XXI ғасырда энергия қауіпсіздігі мемлекеттердің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін, технологиялық тәуелсіздігін және ұлттық қауіпсіздігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды. Сондықтан әлемнің көптеген елдері энергетикалық саясаттарын қайта қарап, ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ететін шешімдерге басымдық бере бастады, деп жазады Egemen.kz
Осы орайда көптеген елдер атом энергетикасын дамыту бағдарламаларын қарастыруда, жоспарлауда немесе жүзеге асыруды бастауда. Мысалы, Польша, Сауд Арабиясы, Кувейт, Қатар, Иордания, Индонезия және басқа да елдер ұлттық атом энергетикасы бағдарламаларын әзірлеу сатысында, ал Түркия, Египет сияқты елдер өздерінің алғашқы атом электр станцияларын (АЭС) салуға кірісіп те кетті.
Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалып отырған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергиясына қажеттілікті жабуды, оның ішінде атом энергетикасын дамытуды еліміздің орнықты дамуының басты басымдықтарының бірі ретінде бірнеше рет атап өтті. Себебі электр энергиясына деген ішкі сұраныс жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Өнеркәсіптің дамуы, цифрландыру, жаңа өндірістердің іске қосылуы, көлік инфрақұрылымының кеңеюі және халық санының артуы энергия тұтыну көлемін ұлғайтып отыр. Демек, бүгін қабылданатын шешімдер еліміздің алдағы бірнеше онжылдықтағы экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін болады.
Осы тұрғыдан алғанда, отандық атом индустриясын дамыту мәселесінің өзектілігі арта түседі. Алайда атом индустриясы ұғымын тек АЭС құрылысы аясында қарастыру жеткіліксіз. Шын мәнінде, сөз ғылымды, өндірісті, инженерлік әлеуетті және жоғары технологияларды біріктіретін толыққанды атом саласын қалыптастыру жөнінде болып отыр. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, ұлттық экономиканың құрылымын сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық қадам.
Қазақстан бұл қадамға кездейсоқ келіп отырған жоқ. Еліміз әлемдегі табиғи уран қоры мол мемлекеттердің бірі болып табылады және ұзақ жылдар бойы уран өндіру бойынша жаһандық көшбасшылар қатарында тұр. Сонымен қатар Қазақстанда ядролық физика, радиациялық қауіпсіздік, материалтану және ядролық технологиялар бағытында қалыптасқан ғылыми мектеп бар. Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық физика институтының, ядролық отын құрамдастарын өндіретін кәсіпорындардың және салалық ұйымдардың көпжылдық тәжірибесі еліміздің бұл саладағы әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Яғни Қазақстан атом саласын нөлден бастап қалыптастырып отырған мемлекет емес, керісінше жинақталған тәжірибесін жаңа индустриялық кезеңге көтеруге дайын ел.
Мысалы, 1973 жылдан 1999 жыл аралығында Ақтау қаласында әлемдегі алғашқы жылдам нейтрондар реакторы БН-350 сәтті жұмыс істеді, ол электр энергиясын және жылуды өндірумен қатар, теңіз суын тұщыландырып, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге де мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігі бойынша 2018 – 2019 жылдары аяқталған бірқатар зерттеулерге сәйкес әлеуетті аудандар, реакторлық технологиялардың түрлері және АЭС қуатының нысаналы параметрлері айқындалды. Алынған деректерді халықаралық техникалық консультант – жапондық «The Japan Atomic Power Company» / «Marubeni Utility Services, Ltd» консорциумы растады.
Қазақстанның атом энергетикалық бағдарламасын дамытуға дайындығының жоғары деңгейі МАГАТЭ-нің халықаралық сарапшылары тарапынан да расталып отыр.
Бүгінде әлемде атом саласы технологиялар трансферін қамтамасыз ететін, инженерлік мектептердің дамуына серпін беретін, ғылыми зерттеулерді ілгерілететін және жоғары қосылған құны бар өндірістердің қалыптасуына ықпал ететін мультипликативтік сектор ретінде қарастырылады.
Халықаралық зерттеулерге сәйкес атом энергетикасындағы бір жұмыс орны экономиканың сабақтас секторларында онға дейін жұмыс орнын ашады. Сондай-ақ, бір ғана АЭС құрылысының өзіне шамамен 10 мыңға жуық адам тікелей ат салысып, оны пайдалану кезеңінде 2 мыңға тарта адам жұмыспен қамтылатын болады.
Қазақстан үшін де атом саласының стратегиялық маңызы дәл осы тұрғыдан бағалануға тиіс. Бұл тек энергия тапшылығын еңсерудің немесе генерациялау қуаттарын арттырудың тетігі емес. Бұл – экономиканы әртараптандыруға, ғылым мен білімнің дамуына, жоғары технологиялық өндірістердің қалыптасуына және адами капиталдың сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа даму бағыты.
Айбек Қабылдин, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры