­тың қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 118,5 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 7 пайызға артып, 23 мил­лиард теңгені құрады. Мал мен құс саны айтарлықтай кө­бей­ді. Әртараптандыру бағытын ұс­тан­ған диқандар қауымының жүзі жарқын. Сергей Алексан­дро­вич негізгі капиталға инвес­тиция жұмылдыру 21 пайызға өсіп, 35,2 миллиард теңгеге жет­кенін алға қойған міндеттердің абыроймен орындалатынымен байланыс­тыр­ды. Облыста тұрғын үй құрылысы 2009 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артып, жұмыссыздық 1 пайыздық дең­гейге төмендепті. Салық және басқа міндетті түсім­дердің бол­жамдық жоспары 11 пайызға ұлғайып отыр. Қазақ­стан­ның индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы шең­берінде 2010 жылы 74,8 миллиард теңгенің 9 жобасын жүзеге асыру жоспарланса, қазірдің өзінде маңызды 4 жоба толық аяқ­талған. Ал, жыл соңына дейін Ақкөл, Егіндікөл, Астрахан аудандарында 15 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңы, Көкшетау қаласы мен Ақкөл ауданында кірпіш зауыттары пайдалануға берілмек. Өңірлік өрлеу көптеген әлеуметтік мәселелердің тиімді шешілуіне мүмкіндік жасайды. Әйткенмен, уақыт үдемелі дамуды талап етіп отыр. Пре­мьер-Министр жұмысымен та­ныс­қан Степногор қаласындағы “Қазфосфат – химия зауыты” ЖШС биылғы жылдың науры­зы­нан минералды тыңайтқыш­тар шығаруды тоқтатқан. Басты себеп шикізаттық күкірт қыш­қылының жоқтығында болып тұр. Кәрім Қа­жымқанұлы бұл мәселені шұ­ғыл шешуге бағыт­талған тапсыр­ма­лар беріп, оны арнайы бақы­лауға алуды ес­кертті. Осы қаладағы “Қазатомөнер­кә­сіп” ЖШС директоры Кеңес Амандосов “Күкірт қышқылы зауытын қайта құру” жобасымен таныстырды. Алдағы жылдың та­мызында іске қосылатын кәсіп­орын­ның жылдық қуаты 180 мың тонна күкірт қышқылын шы­ғару­ға лайықталған. Жоба­ның жалпы құны 10 400 мил­лион теңге болса, оның 2 200 мил­лион теңгесі – кәсіп­орын­ның өз қаржысы. Қазір өнер­кәсіп алаңында жобалау жұмыс­тары аяқталып, базалық инжи­ниринг жүргізілген, сондай-ақ, ескі жабдықтарды бөлшектеу то­лық атқарылыпты. Қазақстанда жасалған технологиялық жаб­дық­­тардың бір бөлігі (“Белка­мит” БК” АҚ) өндіріс орнына жет­кі­зілді. Зауытты белгіленген мер­зім­де іске қосу үшін 8200 мил­лион теңге көлеміндегі несие қаржысын тартуды жеделдету қажет. Бұл орайда “Қазақ­стан­ның Даму банкі” акционерлік қоғамы­мен келісім-шартты тиянақтау тапсырылды. Степногор тау-химия комби­на­тына қарасты “Гидрометал­лур­гиялық зауыты” ЖШС бас ди­рек­торы Виктор Белорусов кәсіп­орынның жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ха­барлама жасады. Мұнда былтыр 3299 тонна уран қоспасы мен 52 тонна молибден өндірілген. Биылғы бес айдың көрсеткіші де жоспардағы­дан артық. “ИСО 9001-2008” сапа менеджментімен жұмыс істейтін зауытта “Звезд­ное” кен орнының шығыс жаға­лауын зерттеу мен өңдеу” инвес­тициялық жобасы жүзеге асы­рылуда. Кәсіпорынның жұмыс барысымен танысқан Үкімет мүшелері пайдалы қазба­лар өндіруде 0 пайыздық салық мөл­шерін белгілеу, қаржылан­ды­ру мәселесін жақсарту, “Звезд­ное” кенішін дамыту мәселелері бой­ынша ұсыныстарға назар аудар­ды. Степногор қаласын сумен қамтамасыз ету жүйелеріндегі өткен қыстағы апат пен орманды алқаптардағы өрт қауіпсіздігі мәселесі жұртшылықты қатты алаңдатуда. Осыған байланысты Үкімет басшысы “Степногор водоканал”, облыс орталығында­ғы “Көкшетау жылу” кәсіпорын­дарында және Бурабайдағы жа­ңадан салынған орталық өрт сөн­діру депосында мәжіліс өт­кізді. Онда Ақмола облысының әкімі С.Дьяченконың, Ауыл шаруа­шы­лығы министрі А.Кү­ріш­баевтың, Құрылыс және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруа­шылық агенттігінің төрағасы С. Нокиннің, Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың, Туризм және спорт вице-ми­нистрі К.Өскенбаевтың, Индус­трия және жаңа технологиялар вице-министрі Б. Камалиевтің, Табиғи монополияларды реттеу агент­тігінің төрағасы Н.Алдабер­ге­новтің есептері тыңдалды. Арнайы жұмыс тобы аталған мәселелерді жан-жақты екшеп, тиісті шешім қабылданатыны мә­лім болды. Сондай-ақ, Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсімов Бурабай ауданындағы “Есіл-Агро” ЖШС заманалық тауар­лы-сүт ферма­сын­да, Көкшетау­дағы “СТ Агро­сер­вис” ЖШС мен “КамАЗ-Инжи­ниринг” акционерлік қо­ғамын­да болып, облыстық “Қан орталығының” жаңа ғимараты­ның құрылы­сымен танысты. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыс әкімдігінде Ақмо­ла, Солтүстік Қазақстан, Қоста­най облысы өкілдерінің қаты­суы­мен кеңес өткізді. Онда Мұнай және газ министрі Сауат Мың­баев пен Ақмола облы­сы­ның әкі­мі Сергей Дьяченконың еліміздің солтүстік өңірін сұйық газбен қамту бағдарламасын орындау мәселесіне қатысты хабарлама­лары тыңдалды. Үкімет басшысы өзінің қоры­тынды сөзінде Ақмола облысын­дағы игі қадамдарға қолдау көр­сету қажеттігін атап көрсетіп, тұрғындардың қалыпты тір­шілігін қамтамасыз етудегі Елбасы тап­сырмасының мінсіз орындалуын талап етті. Ал, солтүстік өңірді сұйық отынмен қамтамасыз етуге байланысты мәселе екі аптадан кейін Үкімет отырысында арнайы қаралатын болды. Бақберген АМАЛБЕК,Ақмола облысы. Суретті түсірген  Шүкір ШАХАЙ.