• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер 30 Қаңтар, 2026

Әз-Жәнібектің дирхамы

30 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында жүзге жуық көне тиын сақталған. Олардың ішіндегі ең ежелгісі Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Тоқты ханның (1291–1312) тұсында, яғни хижраның 710 жылында Сарай әл-Махруса шаһарында соғылған екен.

Бұл монеталардың көп­ші­лігі археоло­гия­лық қаз­ба кезінде Батыс Қазақ­стан облы­сындағы Мұқыр обаларынан табыл­ған. Арасында Жалпақтал, Жайық қа­лашықтарынан табылғаны да кездеседі.

– Алтын Орда кезеңіне жататын мұндай тиындар әр билеушінің кезінде соғылып, сауда-айырбас құралы ретінде жүрген. Тиындардың 90 па­йызы күмістен соғылады. Мамандар тек Хорезмде ғана алтын динар қолданыста болғанын айтады. Алтын тиын – динар, күміс тиын – дирхам, ал мыс тиындар – пұл деп аталған. Біздің қорымызда Сарай, Сарай әл-Махруса, Сарай әл-Жәдид, Хорезм, Гүлстан, Орда шаһарларында соғылған монеталар бар, дейді музей қызметкері, шығыстанушы ғалым Орынбасар Ахметқали.

Бір қызығы, бұл монеталардың формасы да, салмағы да әртүрлі. Сыртқы тұрқы кейде шеңбер, кейде төртбұрышты, кейде 8 доға­лы гүл тәрізді. Тоқты ханның тиын­да­рында оның есімі араб жазуымен емес, ескі ұйғыр жазуымен таңба­ланыпты.

Халқымыз Әз-Жәнібек деп әспет­тейтін билеушінің тұсында соғылған мына тиынға қысқаша тоқталайық:

Хижраның 751 жылы, біздің жыл санауымыз бойынша 1350 жылы Сарай әл-Жәдидте, яғни Жаңа Сарайда соғылған. Диаметрі 15 мм күміс дирхамның салмағы 1 грамнан сәл ғана асады. Моне­таның бір жағында араб жазуы­мен «Әділ сұлтан Жәнібек хан, 751» деген жазу, екінші жағында: «Соғылды Сарай әл-Жәдидте, жыл» деп жазылған екен.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар