Мемлекетіміздің тәуелсіздігінің бір нышаны – мемлекеттік тіл. Қоғам дамыған сайын қазақ тілінің өміршеңдігі мен қажеттілігін арттыру мәселесі күшейіп келеді. Әлемнің дамыған елдері технологиялық прогрестің нәтижесінде өз тілдерін халықаралық деңгейде сұранысқа ие тілдерге айналдырды. Өз мемлекетінде өзге тілдердің көлеңкесінде қалып қоймауы үшін қазақ тілі де жан-жақты дамуы тиіс.
Осы мәселелерге байланысты жақында Парламент Мәжілісінде “Жаңа Қазақстан” депутаттық тобының кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде Қазақстанда бүгінгі таңдағы ақпараттық технологияларға және күнделікті өмірде қолданылатын жоғары технологиялық өнімдерге қазақ тілін енгізу мәселесі қаралды. Сонымен бірге, қазақ тілін үйретудегі компьютерлік бағдарламаларды жетілдіру, қазақ тілді ІT-мамандарды дайындау, ұялы байланыс қызметіндегі қазақ тілін қолданудың жай-күйі талқыланды.
Отырысты ашқан депутаттық топтың жетекшісі Қ.Сәдуақасов қазақ тілін жоғары ақпараттық технологиялар саласына енгізудің өзекті мәселелеріне тоқтады. Халық тұтынатын өнімдерде жоғары технологиялық бұйымдардың көлемі күннен-күнге артып келеді. Ұялы байланыс құралдарының түрлері уақыт өткен сайын жаңарып, технологиялық тұрғыдан күрделену үстінде. Жоғары технологияның көмегімен халыққа қызмет көрсетуге мемлекет тарапынан қолдау жасалуда. Электрондық үкімет соның бір көрінісі. Қазақ ұлты заман көшінен қалып қоймауы үшін осы салаларда қазақ тілі кеңінен қолданыс табуы тиіс, деді ол.
“Бізге бұл жөнінде бүгіннен емес, ертеден бері ойлану керек еді. Өйткені, болашақта біздің өміріміздің барлығы осы электрондық құралдар арқылы дамитын болады. Біздің байланысымыз, өзара қарым-қатынасымыз, тұрмыстағы қолданылатын құралдардың бәрі қазір жоғары технологиялық өнімдер. Оның барлығына қазақ тілін енгізу қажет, қазірден бастап қазақ тілін сол өнім түрлеріне енгізуге бірлесіп, бүкіл қоғам болып күш салуымыз керек. Ертеңгі тұрмысымызды сол электрондық бұйымдарсыз, электрондық құралдарсыз елестету мүмкін емес. Ендеше, біз бүгіннен бастап осы бағытта ширығып жұмыс істеуге тиіспіз. Қазір мен сіздерді осы мәселелерді бірлесіп талқылауға шақырғым келеді”, деп түйіндеді өз сөзін Қ.Сәдуақасов.
Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Қ.Әбсаттаров аталған сала бойынша министрлік тарапынан атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтып өтті. Мемлекеттік тіл мәселесі бойынша министрлікте жоспарлар бекітіліп жатқанын, терминологиялық комиссия құрылып жатқандығын баяндады. Ұялы байланыс саласында қазақ тілінің жай-күйі жөнінде Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы Р.Нұршабеков жан-жақты әңгімелеп берді.
Өз сөзінде Р.Нұршабеков комитеттің атқарып жатқан іс-шараларына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ұялы байланыс телефондарында қазақ тілін пайдалану үшін қазақ әріптерін транслитерация жасау қажет. Осыған байланысты комитет осы жылдың аяғына дейін екі мемлекеттік стандартты жасауды жоспарлаған. Бірінші стандарт – ұялы байланыс терминалдары, абоненттік бекеттер және телефондарға арналған техникалық талаптар. Екінші стандарт – телефондардың параметрлеріне қатысты және ол мемлекеттік тілді қолдануға байланысты техникалық талаптар.
“Бұл жұмысты біз бастап кеттік. Осы жылы аталған стандарттарды жасап іске асыратын боламыз. Өндірушілермен өткен жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бізде “LG” компаниясы бойынша үлгілі нәтижелер бар. Осындай келіссөзді “Nokіa” компаниясымен жүргіздік. Бүгінде олар тиісті аппараттарды дайындау үстінде. Аталған стандарттарды жоспар бойынша жылдың соңына қарай бекітеміз. Оларды енгізген соң Қазақстанда ұялы телефондарды сатушылар мен өндірушілердің еліміздің рыногына әкелетін құралдарына талап қоямыз”, деп нақтылады Р.Нұршабеков. Қ.Сәдуақасов министрліктің істеріне сәттілік тілей отырып, қажетті стандарттарды қабылдау жұмысын 2010 жылдың соңына қарай аяқтауды өтінді.
Жиында Еуразия ұлттық университетінің ІT-технология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы А.Шәріпбаев өз ойын ортаға салды. Оның ойынша, ең алдымен қазақ тілінің мәселесі шешімін табуы тиіс. Бүгінде басты мәселе – қазақ әріптерінің транслитерациялануы. Бұл көп қаржыны талап етеді. Ең дұрысы – латын әліпбиіне көше отырып, бұл мәселелерді түбегейлі шешу деп есептейді А.Шәріпбаев. Себебі, қазақ тілі ақпараттық технологиялар бағдарламаларына кірмейді, сондықтан да оны оқу қиынға соғады.
Бұл пікірмен Қ.Сәдуақасов келіспейтіндігін айтты. “Әлемде көптеген елдер өз тілдерін ақпараттық техникалық құралдарға енгізіп, жемісті пайдаланып отыр. Латын алфавитіне өту бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі емес, әрі саяси тұрғыдан болсын, экономикалық жағынан болсын әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан қоғамның бұл мәселеге байыппен қарағаны жөн. Бұл сұрақтың ақ-қарасын анықтау үшін әлі күнге үлкен пікірталастар жүріп жатыр. Сондықтан біз қазақ тілін бүгін қолдап, түрлі техникалық салаларда бүгінгі қазақ алфавитін қолданысқа терең енуіне жағдай жасауымыз керек. Қазақ тілі заманға сай, қоғамның даму прогресіне бейімделген тілге айналуы тиіс. Ғаламтордың ресурстарында, “Twіtter”, “Facebook” сияқты әлеуметтік желілерде қазақ тілі еркін қолданыста болуы керек”, деп депутат сөзін қорытындылады.
Сондай-ақ, отырыста Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары А.Ержанов, Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Б.Омаров ақпараттық технологиялардағы мемлекеттік тіл мәселесі бойынша өз ойларымен бөлісті.
Отырыстың нәтижесінде талқыланған мәселелерді шешу жолдары жоғары мемлекеттік деңгейде қаралуы тиістігі ұсынылып, нақты шешімдер қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.