Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Отанымыз жөнінде: «Отан деген ұғым біздер үшін айқын ақиқат. Отан – өзің туған қала, өзің өскен ауыл, өзің оқыған мектеп, қысқасы – өзіңді өмір азаматы болып қалыптастыруға әсер еткен орта. Ендеше, солар жайлы білу ауадай қажет нәрсе», – деп айтқан екен.
Көзіқарақты жан бір сәт зер сала қарайтын болса, ұлы суреткердің осы айтқандарында үлкен мән-мағына жатқанына көз жеткізетіні анық. Өйткені, ел тарихын білетін, дүние-танымы кең, туған өлкесінің мәдени-тарихи құндылығын ерекше құрметтейтін азаматтар қалыптастыру кешегі күннің де, бүгінгі күннің де басты талабы болды, бола да бермек. Екіншіден, егемендігімізді алғанға дейін қазақ халқының тарихы тұмшаланып әрі бұрмаланып келді. Енді тарихымыздың ақиқатын аршып, оны келешек ұрпаққа жеткізу аса маңызды мәселенің бірі болып отыр.
Әр адам өзінің туып-өскен жерінің, тұрып жатқан өңір-аймағының тарихын білгені жөн, ол ешқашан артық болмайды. Бұл мәселеде білім мекемелерінің, оның ішінде мектептің орны бөлек. Осыған байланысты Үлкендиқан орта мектебінің басшылығы мектепте «Өлкетану» курсын ашқан еді. Ондағы мақсат – оқушыларды өлке тарихына қатысты деректер жинауға тарту, зерттеу жұмыстарын жүргізу және осындай іс-шаралар арқылы олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, бойларына патриоттық сезім рухын сіңіру болатын.
Бүгінде мектебімізде «Өлкетану» курсының жұмысы жүйелі түрде жолға қойылған. Оған оқушылармен қатар, мұғалімдер де қатысады. Жинақталған құжаттар мен түрлі деректер де аз емес. Оларды оқушылар ретіне қарай тарих пәні сабақтарында пайдаланып та жүр. Біз жақында «Өлкетану» курсының бір тақырыбы ретінде Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен және тылда еңбек еткен аталарымыз бен әжелеріміздің еңбек жолы, өмір жолы жөнінде мәліметтер жинауды қолға алдық. Ауылымыздан 120-дан астам азамат сұрапыл соғысқа аттанған екен. Солардың басым көпшілігі туған жеріне оралмаған. Бұл іс-шара Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып отыр.
Осы тақырып бойынша «Өлкетану» курсының бір сабағы майданда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен соғыс ардагерлері Заманбек Батталханов, Мөрдін Тайыпов және Әубәкір Сабировке арналды. Сабақ барысында олардың майдан даласындағы ерліктерінен мәліметтер мен деректер келтірілді. Жауынгерлік наградаларының берілу тарихы құжаттар негізінде баяндалды. Алдағы уақытта осындай тағы бір сабақты тылда жұмыс істеп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан аналарымыз бен әжелерімізге арнауды жоспарлап отырмыз.
Жалпы, тарих пәнін оқытуда туған өлке жөніндегі тарихи деректерді тиімді пайдаланудың оқушыға берері мол. Өйткені, оқушылар әр тақырыпқа байланысты материалдарды пайдалана отырып, ойлау арқылы, зерделеу арқылы шығармашылықпен жұмыс істеуге дағдыланады.
Елеусіз ҚҰЛАНБАЕВ,
Үлкендиқан орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі.
Алматы облысы,
Ұйғыр ауданы.