Университет табалдырығын журналистика факультетінің студенті болып аттағанымда ең алғашқы дәріс Алматының Киров көшесіндегі бас корпусында, 148-аудиторияда өткен еді. Дәріс – әдебиет теориясы, дәріс беруші – профессор Зейнолла Қабдолов!
Шағын аудиторияда тым-тырс тыныш отырған жиырма бесімізге шола қараған аялы көздерінде адами болмысының жап-жайлы да жарық бейнесі ұялаған ұстаздың жан-дүниесі өзгеше бір шуағын шашып тұрғандай әсерге бөлейді.
Ол оң жақта тұрған кафедраға барған жоқ, ұзыншалау үстелдің орта тұсындағы орындыққа асықпай жайғасып алды да, ашық та әсерлі жағымды дауыспен сөзін бастады.
– Бүгін осы аудиторияда, – деді де, сәл мүдіріс жасап барып, – бізге сонау жылдары ұлы Әуезов лекция оқыған аудиторияда әдебиет әлемінің қыр-сырын өздеріңе барынша танытуға арналған дәрісімізді бастаймын...
Ал керек болса! Біздер отырған бұл әншейін ғана бір аудитория емес, кемеңгер Мұхтар Әуезов, академик жазушының аудиториясы екен. Бізге әдебиет теориясы ілімінің алғашқы университеттік әліппесін оқытуға бүгін осы қасиетті аудиторияда Әуезовтің шәкірті болған Қабдоловтың өзі келіпті.
Осы сілтідей тынған мезетте аудитория ішінде, оның бұрыш-бұрышында бейне бір ұлылықтың рухани лебі желпіп тұрғандай еді.
Көркем сөз болмысының небір кереметтерін Әуезов романының бас кейіпкері данышпан Абайды айтудан бастаған ұстаздың кереметтей дәрісіне арбалаған мені сол сәттерде әдебиеттің ғажайып та бейтаныс әлемі бірден баурай жөнелгендей болды десем, әсірелеп айтқаным емес...
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі – алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс!..
– Бұл Пушкиннен Абай қазақшалаған Татьянаның Онегинге хатының бір ғана шумағы. Қараңыз, сұлу ғашықтың жүрегіне саусақ бітіріп, оны алыстағы Айға қарай созылғанын, яғни жай ғана созыла түскенін емес, талпынғанын бейнелеу дегеніңіз – ой-сананы арбайтын теңдесі жоқ поэтикалық теңеу емес пе. Осы арадан біз Пушкинді емес, ең алдымен өзіміздің Абайымызды көреміз. Бұл аударма емес, Абай жүрегінен туған нағыз поэзия!
Немесе Олжастың қыпшақтар туралы дастанының алғашқы қос жолын сөз зерігері Әбіш Кекілбаевтың «Қыпшақтардың, ойхой, құба жондары-ай! Жер тарпыған пырағын айт, пырағын!» деп қазақшалаған ұлттық әсерге толы кереметтей поэтикалық образды зерделеуін қалайша толғанбай оқи аламыз!? Мұның бәрі сөз өнерінің құдіреті! Ал сөз өнері дегеніміз – әдебиет! Әуезов аудиториясында бүгіннен бастап осы ғажайып әлемнің сан тарау бейнелі парақтарын ашамыз...
Көңілге ерекше толқыныс берген Қабдолов лекциясынан соң осы аудиторияда қазақ әдебиеттану ғылымының марғасқалары Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллиннің дәрісін тыңдап сөз өнері ғылымының терең де сан-салалы негіздеріне ден қойдық.
Зекеңдей жақсы ұстаздың алдын көріп, оның жақсы шәкірті болу мәртебесіне ие болған жалғыз мен емеспін, әрине. Әйтсе де, басқаларды қайдам, 148-аудиториядағы сол алғашқы дәріс менің ой-санамнан, жүрек төрінен күні бүгінге дейін өшпей келеді...
Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында Зекеңмен бірге Ақтөбе, Атырау облыстарына оқырмандармен кездесу іссапарында болудың сәті түскен еді. Қыркүйек айының шуағы мол күндері болатын...
Он күндей демалыс алып жолға шығар алдында бөлім басшымыз (Жоғарғы Кеңестегі) Зейнолла Серікқалиев ағам маған «Зекеңмен бірге бара жатсың, әр күнгі мезеттеріңді, ол кісінің айтатын әңгімелерін қойын блокнотыңа түртіп жүруді ұмытпа, керек болады» деді. Оның бұл тапсырмасы жадымда тұрса да, орындай алмадым, бірақ сол сапардың әр сәті қалт жібермей көңіл зердемде сақталып қалыпты.
