• RUB:
    6.14
  • USD:
    467.41
  • EUR:
    533.88
Басты сайтқа өту

Мұнайдан кейінгі экономика: Қазақстан жаңа бағытқа бет алды

2026 жылдың алғашқы бес айы Қазақстан экономикасының құрылымы қаншалықты өзгеріп жатқанын бағалауға мүмкіндік беретін маңызды кезеңдердің біріне айналып отыр. Алғаш қарағанда, ЖІӨ-нің 3,7%-ға өсуі бұрынғы мұнай циклдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш болып көрінбеуі мүмкін. Себебі бұрын экономика негізінен шикізат секторының есебінен әлдеқайда қарқынды өсетін. Алайда қазіргі жағдайдың ерекшелігі мүлде басқа, деп жазады Egemen.kz

Ұзақ уақыттан бері алғаш рет Қазақстан мұнай секторының баяу даму жағдайында да салыстырмалы түрде тұрақты экономикалық өсім көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметінше, қаңтар–мамыр айларының қорытындысында өнеркәсіп оң динамикаға шығып, нақты көлем индексі 102,5%-ды құрады. Жыл басында жалпы көрсеткіштерге мұнай өндірудің қысқаруы кері әсер еткенімен, бүгінде экономиканың жаңа өсім көздеріне сүйене бастағаны байқалады.

Экономиканың қалпына келуіне негізгі үлесті өңдеу өнеркәсібі қосты. Бұл саладағы өндіріс көлемі 9%-ға артты. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің елдегі жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 46,5%-ға жетті. Бұл Қазақстан экономикасы үшін сапалық тұрғыдан жаңа көрсеткіш.

Көптеген жылдар бойы өңдеу өнеркәсібі жабдық импортына тәуелділік, ішкі нарықтың тарлығы, логистиканың қымбаттығы және өндірістік базаның әлсіздігі салдарынан ең осал салалардың бірі болып келді. Қазір бұл жағдай біртіндеп өзгеріп жатыр.

Осы өзгерістерді инвестициялық белсенділік те растайды. Қаңтар-мамыр айларында өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 29,2%-ға өсіп, алғаш рет тау-кен секторына бағытталған инвестиция көлемінен асты. Өңдеу саласына 1,1 трлн теңге, ал өндіруші секторға 1,0 трлн теңге инвестиция салынды.

Бұл динамика Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан экономиканы құрылымдық жаңғырту саясатының нәтижесін көрсетеді. Президенттің басты басымдықтарының бірі – жоғары қосылған құн қалыптастыратын және жаңа өндірістік тізбектерді дамытатын салаларға капиталды көбірек бағыттау. Сондықтан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция көлемінің өндіруші сектордан асып түсуі жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, экономиканың өзгеріп жатқанын білдіретін маңызды белгі.

Халықаралық БАҚ: Жаһандық экономикалық өсім баяулап жатқан кезде Қазақстан орнықты дамуды сақтап отыр

Өсімнің қарқыны ғана емес, оның құрылымы да ерекше назар аударады. Экономиканың түрлі салаларында бір мезгілде өсім байқалуда. Бұл жекелеген жобалардың немесе уақытша бюджеттік қолдаудың нәтижесі емес, елдегі өндірістік циклдің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Ең жоғары өсім машина жасау саласында тіркелді. Бұл сектор 22,2%-ға ұлғайды. Өсім көлік құралдарын, теміржол техникасын, ауыл шаруашылығы машиналарын, электр жабдықтары мен электр тауарларын өндіру көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Машина жасау экономиканың ұзақ мерзімді дамуы үшін аса маңызды сала. Біріншіден, ол металлургиядан бастап химия өнеркәсібі, қосалқы бөлшектер өндірісі, логистика және сервистік қызмет көрсетуге дейінгі ұзын өндірістік тізбекті қалыптастырады. Екіншіден, бұл саланың дамуы ел ішіндегі инвестициялық белсенділікпен тікелей байланысты. Экономика техника мен жабдықтарды көбірек сатып ала бастағанда, бұл инфрақұрылымдық, өндірістік және аграрлық жобалардың кеңейіп жатқанын білдіреді.

Автомобиль жасау да өсімнің маңызды драйверіне айналды. Бес айдың қорытындысында жеңіл және жүк көліктерінің өндірісі 31,1%-ға, ал машиналар мен жабдықтарды жөндеу және монтаждау қызметтері 35,4%-ға өсті.

Осылайша Қазақстан жоғары деңгейде өңделген өнімге деген ішкі өндірістік сұранысты қалыптастыра бастады. Бұл бұрын мұндай өнімдердің басым бөлігі сырттан импортталатын модельден түбегейлі ерекшеленеді.

