• RUB:
    6.14
  • USD:
    480.72
  • EUR:
    548.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:55

Байланыс беки түседі

Премьер-министр Олжас Бектенов елімізге ресми сапармен келген Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездесу өткізді. Онда сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға назар аударылды.

«Сіздің ресми сапарыңыз екі ел арасындағы саяси диалогтің, өзара сенім мен берік әріптестіктің жоғары деңгейін айғақтай отырып, Қазақстан–Грузия қатынастарының серпінді дамуын көрсетеді. Кеше Сіз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен мазмұнды келіссөздер жүргіздіңіз. Қазақстан Грузияны Оңтүстік Кавказдағы, Қара теңіз аймағындағы сенімді дос әрі маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Қазақстан Үкіметі Грузия Үкіметімен диалог пен практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе еліміз Грузия үшін негізгі серіктес саналатынын айтып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.

«Елдерімізді тарихи тұрғыдан достық қарым-қатынастар байланыстырады. Бұл – саяси және экономикалық байланыстарды нығайтудың берік негізі. Қазақстан Грузия үшін өте маңызды серіктес және біздің қарым-қатынасымыз біз үшін ерекше маңызға ие. Екі ел арасында стратегиялық серіктестік орнағанына қуаныштымыз. Біз Қазақстандағы жаңғырту үдерістерін мұқият бақылап отырмыз және барлық бағытта екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түсетініне сенімдіміз», деді Ираклий Кобахидзе.

Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды дамыту мақсатында тараптар экономиканың басым салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі шараларды талқылады. Технологиялық әріптестікті талқылау барысында жасанды интеллект саласындағы жобаларға ерекше назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысында қос ел үкіметтерінің стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және барлық келешегі зор бағыттарда практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге әзірлігі расталды.

Айта кетейік, былтыр екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 184,5 млн долларды құраса, биылғы қаңтар-сәуір айларында – 53 млн долларға жетті. Бүгінде отандық нарықта грузин тарапының қатысуымен 600-ден астам компания жұмыс істеп тұр. 14 ұйым «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген.

Соңғы жаңалықтар