Сол сапарға баспадан жаңадан жарық көрген «Ол дәурен бір көрген түс» атты прозалық кітабымның бірнеше данасын ала шыққанмын. Ал жолға шығар алдында, бірер күн бұрын Зекеңе қолтаңбаммен бір данасын ұсынғанмын, кітапты қолына алып тұрып ол: «Апырай, ә! Тақырыбының өзі өлең жолындай екен» деп маған ырзалық жүзбен алғысын сездіргендей шырай білдірді.
– Зеке, дәл айттыңыз, – дедім мен. – бұл Абай өлеңінің бір тіркесі еді, өзіңіз де біліп тұрсыз ғой...
– Иә, Абайдың әлгі «Ол дәурен өмір емес, бір көрген түс» деп жазғаны бар еді ғой. Сенің қаламың сол өлеңнің «өмір емес» деген әсірелеуін өзіңше алып тастап, «бір көрген түс» деп тұрсың ғой мұнда, солай ма. Әдемі шыққан. Абай атаңның рухы қолдасын, сәтті тапқансың, Мәдижан!..
Осы мезет сол 148-аудиториядағы оның алғашқы дәрісіндегі ұлы Абайға қатысты толғамы тағы да ой-жадымда жаңғырып кеткендей болды.
Ақтөбеде, Қ.Жұбанов университетінде болған кездесуде Зекең:
– Менің жақсы шәкіртім, өздеріңнің жерлестеріңіз Мәди мені атамекенімен таныстыру мақсатында әрі жолбасшы болуымды қалағасын енді, міне, мынау үлкен шаңырақта сіз бар, біз бар, бәріміз дидарласып тұрмыз, – деп сәл тоқталды да, сөзін одан әрі жалғастырды. – «Түйе қартайса, ботасына ереді» деген сөз бар ғой, әйтсе де мен өзімді ол санатқа қоса алмаспын деп тұрмын қазір. Менен дәріс алған шәкірттерімнің көпшілігі елімізге, әдебиетте танымал қаламгер тұлғаға айналды. «Өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған» ұстазбын деп санайтын мені мына отырған шәкіртіме деген мақтаныш сезімі жетелеп әкелді сіздердің алдарыңызға...
Зекеңнен осы сапардың барысында өзінің ұлы ұстазы Әуезов туралы көп әңгіме естідім, бұл ол кісінің «Менің Әуезовым» роман-эссесінің жазылған алғашқы тараулары ұмытпасам, «Жалын» альманағында жарияланып, бірақ әлі толық аяқтамаған кезі еді.
– Ұлы қаламгерлердің тағдырында олардың жарық дүниеден өтер қасқағымында айтқан соңғы сөздері туралы жайттар әр кез жазылып жүреді. Мәселен, Пушкиннің, Толстойдың аузына ең соңғы рет қандай сөз түскен деген сияқты... Дуэльден соң ауыр жараланған Пушкин Мойкадағы үйінде, кабинетінде есі кіресілі-шығасылы жатып қабырғадағы кітап сөресіне көзін салған күйі «...мои книги» деп жантәсілім етсе, Мәскеуде, Кунцево ауруханасында ота жасалып жатқан кезде наркоздың күші кетіп есін жиып алған ұлы Мұхаңның өмірі: «Что вы делаете со мной?..» деген сөзбен аяқталыпты. Мәскеуден қаралы хабарды Жазушылар одағына, бізге жеткізген кезде мұны Димаш Ахметұлы Қонаев айтқан еді.
Сөзді қасиеттеген ұлылардың үзілер кезінде соңғы рет оқыстан айтқандары, міне, осындай болғандығы да олардың тағдырының, тарихының шындығы...
Атырауға барар жолдың үстінде Зекең өзі туған, өсіп-өнген өңірдің кең көсілген жазығына, шағылды құмдары мен оқтын-оқтын ұшырасатын сортаңды ойпаңдарына көз салып, ой толғанысында отырды. Әкесі Қабдолдың мұнайшы кәсіпшілігімен айналысқан, мектеп бітіргеннен кейін өзінің де еңбек жолы басталған Доссорда біршама аял жасадық. Зекең топырағы осы жерден бұйырған әкесінің басына барып зиярат жасады. Қазақ прозасына дәуірлік жаңа тыныс әкелген «Ұшқын», «Жалын» романдарына арқау болған өмірдің бір белес бейнесі суреттелген ыстық мекен оны жан-дүниелік тебіреніске түсіргені анық еді.