І тоқсандағы экономикалық өсімді өңдеу, құрылыс, көлік және сауда салалары қамтамасыз етті

Сонымен бірге саланың әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ. Көлік дәліздерінің дамуы, теміржол инфрақұрылымының кеңеюі, аграрлық секторды жаңғырту және логистика саласының өсуі отандық машина жасау өнімдеріне деген сұранысты әрі қарай қолдайтын болады. Бұған қоса, Орталық Азия мен ЕАЭО елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның тереңдеуі де қосымша серпін беруі мүмкін.

Құрылыс материалдары өндірісіндегі жағдай да назар аудартады. Қаңтар-мамыр айларында өзге бейметалл минералдық өнімдердің өндірісі 18,7%-ға өсті. Бұл құрылыс секторы тарапынан жоғары сұраныстың сақталып отырғанын көрсетеді. Кәсіпорындар инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылысына қажетті өнім көлемін ұлғайтуда. Атап айтқанда, есік пен терезе өндірісі – 22,3%, минералды мақта – 20%, бетон конструкциялары – 19,6%, портландцемент – 16,1%, кірпіш өндірісі – 15,7% артты.

Өңдеу өнеркәсібінің ең тұрақты бағыттарының бірі - тамақ өнеркәсібі. Қаңтар-мамыр айларында бұл саладағы өндіріс 14,3% өсті. Бұған дайын мал азығы өндірісінің 38,9%, өсімдік және жануар майларының 22,6%, ет өнімдерінің 20,8% артуы ықпал етті.

Экспортқа бағытталған көптеген салалардан айырмашылығы, тамақ өнеркәсібінің дамуы негізінен ішкі сұранысқа сүйенеді. Сондықтан ол сыртқы экономикалық белгісіздік кезеңдерінде тұрақтылықтың маңызды факторына айналып отыр. Айрықша назар аударатын жайт, дәл осы салаларға инвестициялар қарқынды бағытталуда. Қаңтар-мамыр айларында: тамақ өнеркәсібіне салынған инвестициялар – 173,1%, құрылыс материалдары өндірісіне – 172,9%, химия өнеркәсібіне – 51,4% өсті.

Олжас Бектенов: «Самұрық-Қазына» қоры барлық күш-жігерін Президенттің экономикалық өсім бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыруға жұмылдыруы керек

Ұзақ жылдар бойы Қазақстан негізінен шикізат экспорттап, терең өңделген өнімдерді қайтадан импорттауға мәжбүр болды. Қазір бұл модель біртіндеп өзгеріп келеді. Әңгіме тек импортты алмастыру туралы ғана емес.

Өндірістік базаның кеңеюі Қазақстанға шикізаттық емес экспортты, ең алдымен Орталық Азия, ЕАЭО елдері мен Орта дәліз бойындағы нарықтарға жеткізуді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе азық-түлік, химия өнімдері, құрылыс материалдары, металл өнімдері және машина жасау өнімдерінің жекелеген түрлеріне қатысты.

Сондықтан қазіргі өсімнің құрылымы ЖІӨ көрсеткішінің өзінен де маңыздырақ. Экономика құрылыс, логистика, өнеркәсіп, өңдеу өндірісі және инвестициялық цикл арқылы ішкі өсім көздерін қалыптастыра бастады.

Осы тұрғыдан алғанда, мұнай секторындағы баяу өсімге қарамастан, экономиканың оң динамикасын сақтап қалуы ерекше назар аудартады. Бірнеше жыл бұрын мұндай жағдайды елестету қиын болатын. Бүгінде мұнай өндіру көлемінің төмендеуі бүкіл өнеркәсіптің автоматты түрде баяулауына әкелмейді, өйткені өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және ішкі инвестициялық сұраныстың үлесі артып келеді.

Әрине, Қазақстанның мұнайға толық тәуелсіздігі туралы айту әлі ерте. Мұнай секторы экспорттық түсімнің, валюта ағынының және бюджет кірістерінің негізгі көзі болып қала береді.

Дегенмен экономикалық модельдің логикасы түбегейлі өзгеруде: мұнай өндірудің төмендеуі енді бүкіл экономиканың тоқырауына автоматты түрде алып келмейді.

Бұл, бәлкім, 2026 жылдың алғашқы бес айындағы ең маңызды құрылымдық нәтиже. Қазақстанның экономикалық өсімі енді тек шикізат экспортына ғана емес, өнеркәсіптің, инвестициялардың және шикізаттық емес секторлардың әлеуетіне де сүйене бастады. Мұның барлығы экономиканы әртараптандыру саясатының стратегиялық құжаттарда ғана емес, нақты экономикалық көрсеткіштерде де көрініс таба бастағанын аңғартады.

Соңғы жаңалықтар