Біздің Атырауға келгенімізден хабардар болған студенттік шақтардан бергі дос Лұқпан Сисекенов Құлсарыдан арнайы келіп, Халел Досмұхамедов университетіндегі шығармашылық кездесуіме қатысқан еді. Үлкен мәжіліс залының төрінен маған құттықтауын жолдап болғасын, ол:
– Ардақты Зеке, Алматыға бірер жыл бұрын жол түскенде Мереке Құлкенов ініміз екеуміз аздап сырқаттанып Совминнің емханасында жатқан өзіңізге барып сәлемдескен едім ғой, есіңізде болса? Сол күні жазылған өлеңім еді, рұқсат болса, оқып берейін, аға, – деп арнау өлеңін оқыды. Оның бұл «Бір тал жусан» өлеңі Зекеңе арналған болатын:
«Әрбір сөзі жыр болып, әлдилеген халықты. Академик Қабдолов сырқаттанып қалыпты. Мереке інім жол бастап, көңіл сұрай барғанда. Ұлы ұстазым жаны асқақ, Ұқсап кетті Абайға! Қарсы алдымда әулием, кестелеген сөзден зер. Мен алдында бас ием, өз ұлың ғой өскен ел. Не сыйласам данаға, жарасар – деп, қысылдым. Жылойдан – деп, жан аға, бір тал жусан ұсындым. Жарқ етіп нұр жанары, сәуле шашқан таңымдай, қуанып бір қарады, көңіл оты жалындай. Исін-ай! – деп, әкелген, жұпарын кең даламның. Ой әлемін көтерген, сырын ұқтым дананың.Тапқандай боп бір емін, Алыптың нар жанына. Тулағаны-ай жүрегім, Шапағатқа малына. Әрбір ізі гүл болып, әрбір сөзі жыр болып, үні болған халқымның, мәңгі жасар Қабдолов!»
– Иә, есімдесің! Бірақ сенің ақын екендігіңді білмедім ғой! – Зекең мейірім нұры толған жүзбен ақын інісіне ағалық ізетін білдірді. – Сол жусаныңның киелі де қасиетті исі аңқып тұрғанын сезіндім мына өлеңінен, айналайын, Лұқпанжан!..
Сөз өнерін қасиеттей білген Қабдоловтай тұлғаның бір тал дала жусанының жұпарына мейірленген адами болмысын бейнелеген ақын достың жүректен құйылып түскен мөлтек өлеңі маған да мақтаныш сезімін сыйлағандай болды осы бір сәттерде...
Осы сапардан оралған соң Зекең ұлы ұстазы туралы өмірнамалық романын біржола тиянақтау жұмысын қолға алды. Билік тарапынан Әуезовтің 100 жылдығына орай шығарма толықтай жазылып, кітап болып шығуға тиіс деген міндет қойылды. Осы мақсатпен Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағанбетов Зекеңе жарты жылға «Алматы» шипажайының вип-ғимаратынан люкс-бөлме бергізіп, жазумен алаңсыз айналысуына барынша жағдай жасады.
Үшінші қабаттағы үш бөлмелі заңғардай люкстің бір бөлмесі жазу кабинеті. Алайда университет пен академияда өзіне тіреліп тұрған күнбе-күнгі қыруар ғылыми кеңестер мен аспиранттар мен докторанттарға жетекшілік етудің толассыз шаруалары оған шипажай бөлмесінде үнемі тапжылмай отыруға мүмкіндік бермеген сияқты. Осы жағдайлардың жай-жапсарын білгесін, ол кісімен бұрынғыдай жиі хабарласып мазасын алуға батылым жетпей жүрген едім, бір күні Зекеңнің өзі телефон соқты.
– Өткендегі соискатель болу мәселесі туралы ойландың ба? – деді аман-саулық сұрасқаннан соң.
– Ойланып жүрмін ғой, Зеке!..
– Өзің ұзақ ойланады екенсің, шырағым. Зерттеу тақырыбың жөнінде ақылдасайық, қалт еткеніңде келіп кетерсің...
– Жұмыс істеп жатсыз, сізді алаңдатқаным қалай болар екен?..
– Сенің бір алаңдатқаныңнан жұмыс тоқтап қалмас, телефон көтермеймін, хабарласпай келе бер, – деді де, тұтқаны қоя салды.
Маған бұған дейін де Зекең әрдек-әрдекте университеттің ғылыми кеңесіне кандидаттық зерттеу жұмысымен айналысу үшін тақырып бекіту туралы өтініш берсеңші, өзім жетекші боламын дегендей қамқоршылық ниетін білдіріп жүрген болатын. Мемлекеттік қызметте жүрген маған инемен құдық қазғандай болатын ғылыми зерттеумен айналысудың еш қисыны жоқтай көрініп екіұдай ойда жүргенмін. Зекең осыны, мінеки, тағы да еске салып тұр...
Зекеңмен сөйлескеннен кейін көп ұзамай сәті түскен бір күні түс әлетінде жұбайым Роза және елге барғанда жолсапарымызға демеуші әрі сапарлас болған әлеуетті бизнесші Базаркелді Ертуған досымыз үшеуіміз сәлем-сауқатымызды: семіз жылқының қазы-қарта, жал-жаясын, нығарлап, қымыз, шұбат сияқты сусындарды бөлек себетке салып шипажайға бардық. Телефон шалмай-ақ келе бер дегесін алдын ала хабарласпағанмын, негізгі корпусқа жалғастыра салынған әдемі ғимараттың үшінші қабатына көтеріліп, Зекең орналасқан бөлменің есігін қақсақ, жым-жырт. Төменде кіреберісте отырған кезекші ол кісінің таңертеңгісін қалаға кеткенін, қашан оралатынын білмейтінін айтқасын, бөлмесін аштырып, әкелген дәмді тоңазытқышына қойып кеттік. Кездесіп әңгімелесудің сәті түспеді, өзі айтқандай, тағы да университеттегі әлдеқандай бір оны-мұны қауырт жұмыстары байыз таптырмаған шығар деп ойладым. Басқа-басқа күн, жексенбіде енді ешқайда кетпесіне кәміл сеніп, сол күні тағы келдік, есікті ашқан Зекең Базаркелді екеумізді аржайы шыраймен күлімсірей қарсы алды.
– Бәсе, әлдекімдер емес, сендердің келгендеріңді сезіп едім-ау! Кәні, төрлетіңіздер!..
– Рақмет, Зеке!
Жазу үстеліндегі орталай жазылған, мәтіні әр-әржерден сызылған парақшаға, шетінде жатқан қаламға көзімнің түскенін байқаған Зекең:
– Жазудың тәтті азап-мехнатына түсудің сәттері осы күндерде ғана еді, ойда піскенді игеруге қаламы түспегір кібіртіктеп қалады кей-кейде, – деді қас-қабағы сәл кірбің тартқандай раймен. – Әуезов әйелдеріне келіп жеткен тұста қайсын қалай, қайтіп мәнерлі орайластырамын деумен мүдірістеп жатқан жәй бар. Жә-ә, жазу-сызудың бұл мәселесіне неғыламыз бас қатырып, жақсылап шәй ішелік...
Әуезов әлемінің шетсіз де шексіз, сан тарапты кемел кеңістігіне ой болмысын шарлатып, өзінің шығармашылық тәтті азабының тұңғиығына армансыз батқан суреткер Қабдоловтың осы бір мезеттердегі ғажайып тіршілігінің шырқын бұзғандай халде болғанымыз анық еді. Біз, әрине, мұны сездірмеуге тырыстық, Зекеңнің сезімтал жан-дүниесі мұны сезбеуге тырысты...
Зекеңді ұлы ұстазы Әуезов өмірінің тағдырлы тылсымымен бетпе-бет, оңаша қалдыруға асықтық, пенделік әңгімемен оның шалқар шабытының шырқын бұзғымыз келмеді, алтын уақытын аядық та әлденедей сылтау, себептерді алға тартып, көп отырмай қош-есендесіп, шығып кеттік.
Бұдан соң әр жылдары келіп демалған кездерімде «Алматы» шипажайының осы люкс вип-ғимаратын көріп, ұлы ұстазым Зейнолла Қабдоловты сағынышты да толғанысты әсермен есіме аламын. Шығармашылық сағаттарының ара-арасында Зекеңнің шипажай тоғайының арасында қыдырыстап демалатын сәттері аз болған жоқ, ұстазыммен дидарласып әңгімелескен сол мезеттерім әлі жадымда тұр.
Әлемге әйгілі Әуезові туралы роман-эссесінің соңғы тарауларын Зекең осы ғимаратта жарты жыл бойы жазып, ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына қосқанына да, міне, отыз жылдай уақыт болыпты.
...Әр кез шипажайдағы тып-тыныш мүлгіген тоғайдың ішін аралап жүріп, осы ғимараттың қасына әлденеше рет барамын. Барған сайын Зейнолла ағаның ұлы рухына тәу еткендей көңіл күйді бастан кешірем.
Не ғажап екенін білмеймін, Зекеңді ойға алған сәттерімде күні бүгінге дейін сол 148-аудитория, Қабдолов аудиториясы көз алдыма келе береді...
Мәди АЙЫМБЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері